Алты баланың әкесі Санат Досов тергеу изоляторына түскенше Ақтөбенің іргесіндегі саяжай ұжымдарының бірінде тұрған. Қазір ол үйде Санаттың жұбайы Әсел Жұмағазина кенжесі әлі жасқа толмаған үш баласымен тұрып жатыр.
- Күйеуім тамыздың 29-ы күні қамалды. Ол кезде кіші қызым қырқынан енді ғана шыққан еді. Үлкен қызым Атыраудағы қазақ-түрік лицейіне оқуға түскен кез болатын. Әкелерінің Facebook-тегі жазбасы үшін қамалғанын балалардан жасырмадым. Санат екеуміздің төрт баламыз бар. Күйеуімнің алғашқы некесінен екі қызы бар, - дейді Әсел.
ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕГІ ЖАЗБА
Әйелінің айтуынша, Санат Досов "Ихтияр" қоғамдық бірлестігін құрып, Ақтөбедегі діни экстремизмнің алдын алуға атсалысқан, Facebook әлеуметтік желісін белсенді қолданушы болған.
46 жастағы Санат Досовтың ісі бойынша сот қарашаның 28-і күні басталған. Тергеу органы Санат Досовқа Қазақстан қылмыстық кодексі 174-бабының 1-бөлімі бойынша (әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру) айып таққан.
Құрамында Алматыдағы сот-медициналық сараптау институты арнайы зерттеулер зертханасының бас сарапшысы Бибігүл Жұмашева, аталған зертхананың аға сарапшысы Любовь Пивнева және Алматыдағы ASK Group тобының стратегиялық жоспарлау жөніндегі кеңесшісі Жанна Байсалбаева бар комиссия Досовтың әлеуметтік желідегі жазбаларына сот психологиялық-филологиялық және дінтанушылық сараптама зерттеуін жүргізген. Сарапшылар назарына ұсынылған әлеуметтік желідегі кейбір жазбаларында Санат Досов Ресей президенті Владимир Путиннің жүргізіп отырған саясатын және Кремльдің Шығыс Украинадағы іс-әрекетін сынаған. Мәселен, 2015 жылғы желтоқсанның 1-і күні белсенді "Ресей президенті Владимир Путин елді күйретіп жатыр! Ешкім шабуыл жасамайды, халық өзі бәрін түсінген кезде қандай нәрсені болмасын өзгерту қиынға соғады. Орыс адамы, өз жеріңдегі фашизмге тосқауыл қой!" деген жазба қалдырған. 2016 жылғы тамыздың 1-інде жасалған сараптама қорытындысында зерттеуге ұсынылған Санат Досовтың Facebook парақшасындағы жазбаларда "әлеуметтік араздықты қоздыру белгілері бар" деп жазылған.
Сотталушының әйелі Әсел Жұмағазина күйеуіне тағылған айыппен келіспейді.
- Санат әлеуметтік желіде демократиялық қоғамның азаматы ретінде өз пікірін айтқан. Ал адамды пікірін білдіргені үшін соттауға болмайды. Путинге келсек, ол билік басындағы адам. Билік әлеуметтік топқа жатпайды. Оның үстіне саясатты сынау, тұтас халыққа қарсы болу деген сөз емес. Орал қаласында жиһаз шығаратын компанияға жетекшілік еткен кезінде Санаттың қол астында жұмыс істеген азаматтардың тоқсан пайызы орыс ұлтының өкілі болды. Ақтөбеге қоныс аударған соң туыстары жерлеуден бас тартқан өзге ұлт өкілін менің күйеуім ақтық сапарға аттандырып салған, - дейді Әсел Жұмағазина.
Қазір үйінде кішкентай баласына қарап отырған Әсел кәсіпкер күйеуінің "ақтөбеліктер үшін көп еңбек сіңіргенін" айтады. Әйелдің сөзінше, Санат Досов кезінде Ақтөбеден "Аңсар" деп аталатын ақпараттық-насихат орталығын ашуға атсалысқан.
