Accessibility links

Саида Мирзияеваның жаңа қызметі. Өзбек саяси элитасы өзгеріп жатыр ма?


Өзбек президентінің қызы Саида Мирзияева.
Өзбек президентінің қызы Саида Мирзияева.

Өзбекстан президентінің қызы Саида Мирзияева президент әкімшілігіндегі коммуникация және ақпараттық саясат бөлімінің басшысы атанды. Бұл тағайындау нені білдіреді?

Өзбекстан президентінің қызы Саида Мирзияева қиын кездері жағдайды ретке келтіруді әдетке айналдырғандай. Енді ол ауыр кезеңде әкесі мен оның үкіметінің имиджін сақтауды қолға алуы тиіс.

Осы айдың басында Саида Мирзияева президент әкімшілігіндегі коммуникация және ақпараттық саясат бөлімінің басшысы қызметіне тағайындалды. Бұл – Шавкат Мирзияев әкімшілігінің Қарақалпақстанда болған оқиғадан кейін билікке қарсы көзқарасты өзгертуге бағытталған әрекеттерінің бірі. Автономды облыста жазда кемінде 18 адам қаза тапқан еді.

Мирзияев билікке келген алты жылда жүргізілген реформалардан кейін бұл тағайындаулардың мемлекет үшін қандай мәні бар?

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев.

38 жастағы Мирзияеваның жаңа қызметке келуінен бөлек, әділет министрі Русланбек Давлетов жаңадан ашылған президенттің қоғамдық-саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі лауазымына келсе, Мирзияевамен жақындығы бар Комил Алламжонов президент әкімшілігі басшысының орынбасары қызметіне тағайындалды.

Ал шілдеде бұрынғы сауда министрі, 44 жастағы Сардор Умурзаков президент әкімшілігі басшысы болды. Оған дейін бұл қызметте болған Зайнилобиддин Низомиддинов Қарақалпақстандағы қанды қырғыннан соң алғашқылардың бірі болып қызметінен алынды.

Бұл өзгеріс Мирзияевтың авторитар президент Ислам Каримовтың кезіндегі шенеуніктерді лауазымды қызметке тағайындауы мүмкін деген әңгімені сейілтті дейді Ұлыбританияда орналасқан Central Asia Due Diligence (CADD) компаниясының директоры Алишер Илхамов.

"Қарақалпақстандағы оқиғадан кейін шалдар мен ескі стильге оралу туралы айтыла бастады. Ол жастау шенеуніктерді тағайындап, мұны жоққа шығарды. Бұл жағдайда сыбыс биліктің пайдасына жарады" деді Илхамов.

Қарақалпақстандағы наразылық. 2022 жылғы 3 шілде түсірілген видеодан скриншот.
Қарақалпақстандағы наразылық. 2022 жылғы 3 шілде түсірілген видеодан скриншот.

Ташкент Қарақалпақстан автономды облысының конституциялық статусын өзгертуге байланысты туындаған наразылыққа "сыртқы күштерді" кінәлауын қоймағанымен, ресми тұлғалар, оның ішінде Мирзияев та шілдедегі оқиғалардың коммуникация дағдарысынан туындағанын мойындағандай болды.

2016 жылы Каримов қайтыс болған соң әлемге есік аша бастаған Ташкент осыдан кейін сөз бостандығынан бас тартты деп үшін де сынға қалған.

Өзін реформатор деп атап жүрген Мирзияев президент мерзімін ұзартуды да көздеп отыр. Мұндай жағдайлар "Өзбекстан қандай бағытты ұстанады?" деген сұрақ туғызды.

САЯСИ ТАНДЕМ БЕ?

14 қыркүйекте Мирзияеваның жаңа қызметке тағайындалуы туралы мәлімдемеде президент өкілі ол басқаратын жаңа құрылымның "қоғамдық пікір мен ақпараттық саясатты зерттеумен айналысатынын" айтты.

Саида Мирзияева мемлекеттік қызметке алғаш рет 2019 жылғы сәуірде келді. Ақпарат және бұқаралық коммуникация агенттігі басшысының орынбасары болып тағайындалған ол автоматты түрде президент кеңесшісінің орынбасары атанды. Бұл оған баспасөз құралдарына қатысты кең құзырет берді.

2020 жылғы қаңтардың аяғында ол ұлттық баспасөз құралдарын қолдау және дамыту қоғамдық қоры басшысының орынбасары атанды. Атқарушы билікке жатпаса да, бұл мемлекеттік мекеме ықпалды саналады.

