Accessibility links

 
Биліктен оппозицияға, оппозициядан билікке секіру. "Ақ жол" партиясының трансформациясы

Биліктен оппозицияға, оппозициядан билікке секіру. "Ақ жол" партиясының трансформациясы


"Ақ жол" партиясының жетекшісі Әлихан Бәйменов. 4 желтоқсан 2005 жыл.
"Ақ жол" партиясының жетекшісі Әлихан Бәйменов. 4 желтоқсан 2005 жыл.

Осыдан 19 жыл бұрын, 2002 жылғы 3 сәуірде "Ақ жол" демократиялық партиясы құрылды. Бизнесмендер мен бұрынғы шенеуніктерден және интелигенция өкілдерінен құралған партия аз уақытта беделді саяси ұйымдардың біріне айналып, біршама халықтың ықыласын алды. "Ақ жол" көп ұзамай екіге бөлінді, оның бір бөлігі құрдымға кетіп, екіншісі біртіндеп парламенттегі билікшіл партияға айналды.

"АҚ ЖОЛ" ҚАЛАЙ ҚҰРЫЛДЫ?

2001 жылдың күзінде Қазақстан өкіметіндегі бір топ лауазымды қызметкер мен бизнесмен елдегі саяси-экономикалық ахуалды өткір сынап, "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) оппозициялық қозғалысын құрды. Бұл – Қазақстан тарихындағы үкімет мүшелері биліктен тобымен кеткен алғашқы оқиға еді. Сол кездегі премьер-министр Қасым-Жомарт Тоқаев оппозицияға кеткен Павлодар облысының әкімі Ғалымжан Жақияновты, вице-премьер Ораз Жандосовты және бұрынғы министр Мұхтар Әблязовті "киндер-сюрприздер" деп атады және сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтан ҚДТ-қосылған лауазымды тұлғаларды қызметінен алуды сұрады.

2002 жылы бұрынғы вице-премьер Ораз Жандосов, бұрынғы еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Әлихан Байменов және бұрынғы депутат Болат Әбілев ҚДТ-дан бөлініп шығып, "Ақ жол" партиясын құратынын мәлімдеді. Олар "Ақ жол" партиясы "радикал оппозиция емес, билікпен келісімге келе алатын конструктивті саяси күш болады" деп жариялады. Оған бизнес пен қаржы салаларында, биліктің түрлі сатыларында лауазымды қызмет атқарған тұлғалар қосылды.

Ал "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысында қалған Жақиянов пен Әблязовтің үстінен қылмыстық іс қозғалып, екеуі де түрме жазасына кесілді, ҚДТ-ның өзі саяси ортадан біртіндеп ығыстырылды. "Қазақстанның демократиялық таңдауы" Коммунистік партиямен альянс құрып, сайлауға да қатысты, бірақ кейіннен екеуі де заңды саяси ұйым ретінде жұмысын жалғастыру мүмкіндігінен айырылды.

Қазір Жақиянов саясаттан алыс. Ал Қазақстанда бірнеше іс бойынша сырттай сотталған, шетелде тұрып жатқан Мұхтар Әблязов "режимге қарсы" саяси күресте ҚДТ атауын әлі де пайдаланады. Қазақстан соты ҚДТ-ны "экстремистік ұйым" деп танып, оның жұмысына тыйым салды, ал Еуропарламент оны "бейбіт саяси қозғалыс" деп атады.

КОНСТРУКТИВТІ ПАРТИЯНЫҢ ЖЕҢІСТЕРІ

2002 жылғы сәуірдің басында "Ақ жол" демократиялық партиясы ресми түрде тіркелді.

Биліктегі ықпалды тұлға, ақпарат министрі, қауіпсіздік кеңесінің хатшысы қызметтерін атқарған Алтынбек Сәрсенбайұлы алғашында бұл саяси өзгерістерден тысқары жүрді. Ол тек 2003 жылы желтоқсанда Қазақстанның Ресейдегі елшісі қызметінен кетіп, "Ақ жол" партиясына тең төраға болып қосылды. Либерал-демократиялық бағыт ұстанамыз деген партияның бес бірдей тең төрағасы болды. Олар: Әлихан Бәйменов, Людмила Жуланова, Ораз Жандосов, Болат Әбілев және Алтынбек Сәрсенбайұлы.

"Ақ жол" партиясының үшінші съезінде Алтынбек Сәрсенбай тең төраға болып сайланды. Алматы, 2004 жыл.
"Ақ жол" партиясының үшінші съезінде Алтынбек Сәрсенбай тең төраға болып сайланды. Алматы, 2004 жыл.

