Accessibility links

Ауғандар кофеин қосылған сусынға құмар


Ауғанстанда қуат беретін сусындар көшеде сатылады. Кабул, 9 желтоқсан 2012 жыл.
Ауғанстанда қуат беретін сусындар көшеде сатылады. Кабул, 9 желтоқсан 2012 жыл.

Ежелден ауғандардың сүйікті сусыны - шай. Бірақ Ауғанстан халқы қазір құрамында кофеин бар сусындарға құмартып барады. Елде осы мәселеге байланысты пікірталастар да өршіп тұр.

Ауғанстанда мұндай сусындардың жарнамасы да емін-еркін жасалып жатыр. Азаттық тілшісі Фруд Бежан осы елдегі сусындар мәселесін зерттеді.

"EFFECT", "GANGSTER" ЖӘНЕ "BOOM BOOM"

Ауғанстандағы бұл сусындар туралы жарнамаларда шөл далада мотоциклмен кетіп бара жатқан жас әйел, қара терге малшынып жұмыс жасап жатқан құрылысшы, жүк машинасын сүйреп бара жатқан ер адам бейнеленген.
Көшеде қуат беретін сусын сатып тұрған ауғандық жігіт. Каббул, 9 желтоқсан 2012 жыл.
Көшеде қуат беретін сусын сатып тұрған ауғандық жігіт. Каббул, 9 желтоқсан 2012 жыл.

Бұл коммерциялық бейнелер "Effect-ті пайдаланбай қуатың толыспайды" дегенді білдіреді. Жарнамаға сенсек, қосымша қуатты тек қана "Effect", "Gangster" және "Boom Boom" сияқты құрамында глюкозасы бар, кофеинге бай сусындардан ғана алады екенбіз.

Телеарнадағы бұл жарнамалар бүкіл Ауғанстанда әр түрлі жолдармен сатылып жатқан сусындардың оннан бірін ғана көрсетеді.

"Қосымша қуат беретін" сусындар қазір Ауғанстанның барлық аймағында, көшедегі арбалардан бастап, бұрыштағы дүкендер мен ресторандарда да сатылады. Мұнда мәселелерге қатаң қарайды деген "Талибан" әскерінің өзі соғыс даласында шөлін қандыру үшін оларды іше беретіні белгілі боп қалды.

"ИСЛАМҒА ҚАЙШЫ ЕМЕС"

Бұл қуатты сусындар белгілі бір дәрежеде адамның жүйкесін әлсіретіп, келешекте тыйым салынған ішімдікке құмарлығын күшейтеді.

Мұндай сусындардың көбіне "Исламға қайшы емес" деген сертификаттар да берілген. Алайда елдегі діни тұлғалар оған үзілді-кесілді қарсы шығып отыр.

Өйткені ол сусындардың құрамында ислам шариғатында «арам» деп саналатын алкогольді ішімдікке ұқсас, мас қылатын элементтер бар.

Ал мамандардың тағы бір тобы сырттан келетін сусындар сапасына алаңдайды. Олар "импорт сусындар ауғандықтардың денсаулығына кері әсер етеді" дейді.

Ауғанстанда бұл мәселені ресми үкімет бір ретке келтіре алмай отыр. Сырттан келетін дәрі-дәрмектер мен сусын-тағамдарға арналған мемлекеттік ортақ норма жоқ. Осының кесірінен Ауғанстан нарығын мерзімі өтіп кеткен, басқа елдерде сатылуға тыйым салынған, сапасы нашар сусындар жаулап алған.

"ҚУАТ БЕРЕДІ ӘРІ ШАРШАУЫҢДЫ БАСАДЫ"

Абдулла есімді сатушының айтуынша, "Сусын сататын шетелдік компаниялардың Ауғанстандағы дистрибьютерлері мерзімі өтіп кеткен тауарларын арзандатылған бағамен сатады. Сондықтан кейбір саудагерлер сапасыз тауарларды қуана-қуана сатып алады".

- Кейбір сусындардың мерзімі өтіп кеткендіктен құрамы бұзылған. Олар денсаулыққа зиянды болғандықтан сатылмауы керек. Дүкендерде заңды, мерзімі өтпеген әрі жақсы сақталған сапалы тауарлар ғана сатылуы тиіс. Денсаулық сақтау министрі нарықты реттеп, бұл проблеманы тоқтату үшін қажетті шаралар қолдануы тиіс, - дейді Абдулла.
Көшеде сатылып жатқан қуат беретін сусынды алушылар да көп. Кабул, 9 желтоқсан 2012 жыл.
Көшеде сатылып жатқан қуат беретін сусынды алушылар да көп. Кабул, 9 желтоқсан 2012 жыл.

Ал Кабулдағы Хабиб Рахман есімді дүкенші "Pepsi мен Coca-Cola сияқты танымал сусындардан гөрі, қуат беретін сусын түрлерін жақсы бағамен сатып жатқанын" айтты.

- Ауғандардың көбі қуат беретін сусындарды ұнатады. Олар "қуат береді әрі шаршауыңды басады" деп ойлайды. Әу баста мұндай сусындарды Ауғанстанның қалалық жерінде тұратын жас жұмысшылар іше бастаған. Бірақ қазір бұл бүкіл елге тарап кетті, - дейді ол.

Сауданың бұл түріне қатысты статистикалық мәліметтер белгісіз. Бірақ қазір Ауғанстан нарығында мұндай сусындардың 20-дан астам түрі сатылып жатыр.

Австрияда жасалған Red Bull-дың бағасы - бір жарым доллар. Бұл сусынға қалада тұратын жастар құмар. Ал оның жарты бағасына сатылатын Таиландтың Carabao сусынын негізінен жұмысшылар ішеді.

Ауғанстан қоғамының өте патриархалды екенін жақсы білетін кейбір шетелдік фирмалар бұл елдің гендерлік ерекшелігін ескере отырып, сусындардың жаңа түрін шығарған. Енді жігіттер «ерлерге арналған» деген жазуы бар Big Bear, қыз-келіншектер Hot Bird сусынын алады.
XS
SM
MD
LG