Amnesty International (АІ) халықаралық құқық қорғау ұйымы 2015 жылы әлемде адам құқығы және оны қорғайтын заңдар мен институттарға қауіп төніп тұр деп мәлімдеді. Ұйым бұл туралы "Әлемдегі адам құқығының жай-күйі" деп аталатын баяндамасында айтқан. Баяндамада ұйым адам құқықтарын қасақана елемейтін немесе оны шектеу шараларын жасайтын елдерге құқық сақтауға қатысты қауіп сейілмегенін де білдірген.
"Әлемдегі адам құқығы жағдайы" деп аталатын баяндамасында Лондонда орналасқан бұл ұйым әлем елдері үкіметтерін халықаралық заңдар мен жеке адам құқығын қорғайтын институттарды саяси және қаржылай қолдау көрсетуге шақырды.
Ұйым БҰҰ-ның адам құқығы институттары, Халықаралық қылмыстық сот, Еуропа кеңесі мен Америка адам құқықтары жүйесінің қызметі адам құқықтары жай-күйін бақылаудан тартынатын елдерде бұзылып отырғанын баса айтады.
СЫНАЛҒАН ЕУРОПА ОДАҒЫ
AI сарапшылары адам құқығы жай-күйінің нашарлауына ел үкіметтерінің қауіпсіздікке төнген қатерге, оның ішінде соғыс пен терроризмге жауап шаралары себеп дейді.
- Көптеген елдердің ұлттық қауіпсіздікке төнген қауіпке қате реакция білдіруі азаматтық қоғамды, жеке бас қауіпсіздігі құқығын, ой-пікірін білдіру еркіндігін күйретіп жатыр. Қате реакция адам құқығын бос сөзге айналдырып, оны ұлттық қауіпсіздікке, заң мен тәртіпке және "ұлттық құндылықтарға" қарсы қойып отыр, - дейді Amnesty International ұйымының бас хатшысы Салил Шетти.
Баяндамада адам құқығын құрметтеу әлемнің Еуропа Одағы сияқты адам құқығын қорғайтын дәстүр мен институттары орныққан аймағында да кері кеткені айтылады. Ұйым бұл 2015 жылғы босқындар дағдарысы мен Франциядағы террорлық шабуылдарда байқалғанын айтады.
"Әлемдегі 500 миллионнан астам халқы бар, бай саяси блок - Еуропа Одағы бұл проблемаларға ортақ, адамгершілікке сай, адам құқығын құрметтейтіндей жауап таба алмады" делінген ұйым есебінде.
AI 2015 жыл Еуропада және бұрынғы совет республикаларында адам құқығы үшін ауыр жыл болғанын айтады.
Ресейде ой-пікірін білдіру мен бейбіт жиын өткізу еркіндігі қатаң шектеу жалғасып, ұлттық қауіпсіздік пен экстремизмге қатысты тиянақсыз заңдардың көмегімен азаматтық қоғамның үнін тұншықтыру әрекеттері өріс алған.
РЕСЕЙ МЕН ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ АХУАЛ
Баяндамада Ресейдегі үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ) қудалауға түсіп жатқаны айтылады. Ресей 2012 жылы қабылданған шетелден қаржы алатын ҮЕҰ-ны "шетел агенті" деп тіркеуден өтуді талап ететін заң бойынша өз әрекетін одан әрмен жалғастырып отыр.
- Біз Ресейде ой-пікір білдіру еркіндігін, бейбіт жиын өткізу еркіндігіне қатаң шектеу қойып отырғанын көріп отырмыз. ҮЕҰ бірнеше жылдан бері қысымда қалып отыр және қудалау күшее түсті. Үкіметтік емес ұйымдар жабылып, айыппұлдар салынып жатыр, - дейді AI-дың Еуропа және Орталық Азия бағдарламасының директоры Денис Кривошеев.
Ол Ресейде бейбіт жиын өткізу тәртібін қайталап бұзғандарға қылмыстық жаза қолданатын жаңа заң қабылданғанын да айтады.
AI Мәскеудің Украина шығысындағы қақтығысқа килігуін тоқтатпауы екі елдегі адам құқығына да кері әсер еткенін айтады. Кривошеевтің сөзінше, Ресейде Мәскеудің Украинаға қатысты саясатын сынағандар, ал Украинада ресейшіл көзқарасын ашық білдірген журналистерді қудалау күшейген.
AI Орталық Азия елдерінде де адам құқығына қатер төніп отырғанын ескертіп, аймақтағы кейбір елдер Ресейдің әдісін қолдануға тырысып жатқанын айтады.
- Мысалы, Қырғызстан парламенті Ресейде қабылданған "шетел агенті" туралы заңға ұқсас заң қабылдауға тырысты. Заң жобасы әуелде парламентте мақұлданғанымен, кейін оны кеңесу үшін кері қайтарып алды. Дегенмен, жобаның парламентке қайтарылып, қабылданып кету қаупі бар, - деді Кривошеев.
Ұйым Қазақстанда да адам құқығының жағдайы билік ҮЕҰ-ға грант бөлуді және шетелден келетін қаржыны реттейтін мемлекеттік агенттік құрған соң нашарлағанын айтады.
Орталық Азиядағы өзге үш ел - Тәжікстан, Өзбекстан мен Түркіменстанда азаптау мен басқа да адам құқығын бұзу жалғасып, бұрынғыдай репрессивті күйде қалып отыр.