2004 жылы шілдеде Алтынбек Сәрсенбайұлы ақпарат министрі болып тағайындалды. Осылайша оппозициялық партия өкілі Қазақстан тарихында алғаш рет үкімет құрамына кірді. Мұны сол кездегі сарапшылар биліктің "Ақ жол" партиясынан сескенуі, "Ақ жол" партиясының "билікпен жұмыс істеуге дайындығы" деп бағалады.

2004 жылғы 19 қыркүйекте өткен мәжіліс сайлауында биліктегі "Отан" (қазіргі "Нұр Отан") партиясы 60 пайыздай дауыс жинаса, "Ақ жол" 12 пайыздай дауыспен екінші орынды иеленді. Сайлау аралас әдіспен өтті: 67 депутат бірмандатты округтерден сайланса, он орын пропорционалдық әдіспен партиялар арасында бөлінді. Нәтижесінде, екінші орын алған партияға мәжілістен екі мандат қана (партиялық тізіммен бір орын, бірмандатты округтен – бір орын) бұйырды. Есесіне Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаеваның "Асар" партиясы үшінші орында болса да, төрт орын иеленді. "Ақ жол" "сайлау әділетсіз өтті" деп, жалғыз мандатты пайдаланудан бас тартты.

Алтынбек Сәрсенбайұлы билік саясатымен келіспейтінін, сайлаудың әділетсіз өткенін айтып, ақпарат министрі қызметінен кетті.

"АҚ ЖОЛ" ҚАЛАЙ ЕКІГЕ БӨЛІНДІ?

2005 жылдың басында "Ақ жолдың" тең төрағалары арасында келіспеушілік туды. 15 наурызда Әлихан Бәйменов пен Людмила Жуланова "Ақ жол" съезін өткізіп, тең төраға институтын жойды. Съезде Әлихан Байменов төраға, Людмила Жуланова орынбасар болып сайланды. Жарғысы қайта жазылған партияны билік тез арада тіркеуден өткізді.

"Ақ жол" партиясының жетекшісі Әлихан Бәйменов. 17 қараша 2015 жыл.
"Ақ жол" партиясының жетекшісі Әлихан Бәйменов. 17 қараша 2015 жыл.

Алтынбек Сәрсенбайұлы, Болат Әбілев және Ораз Жандосовтар бұл съезді заңсыз деп есептеді, ал Әлихан Бәйменовті "оппозицияны сатып кетті" деп айыптады. Артынша олар "Нағыз Ақ жол" партиясын құрды. Бірақ билік "Нағыз Ақ жолды" тіркеген жоқ. Саяси сарапшылар "танымал "Ақ жолдың" екіге жарылғаны оппозицияға үлкен соққы болды, билік партия басшыларының келіспеушілігін тиімді пайдаланды" деп тұжырым жасады.

Осы кезеңде ауқымды электораты бар Серікболсын Әбділдин бастаған Қазақстанның коммунистік партиясы да екіге бөлініп, коммунистердің бір тобы Қазақстанның комунистік халық партиясын құрып кетті. Сол тұста сарапшылар "билік ықпалды саяси күштерді осындай әдіспен әлсіретіп жатыр" деген болжамдар айтты.

"Ақ жол", кейін "Нағыз Ақ жол" Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірін реформалау бойынша салмақты ұсыныстар жасап, оппозициялық топтардың басын біріктіруде үлкен рөл атқарды. Президент сайлауы қарсаңында оппозициялық күштердің үйлестіру кеңесі құрылып, олар додаға жалғыз кандидат ретінде мәжілістің экс-спикері Жармахан Тұяқбайды шығарды. Партия үкіметтің экономикалық саясатына талдау жасап, экономикалық реформаның балама жолдарын ұсынды. Мұнымен қоса, оппозициялық күштер Қазақстанның жаңа конституциясының жобасын әзірледі. Жобада Қазақстанды парламенттік басқару формасына көшіру көзделді, бір адамның бес жыл мерзімге бір рет қана президент болып сайлануына мүмкіндік беріледі делінді.