Бұл қызметтерде ол Алламжоновтан кейінгі адам болды. Осылайша Мирзияеваның Өзбекстанда Каримовтан кейінгі "жылымық" кезеңінің басында тұрған адаммен тандемде екені айтыла бастады.

"Алламжонов элитаға Мирзияев отбасының қолдауымен әрекет етіп жүргенін көрсеткісі келсе, Мирзияева белгілі бір мақсаттарға жету үшін Алламжоновтың кәсіби біліктілігіне сенім артады" дейді Илхамов.

Өзбек президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Комил Алламжонов АҚШ мемлекеттік хатшысының көмекшісі Элизабет Кеннеди Трюдоны қабылдап тұр. 6 қазан 2022 жыл.
Өзбек президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Комил Алламжонов АҚШ мемлекеттік хатшысының көмекшісі Элизабет Кеннеди Трюдоны қабылдап тұр. 6 қазан 2022 жыл.

Екеуінің агенттікте жұмыс істеген уақыты кейбір веб-сайттардың бұғаттан босап, ВВС тілшілерінің аккредитация алуымен тұспа-тұс келді. 2005 жылы Ферғана облысындағы Әндіжан жерінде қауіпсіздік күштері жүздеген наразыны өлтірген соң, ВВС агенттігінің елге кіруіне тыйым салынған еді.

Бірақ бұл тек ішінара мәселе болды. Азаттықтың Өзбек қызметі тілшілеріне жуырда қысқа мерзімді аккредитация алуға мүмкіндік берілгенімен, сайт ел ішінде әлі де ашылмайды.

Өзбекстандағы бұл өзгерістердің ішінара екенін көрсететін тағы бір оқиға 2021 жылы болды. Ол кезде Алламжонов ЛГБТ өкілдерінің құқығына қарсы шығып жүрген консерваторларды қолдап шықты. Содан бірнеше күн бұрын ЛГБТ өкілдерінің құқығы мәселесін көтеріп жүрген блогер соққыға жығылып, ауруханаға түскен еді.

"Өзбекстанға немесе басқа да елге талап қоймас бұрын шетелдік ұйымдар оның менталитетін, дінін, мәдениеті мен дәстүрін ескеруі керек" деген еді Алламжонов.

Бұл жағдайлар президент әкімшілігі басшысының орынбасары қадағалайтын "сөз бостандығы" біржақты қарастырылатынын көрсететіндей. Ол журналистік зерттеуде жөнсіз іскери байланыстар туралы айыпты да жоққа шығаруға мәжбүр болған еді дейді Илхамов Азаттық радиосына.

"СОҢҒЫ СӨЗДІ СОЛ АЙТАДЫ"

Президенттің отбасы мүшелерінің ішінде ең лауазымды қызметте отырғандардың бірі – Саида Мирзияева. Оның күйеуі кәсіпкер Ойбек Тұрсыновтың да әкімшілікте лауазымды қызметте екені айтылады.

Оның сіңлісі Шахзода мектепке дейінгі білім беру министрлігінде басшылық қызметте отыр.

Туыстарына қарағанда Мирзияева болып жатқан оқиғаларға жиі пікір білдіріп тұрады.

Той үстінде қалыңдығына қол көтерген жігіттің видеосы кең тарағанда, ол да пікір білдірді.

"Мұндай оқиғалар туралы үндемей қалып, бірлі-жарым [оқиға сияқты] сыңай танытпауымыз керек" деп жазды Мирзияева әлеуметтік желідегі парақшаларында. "Міне, сондықтан да бізге әйелдерді тәуелсіз және мықты ететін, көкжиегін ашатын білім керек". Ол жігітке бұзақылық бойынша айып тағылған.

Бұдан екі жыл бұрын Ташкенттегі "Илхом" танымал либерал театр ғимарат басшысымен келісе алмай жатқанда да іске Мирзияева араласқан.

Сондай-ақ ол дәстүрді құрметтейтін үлгілі ана образын да сақтауға тырысады.

Жазда жариялаған бір видеода екі ұлының жайнамазда отырғаны байқалады.

"Үлкен ұлымның інісін бағыттап жатқанын көргенде, жаным рахаттанады. Ана жүрегі үшін балаларының бауырмалдығын көруден артық ештеңе жоқ" деп жазған ол.

