Accessibility links

Бір жылдан соң «Талибан» Кундузға қайта кірді


Ауғанстанның Кундуз қаласы, 4 қазан 2016 жыл.
Ауғанстанның Кундуз қаласы, 4 қазан 2016 жыл.

Ауғанстан әскері елдің солтүстік-шығысындағы Кундуз қаласына кіріп бекініп алған бір топ «Талибан» содырларымен үш күн бойы атысып жатыр. Мыңдаған бейбіт тұрғын қаладан қашып шықты.

Сәрсенбі күні Ауғанстан билігі ел әскерінің Кундуздан содырларды тықсырып шығарғанын хабарлады. Ал Кабулдағы АҚШ-тың әскери жетекшілігі Кундуз қаласының әр-әр жерінде «Талибан» содырларымен атыс болғанын, ауған әскерінің үстем шыққанын мәлімдеді.

Бірақ «Талибан» әлеуметтік желілер арқылы таратқан хабарламаларында биліктің сөзін жоққа шығарды. «Талибан» ауған қауіпсіздік күштері мен АҚШ әскерін «бейбіт тұрғындарға зәбір көрсетті» деп айыптады.

Ауғанстанның солтүстік-шығысындағы Кундуз қаласында ауған қарулы күштері мен «Талибан» содырлары үш күннен бері атысып жатыр. Стратегиялық маңызды провинцияның губернаторы Асадулла Омархейлдің айтуынша, мыңдаған бейбіт тұрғын үйлерін тастап, жақын маңдағы елді мекендерге бас сауғалап кеткен. Жергілікті полиция басшысы Мохаммад Касим Джангалбах қаладағы азық-түлік қоры азайып, ауыз су тапшы болғандықтан тұрғындарды қауіпсіз орынға көшіргендерін мәлімдеді. Кундуз қалалық кеңесінің басшысы Мохаммад Юсуф Аюби қала іші соғыс алаңына айналып, әр аулада атыс жүріп жатқанын, дүкендердің көбі жабылғанын хабарлады.

Бір топ содыр Кундузға дүйсенбіге қараған түні білдіртпей кіріп, содан бері қаланың бірнеше ауданында бекініп жатыр.

Ішкі істер министрлігінің өкілі қала орталығының содырлардан тазарғанын айтты. Оның сөзінше, Кундуздың шеткі аймақтарындағы үйлердің ішіне тығылып алған содырлар қарсылық көрсетіп, шегінбеуге тырысып жатыр.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, АҚШ әскері Кундуз қаласын содырлардан босату үшін әуеден екі мәрте соққы жасаған. Ауғанстан қорғаныс министрлігі Кундуздағы үш күндік атыста бес сарбаздың қаза тауып, 13 әскердің жараланғанын хабарлады. Кундуздың жергілікті полициясы таратқан дерек бойынша, қаладағы атыс кезінде 42 содыр өліп, 25-і жараланған. Жергілікті халық Азаттыққа қаза тапқан бейбіт тұрғындар да бар екенін айтты.

«Талибан» осыдан бір жыл бұрын да Кундуз қаласына шабуыл жасап, қаланы бірнеше күн бойы басып алған болатын. Ол кезде содырларды қаладан қуып шығу үшін ауған қарулы күштері халықаралық әскери коалициядан жәрдем сұраған. Кундуз қаласында 300 мыңдай адам тұрады.

XS
SM
MD
LG