Қазақстан оппозицияларының лидерлері "Әділетті Қазақстан үшін" қозғалысының съезінде. Солдан оңға қарай: Ораз Жандосов, Заманбек Нұрқаділов, Жармахан Тұяқбай, Алтынбек Сарсенбай, Болат Әбілов, Асылбек Қожахметов және Гүлжан Ерғалиева. Алматы, 2005
Қазақстан оппозицияларының лидерлері "Әділетті Қазақстан үшін" қозғалысының съезінде. Солдан оңға қарай: Ораз Жандосов, Заманбек Нұрқаділов, Жармахан Тұяқбай, Алтынбек Сарсенбай, Болат Әбілов, Асылбек Қожахметов және Гүлжан Ерғалиева. Алматы, 2005

2005 жылғы 4 желтоқсанда өткен президент сайлауына "Ақ жол" партиясының төрағасы Әлихан Байменов қатысып, 1,61 пайыз дауыс алды. "Нағыз Ақ жол" біріккен оппозиция кандидаты Жармахан Тұяқбайды қолдады. 2006 жылғы ақпанда "Нағыз Ақ жол" партиясының бас идеологы саналған тең төраға Алтынбек Сәрсенбайұлы қастандықпен өлтірілді.

Содан кейін "Нағыз Ақ жолдың" белсенділігі төмендей бастады. Партия тіркелмеген соң, оның басшылары Болат Әбілев пен Ораз Жандосов біртіндеп саясаттан кетті.

Әлихан Байменов жетекшілігіндегі "Ақ жол" партиясы да бұрынғы қарқынын азайтты. 2007 жылғы шілдеде "Ақ жол" партиясына Қазақстанның сол кездегі президенді Нұрсұлтан Назарбаевтың сенімді серігі саналатын Мақсұт Нәрікбаев басқаратын "Әділет" партиясы қосылып, үш айдан кейін қайта бөлінді. Партия 2007 жылы өткен парламент сайлауына да қатысқанымен, орын ала алмады. Ал 2011 жылы ақпандағы президент сайлауына партия ешкімді ұсынбады, Әлихан Бәйменовтің өзі де додаға түспеді.

"АҚ ЖОЛ" ҚАЛАЙ БИЛІКШІЛ ПАРТИЯҒА АЙНАЛДЫ?

2011 жылғы 2 шілдеде "Ақ жол" съезінде "Атамекен" кәсіпкерлер палатасының басшысы Азат Перуашев партия төрағасы болып сайланды. Перуашев бірер күн бұрын ғана Назарбаевтың "Нұр Отан" партиясынан шыққан еді. Перуашевтің "бір партиядан шығып, сол күні екінші партияға төраға бола салуын" сол кездегі сарапшылар "Ақ жол" партиясының трансформациясымен байланыстырды, "Ақ жол" партиясы ашық түрде билікшіл партияға айналды" деп санады.

Азат Перуашев, "Ақ жол" партиясының жетекшісі. Астана, 20 қаңтар 2015 жыл.
Азат Перуашев, "Ақ жол" партиясының жетекшісі. Астана, 20 қаңтар 2015 жыл.

Азат Перуашев "Ақ жолға" дейін билікті жақтайтын "Азаматтық партияны" сегіз жыл басқарып, 2006 жылы оны "Нұр Отанға" қосқан еді. Партия басшылығын Азат Перуашевқа берген Әлихан Байменов мемлекеттік қызмет агенттігінің төрағалығына тағайындалып, Нұрсұлтан Назарбаев алдында ант берді.

Төрағалыққа Перуашев келгелі партия парламент мәжілісінен (2012, 2016, 2021) тұрақты орын алып келеді. Партия өзін конструктивті оппозиция деп сипаттайды, бірақ экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевты қолдайтынын жиі айтады.

Азат Перуашев 2019 жылы наурызда Нұрсұлтан Назарбаев президенттік өкілетін тапсырғанда қимастықтан көзіне жас алғанымен есте қалды.

2019 жылы президент сайлауы тұсындағы қарсылық акцияларынан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған "саяси реформалар" барысында заңға "парламенттегі оппозиция" ұғымы енгізілді. "Ақ жол" өзін парламенттік оппозиция ретінде көрсетуге тырысты. Ресми нәтиже бойынша, партия 2021 жылғы 10 қаңтарда өткен мәжіліс сайлауында жеті пайыздық межеден өтіп, парламенттен 12 мандат иеленді. ЕҚЫҰ бақылаушылары бұл сайлауда "саяси бәсеке болмады", "сайлау халықаралық стандарттарға сай өтпеді" деп мәлімдеді.

Саяси сарапшылар "Ақ жол" партиясын "парламенттік оппозиция" деп атау арқылы билік саяси реформалар имитациясын жасап отыр деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG