Accessibility links

Молла Омардың құпия өмірінің деректері жарияланды


Жылдар бойы ешқандай аудио және видеоайғақ болмағандықтан, «Талибан» басшысы Молла Омар «қатты науқас», «қайтыс болыпты» деген лақап тараған еді.
Жылдар бойы ешқандай аудио және видеоайғақ болмағандықтан, «Талибан» басшысы Молла Омар «қатты науқас», «қайтыс болыпты» деген лақап тараған еді.

«Талибан» содырлар қозғалысы көпшілікті таңғалдырып, жұрт көзінен таса жүрген басшысы Молла Омардың «өмірбаянын» жариялады.

Молла Омардың Ауғанстандағы «Талибан» содырлар қозғалысын басқарып келе жатқанына 20 жылға таяды. Алайда оның жеке өмірі туралы мардымды ақпарат жоқтың қасы еді.

«Талибан» қозғалысы осы ұйымға басшылыққа келгеніне 19 жыл толу құрметіне Молла Омардың өміріне қатысты ақпаратты жария етті.

«Талибанның» интернеттегі сайтында көлемі 5 мың сөзден асатын ауқымды «өмірбаян» бес тілде жарық көрді. Онда Мулла Омардың жеке өмірі, күнделікті істейтін кәсібі, тіпті отбасы жайлы егжей-тегжейлі мағлұмат берілген.

Бұл арқылы «Талибан» Ауғанстандағы АҚШ-тың әскери операциясы басталған 2001 жылдан бері жұрт алдына шықпаған Молла Омарды өлдіге санап жүргендердің күмәнін сейілтпек болған тәрізді. «Кітаптың» кейбір «негізгі тақырыптары» мынадай:

ИМ-МЕН БӘСЕКЕ

Сарапшылардың айтуынша, Ирак пен Сирия жерінде тамыр жайған «Ислам мемлекеті» (ИМ) террорлық ұйымының содырлар арасындағы ықпалынан сақтанған «Талибан» да белсенді әрекеттерге көшкен.

Соңғы айда Молла Омардың үнсіз жатуына наразылық танытқан «Талибан» қозғалысының кейбір өкілдері ИМ құрамына өтіп кеткен еді.

«Талибан» өкілдері «бұл өмірбаянды өтірік жазушылар мен сарапшылардың, біржақты ойлайтындардың жалған үгіт-насихатына жауап ретінде жариялап отырмыз» дейді.

«Талибан» ара-тұра «басшысымыз Молла Омар айтты» деген мәлімдемелер таратып отыратын. Алайда ешқандай аудио және видеоайғақтар болмағандықтан, ел арасында «Талибан» басшысы жайлы «ол қатты науқас екен», «қайтыс болыпты» деген әңгіме тараған еді.

ОМАРДЫҢ ӨЛІМІ ТУРАЛЫ ҚАУЕСЕТКЕ ЖАУАП

Молла Омардың «өмірбаянында» ол «Ауғанстан Ислам Әмірлігінің («Талибан» билік еткен 1996-2001 жылдар аралығындағы Ауғанстанның атауы) билік иерархиясындағы ең лауазымды тұлға» деп аталады.

Жарияланған «құжатқа» қарағанда, Молла Омар «елдегі және шетелдегі күнделікті болып жатқан оқиғалардан хабардар».

«Өмірбаянда» «Жаулары үнемі аңдып жүргеніне қарамастан, Ислам Әмірлігінің басшысы ретінде Молла Мохаммад Омардың жиһад шараларын ұйымдастырып, қолдау жөніндегі күнделікті жұмысында көп өзгеріс не үзіліс болған жоқ. Ол шетелдік кәпір басқыншыларға қарсы әрекеттердің бәрін жіті бақылап, қадағалап отырады» деп жазылған.

