Accessibility links

Ауғанстанда әйелдер саябағы салынып жатыр


Шеберган қаласының көшесінде жүрген ауған әйелдері. Тамыз 2013 жыл.
Шеберган қаласының көшесінде жүрген ауған әйелдері. Тамыз 2013 жыл.

Шеберган қаласында тек әйелдерге арналған саябақ салына бастады. Күзетшісі, хауызы, орындықтары және балаларға арналған алаңы бар саябақ серуенге сирек шығатын әйелдердің демалыс орнына айналмақ.

Ауғанстанның солтүстігіндегі Шеберган қаласының мұғалімі Шахла Мажрухтың сабағы түстен дейін аяқталса да, үйіне қайтуға асықпайды. Көңіл аулайтын басқа барар жері болмағандықтан, Мажрух мектепте тағы бір сағаттай қалып, әріптес әйелдермен әңгімелеседі.

ЖАҢА САЯБАҚ

- Жұмыс орным – достарыммен, әріптес мұғалімдермен кездесетін жалғыз жер. Үйдегі әйелдің іші пысады, бірақ Ауғанстан ауылдарында әйелді серуенге шығару, сырттан тамақтануға шақыру, көңіл сергітетін орындарға апару туралы түсінік жоқ , - дейді ол.

Басқа аймақтармен салыстырғанда тыныш саналатын Джаузджан провинциясының орталығы, 150 мың тұрғыны бар Шеберган қаласында әйелдерге қатысты бұл жағдай өзгеруі мүмкін. Жергілікті билік жақында әйелдерге арнап саябақ сала бастады. Онда бақша егіліп, шомылатын хауыз, балалар ойнайтын әткеншектер мен сырғанақтар орнатылмақ. АҚШ-тың Халықаралық даму жөніндегі агенттігі қаржыландыратын жоба осы жылдың соңына қарай аяқталады.

Шибирган қаласында саябақ салып жатқан құрылысшылар. Ауғанстан, 2013 жылдың тамызы.
Шибирган қаласында саябақ салып жатқан құрылысшылар. Ауғанстан, 2013 жылдың тамызы.
​Қала билігі саябаққа тек қана әйелдерге қызмет көрсететін дүкендер мен мейрамханалар да салатынын мәлімдеді. Ол нысандарда концерттер мен кездесулер, көрмелер өткізіліп, әйелдерге арналған қолөнер бұйымдары сатылмақ.

Джаузджан провинциясына «Талибан» қозғалысының айтарлықтай ықпалы жоқ. Сондықтан бұл аймақтың гендерлік саясатына ол қозғалыстың кесірін тигізуі екіталай. Елдің көп аймақтарын бақылайтын әскери топ көшеге шыққан әйелдерді жазалайды, қасында туысқан ер адамның болғанын талап етеді.

Билікте болған 5 жылда (1996-2001) «Талибан» әйелдер құқығын барынша шектеуге тырысты. Тіпті ондаған жыл бұрын салынған Кабул әйелдер саябағындағы «әйелдер» деген сөзді алып тастауды ұсынды. Дегенмен Шеберган билігі салынып жатқан саябақта әйелдер қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын жан-жақты ойластырып отыр. Саябақ Шеберганның орталығындағы бұрынғы парктің орнына, полиция басқармасы мен әкімшілік ғимаратының, қаланың бас мешітінің жанына салынады.

«КҮТУГЕ ШЫДАМ ЖЕТПЕЙ ЖҮР»

Қала әкімшілігі саябақтың екі бөліктен тұратынын айтады. Бір бөлігі жастардың демалуы мен спортпен айналысуына, екінші жағы тек әйелдердің демалысына арналады. Екі секция биік дуалмен бөлінеді. Оған қосымша, әйелдерге арналған секцияға күзетшілер қойылады, олар саябаққа ер адамдардың кіріп кетпеуін қадағалайды.

Джаузджан провинциясы халқының көпшілігі - этникалық түркімендер мен өзбектер. Бұл аймақта әйелдер мен қыздар соңғы жылдары біршама еркіндікке қол жеткізді. Мемлекеттік мекемелер мен мектеп, ауруханаларда ондаған әйелдер қызмет етеді, ал оқушылар мен студенттердің 40 пайыздан астамы - қыз балалар.

Әйелдер құқығын қорғауды талап еткен шеру. Кабул, 14 ақпан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Әйелдер құқығын қорғауды талап еткен шеру. Кабул, 14 ақпан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Бірақ Шеберган тұрғыны Аджмал Насери мырзаның айтуынша, әйел құқығына қатысты жергілікті тұрғындар көзқарасы әлі консервативтік қалыптан өзгермеген.

- Тез арада саябақ әйелдерге толып кетеді деп ойламаймын, себебі ерлердің көбі әйелінің көшеге шығуына рұқсат етпейді. «Қыз-келіншектер саябақта көңіл көтереді» деген сөздің өзін көптеген ер адамдар жақтыра қоймайды, - дейді ол.

Насеридің жұбайы Кабулда туып-өскен. Мамандығы – мейірбике, қазір ол үйде, кішкене 2 баласына қарап отыр.

Жеке мешік дүкені бар Шеберган тұрғыны Басир-Аға мұндағы әйелдер өмірін былай сипаттайды:

- Жоғары білімі бар адамдар мұнда 20 пайыздай бар. Олар кейде әйел-баласын сырттан тамақтандыруға алып шығады. Шеберганда «Жангал Баг» деп аталатын жасыл желекті орын бар, көктемде кей отбасылар сонда барады. Джаузджанда басқа ондай орын жоқ.

Басир-Аға әйелінің саябаққа баруына «жиі болмаса да, рұқсат беретінін» айтты. Ал мектеп мұғалімі Шахла Мажрух саябақтың салынып бітуін асыға күтіп жүр.

- Шеберганның кей жерінде әйелдерге арналған арнайы балмұздақ кафелері мен кәуап пісіретін орындар бар. Олар шымылдықпен тасаланған. Бірақ дәл мынандай орын (саябақты айтады - ред.) болған емес, - дейді ол.

Ауғанстанның басқа аймақтарында бұндай саябақтар бұрыннан бар. Ел астанасы Кабулдегі әйелдер саябағы қайта қалпына келтірілген. Джаузджанның шығысындағы Балх өлкесінің Мазари Шариф қаласында да әйелдерге арналған саябақ бар. Ал Жалалабад сияқты ірі қалалардағы саябақтар аптасына 2 күн әйелдерге қызмет көрсетеді.

Фарангис Наджибулла мен Алим Рахманярдың мақаласын аударған – Динара Әлімжан.
XS
SM
MD
LG