Ауғанстан — жасөспірім қыздардың білім алуына тыйым салған жалғыз мемлекет. Бірақ ислам діні қыздардың білім алуына тыйым салмайды. Онда неге "Талибан" қыздардың алтыншы сыныптан кейін оқуына рұқсат бермейді? Сарапшылар "Талибан" исламды "өзінше түсінеді" дейді.
Әлемнің 200-ден астам елі мен территориясында, оның ішінде 50 мұсылман мемлекетінде әйелдердің білім алуына мүмкіндік бар.
Бірақ "Талибан" басқаратын Ауғанстанда жасөспірім қыздардың алтыншы сыныптан кейін оқуына тыйым салынған. Желтоқсанда қыздарға университетке баруға шектеу қойылды.
Ауғандар наразылығы, халықаралық қауымдастық қысымы мен ислам дініндегі ғалымдардың пікірі де "Талибан" үкіметін мектептерді қайта ашуға көндіре алмады.
Бұл тыйым консервативті пуштун халқының салт-дәстүрімен байланысты ма әлде "Талибан" үкіметінің шариғат заңдарын қате түсінуімен ұштасып жатыр ма? Сарапшылар арасында бұл тұрғыда ортақ пікір жоқ.
Талибан басшыларының көбі — этникалық пуштундар, мұсылман сүнниттер және дінбасылар. Көбі көрші Пәкістандағы Деобанди медресесінде оқыған. Деобандизм 19-ғасырда Ұлыбританияның колониясы болған Үндістанда пуритандық қозғалыс ретінде пайда болған. Сүнниттердің ханафи мәзхабына негізделген қозғалыс Ауғанстан мен Пәкістанда ерекше танымал.
ТАЙПАЛАРДЫҢ ЫҚПАЛЫ
Ауған журналисі Сами Юсуфзай талибандар тыйымы оңтүстік және шығыс Ауғанстандағы мәдени ғұрыптармен байланысты дейді.
Талибан басшыларының көбі Пәкістанмен шекаралас аймақтардағы пуштун тайпаларынан шыққан.
— Олар әйелдің орны не үйде, не молада деп есептейді. Тәліп саясаткерлерінің әйелдері оқымаған, олар үнемі үйде отырады, — дейді Юсуфзай.
Журналист 1994 жылдан бері Қандағар өңірінде шоғырланған “Талибан” қозғалысын бақылап келеді. Тәліптер тұсында әйелдер қоғамдық не мемлекеттік қызметте істемеген.
“Талибан” қозғалысы әйелдер үйде отыруы керек деген идеяны қолдайды. Олар бұл сөзді Мұхаммед пайғамбар айтқан деп түсіндіреді.
— Олар балиғат жасына толған қыз мүлде үйден шықпауы керек дейді. Тәліптер түсінігінде қыз оқуға не жұмысқа шықса, азғындықпен айналысады, — дейді Юсуфзай.
Шамамен 40 млн халқы бар Ауғанстанда белсенділер мен құқық қорғаушылар "Талибанды" "гендерлік апартеид" жасады деп айыптайды. Себебі тәліптер әйелдерге білім алуына, жұмыс істеуіне, еркін қозғалуына шектеу қояды, қоғам алдында қалай жүріп-тұру керектігін анықтайды.
Мұсылмандардың басым бөлігі ислам әйелдерге білім алуына рұқсат береді деген тұжырыммен келіседі. Алайда тәліптер гендерлік сегрегация жасап, өзге де бұлыңғыр шарттар орындалғаннан кейін ғана қыздардың оқуына мүмкіндік беретінін айтады.
Ауғанстанда орта мектептердің барлығында-дерлік қыздарды бөлек оқытады, 2021 жылы тәліптер билікті басып алғаннан кейін университеттерде әйелдер мен ерлер қайтадан бөлек оқытыла бастады.
Юсуфзайдың айтуынша, әлемде консервативті және дәстүрлі мұсылман қауымдарында кейбір дінбасылар да әйелдердің білім алуы мен жұмыс істеуіне шектеу қою керек деп санайды. Алайда ол елдердің үкіметтері әдетте мұндай идеяларды қолдамайды.
Кейінгі жылдары әлемдегі ең консервативті елдердің бірі Сауд Арабиясы әйелдерге көлік айдауға және ерлерсіз өз бетімен жүрулеріне рұқсат берді. Бұл мұрагер ханзада Мұхаммед бин Салман жүргізген реформалардың бір бөлігі.
Әйелдердің білім алуына тыйым салған "Талибан" әрекетін әлемдегі мұсылмандар айыптады.