Жұрт көзінен таса, томаға-тұйық жүретін бұл адамды суретке түсіргендер сирек. Оның қайда екені әлі күнге белгісіз. Кейбір деректерге қарағанда, Молла Омар көршілес ел - Пәкістанда жасырынып, содырлардың «Талибан» партизандық қозғалысын басқарып жүр.

АҚШ Мемлекеттік департаменті оны тауып берген адамға 10 миллион доллар сыйақы беруге әзір. Вашингтон дерегі бойынша, Молла Омар – оң жақ көзінде тыртығы бар ұзын бойлы кісі.

«ЕРЕКШЕ ЖАРАТЫЛҒАН»

«Өмірбаянның» «Ерекше жаратылған тұлға» деген бөлімінде Молла Омардың байсалды адам екені, ешқашан қайсарлығы мен сабырын жоғалтпайтыны айтылады.

Одан бөлек, Молла Омарды «өзін әріптестерінен ешқашан жоғары қоймайтын, әзіл айта білетін жайдары кісі» деп сипаттаған.

Бұған қоса, Молла Омардың «жеке тұрғын үйі мен ел ішінде немесе шетелде өз атынан не басқа есіммен ашылған ешқандай есеп-шоты жоқ» екені айтылған.

ЖЕКЕ ӨМІРІ

«Талибан» жариялаған «өмірбаянда» Молла Омардың балалық шағына қатысты бұрын беймәлім болып келген ақпараттар жарияланған.

Молла Омар.
Молла Омар.

Ол «1960 жылы Ауғанстанның оңтүстігіндегі Кандагар аймағына қарасты Хакрез ауданында, Чах-и-Химмат ауылында дүниеге келген». Осы Кандагар өңірі «Талибанның» құрылған жері саналады. «Хотак руының ішінде Томзи тармағынан тарайды». «Әкесі Моулави Гулам Нәби - «жан-жақты білім алған, елге сыйлы азамат болған». «Талибан» сайтының дерегіне қарағанда, «әкесі Молла Омардың бес жасында қайтыс болыпты. Оның отбасы кейіннен Урузган аймағына қоныс аударған».

«Молла Омар медреседе білім алған». Бұл оның хат танымайтыны туралы ақпаратты жоққа шығару үшін айтылып отырса керек.

1979 жылы Ауғанстанға СССР әскері басып кіргенде ол мектепті тастап, «өзінің діни міндеттерін орындау үшін жиһадшылардың қатарына қосылған»-мыс. «Төрт мәрте жараланған, оң көзінен айырылған».

«Өмірбаяндағы» мәліметтерге қарағанда, ол негізінен «иыққа қойып ататын РПГ-7 граната атқыш қаруын жақсы пайдаланады».

1996 жылы «Талибанның» көсемі болып сайланған соң оған «Амир-ул-Мумин» (Мұсылмандар көсемі) деген атақ берілген.

«​11 ҚЫРКҮЙЕКТЕН»​ КЕЙІНГІ КЕЗЕҢ

«Өмірбаян» мәтініне қарағанда, Молла Омар 2001 жылғы АҚШ бастаған «Террормен күрес» операциясын қатты сынайды. Оның айтуынша, бұл «шариғат заңдарына төзе алмайтын әлемдегі менмен кәпір күштердің шабуылы болған».

Аталған «құжатта» «Талибанның» «Әл-Қаида» террорлық ұйымының көсемі Осама бен Ладенмен байланысы туралы ештеңе айтылмайды. АҚШ-тың «Террормен күрес» операциясын бастауына осы «Әл-Қаида» ұйымы себеп болғаны белгілі.

«Өмірбаянда» келтірілген деректерге сенсек, «Талибан» Ауғанстан аумағының 95 пайызын бақылауда ұстап отыр». Ал Молла Омар «Талибанның» басқарушы кеңесіне, сот жүйесіне, тоғыз атқарушы комиссиясына басшылық жасап, Ауғанстанның 34 аймағында жұмыс істейтін әскери қолбасшыларды басқарып отыр»-мыс.

(Фруд Бежанның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)

XS
SM
MD
LG