Азаттықтың ауған үкіметіндегі дереккөздері Ашраф Ғанидің Тәжікстан астанасы Душанбеге ұшып кеткенін, сол жерден басқа жаққа жол тартқанын растады. Қай жаққа кеткені әзірге белгісіз.
Ашраф Ғанидің өзі Facebook-те елден қантөгістің алдын алу үшін кеткенін айтты. "Талибан" жеңіске "қылыш пен қарудың күшімен" жетті, бірақ "халықтың ықыласына бөлене алмады" деді ол.
Al-Jazeera телеарнасы Кабулдағы президент сарайынан тікелей эфирге шықты. Видеода бір топ қаруланған еркектің үстел басында отырғаны көрінеді. Шамасы "Талибан" лидерлері болуы керек. Аудармашының сөзінше, тәліптер президент сарайының қарсылық танытпай берілгені разы.
Мұның алдында Ауғанстанның ұлттық бітім жөніндегі жоғары кеңесінің төрағасы Абдулла Абдулла Facebook-тегі видео үндеуі арқылы Ашраф Ғанидің елден кеткенін растаған.
"Ол елді, халықты қиын-қыстау кезеңде қалдырып кетті. Құдайдың алдына жауап берер" деді Абдулла халыққа арналған видео үндеуінде Ашраф Ғаниді меңзей отырып.
Тәліптер Кабул түбіне 15 тамыз күні жеткен. Бірақ бастапқыда олар қаланы күшпен алмайтынын, билікті бейбіт жолмен өткізу туралы келіссөз жүріп жатқанын мәлімдеді.
Бірақ биліктің қашан берілетіні және тәліптер тарапынан келіссөзге кімнің қатысып отырғаны белгісіз. Ауған үкіметі тарапынан келіссөз тобына елдің бұрынғы президенті Хамид Карзай, "Хизб-и-Ислами" саяси және әскери топтың лидері Гүлбеддин Хекматияр және Ашраф Ғаниді елден қашқаны үшін сынаған Абдулла Абдулла кірді.
Жексенбі, 15 тамыз күні интернетте жарияланған видеода Карзай қасына үш қызын алып, Кабулда қалатынын айтты.
"Біз "Талибан" басшылығымен Ауғанстан мәселесін бейбіт жолмен шешуге тырысып жатырмыз" деді ол.
АҚШ елшілігі дипломаттар мен өзге де ресми тұлғалар жасырынған Кабул әуежайы атқылауға ұшырағанын айтты. Кейінірек АҚШ әскерилері әуежайдың коммерциялық рейстерді тоқтатқанын, әскери эвакуация жалғасып жатқанын айтты.
"Кабулдағы және әуежайдағы қауіпсіздік жағдайы жылдам өзгеріп жатыр. Әуежайда өрттің шығуы туралы хабар түсіп жатыр; сол себепті біз АҚШ азаматтарына тығылуға кеңес беріп жатырмыз" делінген АҚШ елшілігінің қауіпсіздік қызметі таратқан хабарламада.
Пентагон америкалық персоналдың эвакуациясына тағы бір мың сарбазды жолдады. Ауғанстанға жіберілген АҚШ сарбаздарының саны осымен алты мыңға жетіп отыр.
Ашраф Ғанидің елден кеткені белгілі болған соң, "Талибан" басшылығы жауынгерлеріне Кабулға кіруді бұйырды. Бұл туралы әскери топтың баспасөз хатшысы Забиулла Мужахид мәлімдеді. Оның сөзінше, "Талибан" бұл қадамға қала ішінде жаппай тонауға жол бермеу үшін барған.
15 тамыздың кешіне қарай тәліптер Кабулдағы 22 ауданның 11-ін бақылауға алғанын айтты.
"Талибан" репрессиялық заңдарын қайта орнатуы мүмкін деп қорыққан ауғандар қаладан қашуға асығып жатты. Банкоматтар алдында кезектер пайда болды.
Жексенбі күні Кабул аспанында АҚШ тікұшақтары жиі ұшып жүрді. Ал АҚШ елшілігі ғимаратының шатырынан түтін көрінді. Дипломаттар құпия құжаттарды өртеп жатты.
Германия, Франция және Нидерланд бастаған Батыс елдері өздерінің дипломатиялық өкілдіктерін эвакуациялау бойынша жұмыс істеп жатыр.
Германия сыртқы істер министрі Хайко Масс Bild daily басылымына бундесвер ұшағының ауған астанасына ұшып кеткенін хабарлады.
"Біз тәуекелге бармаймыз және азаматтарымыздың тәліптердің қолына түсуіне жол бермейміз" деді Маас.
БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Эстония және Норвегия елдерінің сұрауы бойынша 16 тамыз күні таңертең Ауғанстандағы жағдай бойынша шұғыл жиын өткізеді.
Қауіпсіздік кеңесінің мәлімдеуінше, БҰҰ бас хатшысы Антониу Гуттериш Кабулдағы жағдай бойынша соңғы ақпаратты табыстайды.
ПІКІРЛЕР