Алматы мен Астанада жасанды интеллект көмегімен адамның бет-жүзін танитын жүйе іске қосылды. Ол іздеуде жүрген адамдарды тануға, қоғамдық орындарда қалған заттар жөнінде хабар беруге, заңсыздықтарды автоматты түрде тіркеуге, көліктерді анықтауға мүмкіндік береді деп хабарлады ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі.
Мұндай "ақылды" камералар темір жол вокзалдарында, аэропорттарда, қонақүйлерде, сауда орындарында, көшелерге орнатылған.
"Жүйе өз тиімділігін көрсетті. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізу кезінде Астанада қоғамдық орындарда жоғалған балаларды, сондай-ақ есепте тұрғандар мен хабар-ошарсыз кеткен адамдарды жедел табуға мүмкіндік туды" деп жазылған ресми хабарламада.
Осындай жүйенің көмегімен Астанада іздеуде жүрген – 46 адам, Алматыда 30 адам табылып ұсталған.
Министрліктің мәліметінше, қазіргі кезде елде 1 млн 359 мың бейнекамера бар, 310 мыңы жедел басқару орталықтары және полицияның кезекші бөлімдерінде орнатылған. Дегенмен олардың қаншасы "ақылды" екені жөнінде мәлімет жоқ.
Бұған дейін Азаттық Қазақстанда кеңінен қолданылатын қытайлық Hikvision мен Dahua Technology өнімдерінің қауіпсіздігі мәселесін зерттеп көрген.
ПІКІРЛЕР