Accessibility links

Өзбекстаннан шыққан ойынхана иесі «орыс мафиозы» атанды


Алимжан Тохтахунов. Қазан 2010 жыл.
Алимжан Тохтахунов. Қазан 2010 жыл.

«Форбс» журналы АҚШ Орталық барлау басқармасы мен Федералдық тергеу бюросына сілтеме жасай отырып, дүние жүзіндегі ең қауіпті деген 10 қылмыскерді жариялады. Соның бірі – «Тайваньчик» лақап атымен танымал Алимжан Тохтахунов.


Өзбекстанда туған, ұлты ұйғыр Алимжан Тохтахуновқа Ресейде «Тайваньчик» деген лақап ат тағылған. Интерпол Ресейдегі ұйымдасқан қылмыстың жетекшісі ретінде аты шыққан Тохтахуновты «алаяқтық жасады», «қару-жарақ, есірткі және ұрланған көлік сатумен айналысты» деп айыптап, іздеу жариялаған.

СОВЕТТІК МЕНТАЛИТЕТ ПЕН БИЗНЕС

Азаттық радиосының тілшісімен әңгімелескен Алимжан Тохтахуновтың өзі мұны жоққа шығарды.

Алимжан Тохтахунов Азаттықтың орыс қызметіне берген сұхбатында 1989 жылға дейін карта ойыншысы болғанын, өз бизнесін казино ашудан бастағанын айтады. Оның айтуынша, ойын бизнесіне офицерлер, ауқатты адамдар мен жеміс-жидек қоймасы бар саудагерлер де кіріскен. Алайда кейін құмар ойын бизнесіне тыйым салынғанда бизнестің басқа түрімен айналысуға мәжбүр болады.

– Бірақ Совет одағы құлаған соң бизнесті қалай бастаудың жолын білмедім. Бұған советтік түсінікте тәрбиеленгендігіміз себеп болды. Ойын бизнесімде болған адамдар ол тоқтаған соң сауда-саттық жасап, әр жаққа кетіп жатты. Ал біз Совет одағының тәрбиесін көріп өскендіктен, оларды алыпсатар деп ұнатпайтынбыз, – дейді Алимжан Тохтахунов.

1949 жылы Ташкентте туған Алимжан Тохтахунов 1990 жылдары сол кездегі Ресей президенті Борис Ельцинді теннистен жаттықтырған Шамиль Тарпищевтің бизнестегі серіктесі болды. Ресей ақпарат құралдарында жарияланған мәліметтер бойынша, «Тайваньчик» «қылмыстық әлемнің өз заңымен» жүрген әрі Франция, Израиль, Германия, Өзбекстан азаматтығын қатар алған.

КЕПКЕН ЖҮЗІМ МЕН ЕСІРТКІ

2002 жылы Италия құқық қорғау орындары Алимжан Тохтахуновқа Солт-Лейк-Ситиде өткен Қысқы ойындар олимпиадасында «мәнерлеп
Интерполдың Алимжан Тохтахуновқа іздеу жариялаған суреті.

сырғанау сайысының төрешілерін сатып алған» деп айып тағып, тұтқынға алады. Сот оған «француздық екі спортшыға алтын медаль әперіп, оның есесіне француз азаматтығын алмақ болған» деген айып таққанмен, ол толық дәлелденбей, «Тайваньчик» босатылды. Оған себеп – Италия соты мен АҚШ құқық қорғау орындарының тергеу мәліметтері бір-бірімен үйлеспеген еді.

Алимжан Тохтахуновтың өзі бұл оқиғаға телефон әңгімесі себеп болғанын, ал өзінің әрқашан ашық сөйлескенін айтады. Оның пікірінше, телефондағы сөзін Италия прокуроры бұрмалаған.

– Римде жүргенімде маған Ташкенттен телефон соғып, «палау, өзбектің кепкен жүзімі мен Ташкентте өсетін анар салып жіберейік» деп ұсыныс жасаған еді. Прокурор: «Италияда бомба не үшін керек болды сізге?» деп сұрайды менен. Сөйтсем, олар анардың орысшасы «гранатты» –
...олар анардың орысшасы «гранатты» – «граната», ал кепкен жүзім «кишмишті» – «гашиш» деп «тәржімалапты»

«граната», ал кепкен жүзім «кишмишті» – «гашиш» деп «тәржімалапты» да, мені «есірткі және қару-жарақ сатумен айналысасың» деп айыптады, – дейді Алимжан Тохтахунов өзіне тағылған айып жайында.