- Діни экстремизмнің алдын алу бағытындағы бұл орталықтың жұмысын бір ізге түсіргеннен кейін Санат "Ихтияр" деп аталатын қоғамдық бірлестік құрды. Түрмелерді аралап, экстремизм бабымен сотталған азаматтармен кездесіп жүрді. Өзі де 2005 жылдан бері дін жолында. Басына іс түскен намазхандар Санатқа хабарласып, ақыл-кеңес сұрайтын. Күйеуім ұсталғаннан кейін үйімізді тінткен адамдар "қару-жарақ пен діни әдебиет бар ма?" деп сұрады. Бірақ үйімізден ондай ештеңе табылған жоқ, - дейді Әсел Жұмағазина.
СОТТАН БАС ЕРКІНДІГІНЕН АЙЫРМАУДЫ СҰРАДЫ
Ақтөбе облыстық сотының мәліметінше, Санат Досов 2014 жылғы маусым айы мен 2016 жылғы наурыз айы аралығында Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында "әлеуметтік алауыздық" тудыратын жазбаларды жүйелі түрде жариялап тұрған. Оған қоса, экстремистік пиғылдағы аудио, фото және видеоматериалдарды желідегі "достарымен" бөлісіп, түрлі мазмұндағы комментарий жазған.
Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі Санат Досовтың Facebook әлеуметтік желісіндегі жазбаларына жүргізілген кешенді психологиялық-филологиялық және дін жөніндегі сараптама оның мазмұнынан "әлеуметтік араздық қоздыру" белгілерін анықтаған.
Санат Досовтың адвокаты Дархан Мырзабеков сараптама қорытындысына күмәнмен қарайды. Адвокаттың сөзінше, сот барысында саясаттанушы ретінде сараптама жасаған маманның арнайы білімі болмаған.
- Тергеу барысындағы кей жайттарға қарамастан Санат Досов өзіне тағылған айыпты мойындап, қатты өкінетіндігін айтты. Ол төрт ай тергеу изоляторында отырғанда ақылға келіп, ұстанымын өзгерткен. Кешірім сұраған кезде ол сот әділетті шешім шығарады деп сенді, - дейді адвокат Дархан Мырзабеков Азаттыққа.
Оны Путиннің саясатын сынады екен деп соттап жібергеннен ешкім ештеңе ұтпайды.
Сотталушының "ақылға келіп, ұстанымын өзгерткені" туралы сөзіне байланысты толығырақ түсініктеме беруін сұраған Азаттық тілшісіне адвокат Дархан Мырзабеков қорғауындағы Санат Досовтың әлеуметтік желі мен ондағы белсенділігіне деген көзқарасы түбегейлі өзгергенін айтты. Адвокаттың сөзінше, Досов "желіде ешқандай комментарий жазбай, тыныш жүрмегеніне" өкініш білдірген.
Дархан Мырзабеков сот үкіміне қарсы апелляциялық шағым түсіруге дайындалып жатқанын айтты. Сотталушының әйелі Әсел Жұмағазина бостандықта жүрсе іскер күйеуінің "елге көбірек пайдасы тиер еді" деп санайды.
- Санат "Бизнестің жол картасы - 2020" бағдарламасы бойынша "Самара-Шымкент" тас жолының Хромтау ауданындағы бөлігінен кемпинг салмақ болған еді. Мал шаруашылығымен айналысып, жүздеген адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап отырған. Оны Путиннің саясатын сынады екен деп соттап жібергеннен ешкім ештеңе ұтпайды, - дейді Әсел Жұмағазина.
Санат Досов әлеуметтік желідегі жазбаларында Ресей президенті Владимир Путинді "елді күйретті" деп айыптап, оның саясатын және Кремльдің Шығыс Украинадағы әрекетін де сынаған. Сотта айыбын мойындаған азамат төрт бірдей кәмелетке толмаған баласы барын айтып, өзін бас еркіндігінен айырмауды сұраған.