"Тәліптердің әйелдерге білім алуына тыйым салуы шариғат заңына емес, ислам ғылымына қайшы орнығып қалған мәдени түсініктерге негізделген" дейді АҚШ-тағы мұсылмандар кеңесінің қоғаммен байланыс бөлімінің жетекшісі Салам әл-Мараяти.
Оның айтуынша, "ислам діні білім іздеудің маңыздылығын алға тартады, жұртты жынысына қарамай білім алуға үндейді".
ТАРИХИ ҚАҚТЫҒЫС
Алайда тәліптерді қыздарға арналған мектептерді қайта ашуға үндеген ислам ғалымдары мұны басқаша түсіндіреді.
Исламтанушы ғалым, BBC арнасының бұрынғы тележүргізушісі Джон Мохаммад Баттың айтуынша, қыздардың білім алуына қатысты тәліптер саясаты тайпалық мәдениетке негізделмеген, оның түп-тамырында қазіргі заманғы білімге байланысты туындаған қарсылық жатыр.
"Ауғанстанда қыздарға арналған білім, жалпы қазіргі заманғы білім жүйесі зайырлы елдердің күн тәртібіне сәйкес енгізілген" дейді ол.
1920-жылдары консервативті көңіл-күйдегі дінбасылар мен тайпа жетекшілері реформашыл Аманулла-ханды биліктен кетірді. Аманулла-хан түрік лидері Кемал Ататүрік сияқты Ауғанстанды зайырлы бағытта дамытқысы келген, әйелдердің заманға сай білім алуын қолдаған.
Заманға бейімделу мен секуляризмге деген осындай қарсылық сақталып қалып, консервативті дінбасылар әйелдердің білім алуы мен жұмыс істеуіне қарсылық танытқан. Бұл 1978 жылы сәуірдегі әскери төңкерістен кейін ислам оппозициясының советшіл ауған коммунистік үкіметіне деген қарсылықтың маңызды элементіне айналды. Моджахедтер коммунистерді білім беру және әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту арқылы азғындықты таратты деп айыптады.
"Ауғанстанда консерватитивтік топтардың қыздардың білім алуына сақтықпен қарауы осыдан туындаған" деп түйіндеді Батт.
"ТЕРЕҢ ИДЕОЛОГИЯЛЫҚ СЕНІМ"
Ауғанстанда Америка университетінің оқытушысы Обайдулла Бахир былтыр тәліптермен келіссөз жүргізіп, тыйымның күшін жоюға атсалысып көрген. Оның сөзінше, бұл талпыныстан түк шықпаған, себебі тыйымды қазіргі тәліптердің жоғарғы басшысы Хайбатулла Ахунзе қолдайды.
Бахирдің айтуынша, "Талибанның" көрнекті басшылары Пәкістандағы медреселерде оқыған және тайпалардың өмірінен алшақ кеткен.
"Оларға Деобанди мектебінің идеологиясы сіңіп кеткен, енді олар ауған халқына исламның ең қатаң нұсқасын таңып жатыр" деді ол.
Оның айтуынша, қыздарға мектепке баруға тыйым салу Ахунзе саясатының бір бөлігі. Ол тәліптердің басты қазысы Абдулла Хәкім Хакканидің араб тілінде жазылған "Ислам эмираты және оның жүйесі" кітабын мақұлдаған. Бұл кітапта Хаккани өмірінің соңына дейін үйде отырған Мұхаммед пайғамбардың әйелдерінің бірі Сауда бинт Заманың таңдауын қолдайды.
Бахирдің айтуынша, Хаккани қоғамның көптеген саласына белсене араласқан және студент болған, ерлерді оқытқан әйелдерді елемеген.
"Талибанның" барлық басшылары мұндай маргинал пікірді қуаттайды деп айта алмаймыз, бірақ оған қазіргі тәліптердің әмірі сенімді" дейді ол.
Баттың айтуынша, Хаккани әйелдер істеуі тиіс нәрсе болса, оны білуге тиіс деген принципті мойындаған.
"Алдағы уақытта биліктегі тәліптер білім ауған әйелдерін ең үздік мұсылман ететінін мойындайды деп үміттенемін. Бұл әйелдерге елдің игілігіне үлкен үлес қосуға жол ашады" деді ол.
АҚШ-тың Ауғанстан бойынша арнайы өкілі Том Уэст жуырда Twitter-де Ауғанстанның аяғынан тік тұруына көмектесу үшін ауған әйелдері білім алып, экономикаға үлестерін қосуы керек деп жазды.
"Егер саясатқа өзгеріс енгізілсе, онда бұл шетел сұранысы емес, ауған халқының сұранысының нәтижесі болады" деп жазды ол.