Бірақ АҚШ-та оған байланысты қозғалған қылмыстық істің әлі жабылмағанын да айта кету керек.

«АРАМТАМАҚ» БРОДСКИЙ МЕН ТОХТАХУНОВТЫҢ ТАҒДЫРЫ

Алимжан Тохтахунов өзіне Ресей құқық қорғау орындары таңған «орыс мафиозы» деген атты мойындамайды. Ол Азаттық радиосының тілшісіне өзінің «шығармашылық адамы» екенін, қылмыстық жауапкершілікке адам өлтіріп, ұрлық жасағандықтан емес, тек төлқұжат ережесін сақтамағаны және «арамтамақ» болғаны үшін тартылғанын айтады. Алимжан Тохтахунов бұл жағынан өз тағдырын Иосиф Бродскийдің өміріне ұқсатады.

– Иосиф Бродский да мен сияқты «арамтамақ» болғаны үшін қуғындалып, шетелге кетіп қалды. Тек бір өзгешелігі – ол шетелде Нобель сыйлығын алды, ал мен «орыс мафиозы» деген атақ алдым, – дейді Алимжан Тохтахунов.

Ол «орыс мафиозы» деген түсініктің ойдан шығарылғанын, 1990 жылдары пайда болғанын айта кетеді.

– 1993-94 жылдары Ресейде заң жұмыс істемей, билік болмағандықтан шығар – бей-берекет заман болды. Сол кездерде мұндайға төзбеген ақшалы адамдар сыртқа кете бастады. Құқық қорғау орындары оларды жібермеу үшін қолдарынан келгенін істеп бағып, «сыртқа кетіп жатқандар
Алимжан Тохтахунов "Любовь-Морковь 3" фильмінің премьерасында. Мәскеу, 28 қаңтар 2011 жыл.

– орыс мафиясы» деген жалған түсінік ойлап тапты. Одан кейін сырттағы «орыс мафиясымен» күресетін мекеме ашты, – дейді «орыс мафиозы».

Ол тергеу орындарының ақшаны қайдан табатынын, оны неге банкте сақтамайтынын, салықты қайда төлейтінін сұрап, берген жауабына қанағаттанбай, «қара тізімге» ілгенін айтады. Алайда, Алимжан Тохтахуновтың айтуынша, ол тергеу ешнәрсе бітіре алмаған.

САЯСАТ ПЕН САЯСАТКЕР ТУРАЛЫ

2002 жылға дейін ойынханалары болған Алимжан Тохтахуновқа «Қысқы олимпиада ойындарында төрешіні сатып алды» деген айыптаудан кейін біржола Мәскеуге оралды.

Азаттық тілшісі Алимжан Тохтахуновтан саясат жайлы пікірін сұраған еді. Ол саясатқа араласқысы келетінін, тәжірибесі жеткілікті екенін, Ресейге көмектескісі келетінін айтты.

– Мемлекетті басқарып отырған алаяқтардан гөрі, түк бітірмейтіндерден гөрі әлдеқайда артық пайдамды тигізер едім. Бірақ өмірбаяныма «дақ» түскендіктен саясатқа араласа алмаймын, – деді.

Бірақ «мемлекетті басқарып отырғандардың» бірі – Ресей премьер-министрі Владимир Путинмен Монте-Карлода кездескен «Тайваньчик» ол туралы жақсы пікір айтты. Владимир Путиннің «харизмалық қабілетін» ерекше бағалайтын Алимжан Тохтахунов оның қызметте өсуіне назар аударып отырыпты.

Алимжан Тохтахунов қазір «Отандық футбол қорын» басқарады, Sport Fashion Style журналын шығарады. «Адамның істейтін жұмысы болса ғана тұрақтылық болады» дейді өзін бизнесмен санайтын «орыс мафиозы».
XS
SM
MD
LG