Танымал блогер Никита Макаренко Азаттыққа Өзбекстанда сөз бостандығы нашар болса да, Мирзияеваның баспасөз еркіндігін қолдайтынына сенеді.

"Саида Мирзияева [мемлекеттік агенттікте] жұмыс істегенде, жауапкершілік алудан, баспасөз атынан сөйлеуге қорықпайтынын көрсетті. Көбіне қиын жағдайда соңғы сөзді сол айтатын" дейді Макаренко.

"Әрине, негізінде журналистер мен блогерлерді мықты заң жүйесі қорғауы керек. Ал қазіргі жағдайда бізге одақтастар керек".

Бірақ Өзбекстанда пікір білдіру еркіндігінде де аттап өтуге болмайтын қызыл сызық бар. Мысалы, жуырда Instagram парақшасында "этикаға қайшы" жазбалары үшін бір блогер бес күнге қамауға алынды.

Алламжонов та, Мирзияева да бұл жағдайға пікір білдірген жоқ.

"ОТБАСЫ МҮШЕЛЕРІН ЖАҚЫН ҰСТАУ"

Орталық Азияда президент балаларының мемлекеттік лауазымға тағайындалуына мысал көп.

Қазақстанда бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаева бірқатар лауазымды қызметте болған. Тіпті, сенат спикері ретінде елде президенттен кейінгі екінші адам болды.

Назарбаевтың басқа да туыстары секілді ол да Қаңтар оқиғасынан кейін саяси қызметтен бас тартты.

Тәжікстанда президент Эмомали Рахмонның балалары да жоғары қызметтерде отыр.

Рахмонның қызы Озода Рахмон президент әкімшілігін басқарады. Ал оның ұлы жоғарғы палата төрағасы қызметіне келген соң әкесінің ізбасары болатыны айтыла бастады. Ол бұл қызметті Душанбе мэрі лауазымымен қатар алып жүр.

Өзбекстанда Мирзияеваның танымалдығынан кейін оны бірінші президент Каримовтың қызы Гүлнар Каримовамен салыстыра бастады.

Бірақ қазір жемқорлық ісі бойынша жазасын өтеп жатқан Каримова мұндай жоғары қызметтерде болған емес.

Каримова әкесінің көзі тірісінде қамауға алынған еді. Ол әлеуметітк желідегі парақшаларында биліктегі отбасы ішіндегі алауыздықты көрсететін жазбалар жариялап жүрген.

Нидерландтағы Гронинген университетінің медиа және журналистика ғылыми-зерттеу орталығының доценті Рашид Габдулахов Мирзияев отбасының сол дәуірден белгілі бір сабақ алғанын айтады.

"Бір кездері Гүлнардың бақылаудан шығып кетуіне мүмкіндік берсе, қазір президенттің қызын жанында ұстап отырғанын көріп отырмыз" деді Губдулахов. Ол Мирзияеваның "стратегиялық сектор" басшысы ретіндегі жаңа қызметі жаңа леп әкеледі дегенге күмәнмен қарайды.

Қазір президент жаныңда жүрген шенеуніктердің ішінде туыстық байланыстың пайдасын көріп отырған жалғыз Мирзияева емес.

Британияда білім алған, Лондондағы Еуропа қайта құру банкінде жұмыс істеген Садор Умурзаков Ташкенттегі инженерлер институтының ректоры болған марқұм Уктам Умурзаковтың ұлы. Мирзияев та осы оқу орнын бітірген.

Екі отбасы да Жызақ облысынан шыққан. Умурзковтың Мирзияевтың кәсіби өміріне ықпалы мол болғаны айтылып жүр.

Өзбекстанның сол кездегі инвестиция және сыртқы сауда министрі Сардор Умурзаков.
Өзбекстанның сол кездегі инвестиция және сыртқы сауда министрі Сардор Умурзаков.

Оның ұлының жоғары статусы өткен айда байқалды: Умурзаков Анкараға барып, Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен кездесті.

Бұл кездесу туралы тек Ердоғанның баспасөз қызметі хабарлады.

Бұл жас саясаткерді Мирзияевтың орнына дайындап жатыр деген де әңгімеге түрткі болды.

Жас командасына назар аударту [Қарақалпақстандағы] оқиғадан кейін шетелдегі және еліндегі беделін жақсартуға тырысып, президенттігін ұзартуға ұмтылып отырған Мирзияев үшін ақылға қонымды қадам дейді Илхамов Азаттыққа.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG