Инфекциялық ауру кезінде антидененің рөлі қандай? Коронавирусқа қарсы иммунитет қалай қалыптасады және қанша уақыт сақталады? Жазылып шыққан адамның плазмасы басқа науқасқа көмек бола ма? Ағзадағы антиденелер саны азайып кетсе иммунитет әлсірей ме? Азаттық осы және өзге сұрақтарды вирусолог және иммунолог мамандарға қойды.
АНТИДЕНЕ ДЕГЕН НЕ?
Ағзаға қандай да бір беймәлім материя немесе антиген түскенде иммундық жүйе реакция білдіреді. Нәтижесінде антидене деп аталатын молекулалар түзіліп, олар әлгі материяны не жояды не бұғаттайды.
АҚШ-та тұратын қазақстандық ғалым, иммунология және вирусология профессоры, Locus Solutions компаниясының вице-президенті Кен Әлібек иммундық реакцияға T және B жасушалары жауапты дейді.
- Т және B жасушылары иммундық жүйенің бөлігі саналады. Олар инфекциялық агенттерді бұғаттап, түрлі қызмет атқарады. Т жасушалары жасушалық иммунитетке, B жасушылары гуморалды иммунитетке жауапты. Антидене немесе иммуноглобулин деп аталатын ақуызды осы B клеткалары түзеді. Коронавируске қарсы түзілген антиденелер адам қанындағы вирусқа жабысып, оны "қозғалыссыз" күйге келтіреді де, инфекциялық процеске қатысуын болдырмайды. Иммуноглобулиннің А, D, G, E және M деген бес түрі бар. Бірақ инфекциядан қорғануда маңызды рөл атқаратыны M және G иммуноглобулиндері. Коронавируске қарсы антиденелер инфекция жұққаннан кейін бірден пайда болмайды. Олардың түзілуіне 1-3 апта қажет, - дейді маман.
Украиналық диетолог-иммунолог, Goncharova Clinic клиникасының жетекшісі Людмила Гончарованың сөзінше, Т жасушаларының негізгі міндеті – иммундық жүйеге антиген туралы уақтылы ақпарат беру.
- Ағзаға антиген түскенде Т лимфоциттері (жасушылары) иммуноглобулин бөліміне белгі беріп, оның қай жерде екенін хабарлайды. Осыдан кейін иммундық жүйе B жасушалары арқылы қажет иммуноглобулиндерді өндіреді. Иммуноглобулиннің A, D, G, E, M секілді түрлерінің ішінде бактериялық және вирустық инфекцияға көбіне G иммуноглобулині жауапты. Ал M қабынуға жауапты. Вирустық инфекция өздігінен қабынуға әкелмейді. Сол үшін егер ағзада M иммуноглобулинінің мөлшері артып кетсе, бұл бактериялық не зең инфекцияларының көбейіп жатқанын білдіреді, - дейді ол.
АНТИДЕНЕ АДАМ АҒЗАСЫНДА ҚАНША УАҚЫТ САҚТАЛАДЫ?
Иммунология және вирусология профессоры Кен Әлібек “Антиденелердің ағзадағы қаншалық ұзақ сақталатыны жөнінде нақтылық жоқ. Бірақ кейінгі зерттеулер антиденелердің инфекциядан қорғау тиімдігі ұзақ уақыт сақталмауы мүмкін деген қорытындыға келді. Мәселен, Nature Medicine журналында 18 маусым күні жарияланған мақалада Covid-ке шалдығып, жазылып шыққан адамдардарда антидене саны екі-үш айдан кейін-ақ азаяды деп жазылған. Антиденелердің азаюы симптомсыз ауырған науқастарда қаттырақ байқалған" дейді.
АНТИДЕНЕ АЗАЙСА, ИММУНИТЕТ АЗАЙСА ШЕ?
"Коронавирус қайта жұға ма?", "Иммунитет пен антидене өмір бойы сақтала ма?" деген сауал төңірегінде ғалымдар әлі бас қатырып жатыр.
Covid инфекциясын қайта жұқтырды деген адамдардың болғаны бертінге дейін хабарланбаған еді. Бірақ 24 тамызда Гонконг университетінің ғалымдары 33 жастағы ер адамның төрт жарым айдан кейін қайта коронавирус жұқтырғанын мәлімдеді. Қазір науқаста сипмтом жоқ. Зерттеушілердің сөзінше, екінші рет табылған вирустың РНҚ-сы бірінші вирустың штамынан өзгеше.
Ғалымдар Covid індетімен ауырған адамдарда вирусқа иммунитет қалыптасатынын айтқан еді, бірақ бұл иммунитет қаншалықты пайдалы және қашанға дейін қорғай алатыны әзірге анық емес. Гонконгтің 33 жастағы тұрғынының вирусты екінші рет жұқтыруы Covid індетіне иммунитет ұзаққа жарамауы мүмкін деген күдікті күшейтті.
Гонконг тұрғыны сәуірде коронавирус жұқтырып, емделіп шыққан. Бірақ тамызда Испаниядан оралғанда әуежайда тапсырған анализінен тағы вирус табылған.
Микробиология және вирусология институты Вирустар экологиясы зертханасының меңгерушісі Айдын Қыдыраманов вирус ағзаның иммундық жадында сақталып қалатынын айтады.
- Антидене өмір бойы сақталмаса да, ауырған адамның антигенге қарсы иммундық жады қалады. Яғни, вирусты бір рет жұқтырған адам қайта жұқтырмайды. Бірақ коронавирусқа қатысты зерттелмеген ақпарат көп болғандықтан, бұл вирус қайта жұқпайды деп дөп басып айту қиын. Иммунология ғылымының заңдылығына сәйкес, ағзаға қандай да бір ауру қоздырғыш түссе, оған қарсы әртүрлі деңгейде антидене пайда болады. Олай болмауы мүмкін емес. Антидененің түзілуі және ыдырауы адам иммунитетіне байланысты. Кейде 21 күнге, кейде бірнеше айға дейін сақталуы мүмкін. Бірақ антидене иммундық жадта өмір бойы сақталады. Мысалы, шешек ауруына қарсы вакицинаны бір рет cалдырамыз. Адам ағзасы онымен кездессе, бұл вирустық инфекцияны жұқтырмайды. Өйткені адам ағзасында антидене түзілді, оның иммундық жадында сақталды. Антиденелер азайып кетіп, зертханалық тестімен анықталмайтын деңгейге жетсе де, ағзаға бұрынғы вирус түскенде антиденелердің қажет мөлшері қайта түзіледі. Ағза вирусқа алғаш тап болғанда антиденелердің түзілуіне бір-екі апта уақыт кетcе, вирусты екінші рет жұқтырғанда иммунитет жадында ол вирус туралы ақпарат болып, антиденелер тезірек пайда болады, - дейді ол.
Гарвард университетінің иммунологы, доктор Майкл Мина New York Times газетіне берген сұхбатында осы пікірді қуаттаған.
"Инфекция жұқтырғанда антиденелерді түзетін клеткалар плазмобластар (B-клеткалары ағзаға инфекция түскенде плазмобластат деп аталатын плазма клеткаларына айналады – ред.) деп аталады. Олар геометриялық прогрессиямен көбейіп, саны бірнеше миллионға жетеді. Бірақ ағза бұл мөлшерді тұрақты ұстап тұра алмайды. Инфекция басылған соң, осы клеткалардың шағын бөлігі сүйек кемігіне еніп, ұзақмерзімді иммундық жад құрады. Осының арқасына антиденелер қажет жағдайда қайта көбейе алады. Ал артылып қалған плазмобастар не ыдырайды не өледі" дейді Мина.
Ал украиналық диетолог-иммунолог Людмила Гончарова антидене азайғанда дұрыс тамақтану арқылы иммундық жасушаларды күшейту керегін айтады.
- Антидене жойылған жағдайда Т жасушаларының аурумен күресе алуы ағзаның күшіне байланысты. Сол себепті иммундық клеткалардың әлеуетін күшейту керек. Ал ол үшін мен әр адамға өзінің геніне сай қоректенуді ұсынамын. Ағзаңыз жақсы қорытатын ақуызбен тамақтансаңыз, иммундық клеткалардың түзілуіне қажетті материалдар көп болады. Ал егер сіз жеген тамақты ағзаңыз қорыта алмаса, бұл иммундық жүйеге салмақ түсірмек. Иммунитетіңіз ол тамақты жоюға талпынады, бірақ жоя алмайды, себебі ол тамақ, егер сіздің асқазаныңызға түссе, ол тірі азға емес деген сөз. Бұл ағзаның зорығуына әкеледі, - дейді ол.
КОРОНАВИРУСТАН АЙЫҚҚАН АДАМНЫҢ ҚАНЫНДАҒЫ АНТИДЕНЕ БАСҚА НАУҚАСҚА ЕМ БОЛА МА?
Әлем елдерінде дәрігерлер Covid індетін емдеу үшін дерттен айыққандардың қан плазмасын құйды. Мұндай емді Қазақстан дәрігерлері де пайдаланғаны айтылады. Бірақ қан плазмасын құю да Covid індетінің нақты емі деп айту қиын, себебі жаңа коронавирустың ресми бекітілген ем-домы әлі жоқ.
Людмила Гончарова "21 ғасырдың медицинасы әр адамның өзіне ғана тән қаны, T-жасушалары, иммуноглобулиндері болатынын көрсетті. Егер адам коронавирус науқасының қанын құйдырса, оның иммундық жүйесіне соққы жасалады. Егер ол адамның ағзасы зорыққан болса, ал қазір көп адамның иммунитеті зорыққан, ағзада түрлі қиындықтар туады. Сол себепті қан құюды рулетка (азарт ойынының атауы, ондағы жеңіс кездейсоқтыққа тәуелді - ред.) деп атар едім" дейді.
Ал вирусолог Айдын Қыдыраманов "Қан плазмасаның 75 пайызы G иммуноглобулинінен тұрады. Сол себепті аурудан айыққан адамның қан плазмасы көмектесуі мүмкін. Өйткені оның құрамындағы иммуноглобулиндер ауру қоздырғышын жояды. Сондықтан аурудың салдарын жеңілдетіп, толық сауығып кетуіне көмектесуі мүмкін" дейді.