Қазақстанның төтенше жағдай министрлігі Azerbaijan Airlines компаниясының жолаушы ұшағы құлаған Маңғыстау облысындағы жерден түсірілген суреттерді жариялады.
ТЖМ: Маңғыстаудағы ұшақ апатынан зардап шеккен 29 адам ауруханаға түсті
Ақтау маңында құлаған Azerbaijan Airlines компаниясының Embraer E-190 жолаушы ұшағында болған 29 адам ауруханаға жатқызылды, екеуі – бала деп мәлімдеді Қазақстанның төтенше жағдай қызметінің өкілі сәрсенбі күні түстен кейін. Ол ұшақ құлаған жерде құтқару жұмысы жалғасып жатыр деді.
Министрлік ұшақ апатында қаза болғандар мен зардап шеккендердің тізімі анықталып жатқанын айтты. Ақтауға Әзербайжанның төтенше жағдай министрі Кәмаладдин Гейдаров ұшып келген.
Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, ауруханаға түскен адамдар арасында Әзербайжанның – 14, Ресейдің – 10, Қырғызстанның екі азаматы және қай елдің азаматы екені белгісіз үш адам бар. Олардың бірі Германияда тұрады делінген.
Бұған дейін тараған ақпаратта, Ақтау маңына құлаған ұшақта Қазақстанның 6 азаматы болған деген дерек айтылған.
Кейінгі мәлімет бойынша, 25 желтоқсанда Ақтау қаласы маңына құлаған Azerbaijan Airlines компаниясының Embraer E-190 жолаушы ұшағында болған 32 адам тірі қалған. Әзербайжан бас прокуратурасының өкілі Кенан Зейналов сәрсенбі күні баспасөз жиыны кезінде осылай деп мәлімдеді.
"Оларға медициналық көмек көрсетіліп жатыр", – деген Зейналов мәлімет жаңарып отырғанын айтты.
Бұған дейін Ақтаудағы ауруханаларға ұшақ апатынан зардап шеккен 29 адам жеткізілген деген ақпарат жарияланған еді.
Маңғыстау облысының көпбейінді ауруханасына 27 адам түскен. 11 адамның жағдайы ауыр, олар жансақтау бөліміне жатқызылды деп хабарлады Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасы.
Облыстық балалар ауруханасына түскен 11 және 16 жастағы 2 қыз баланы операцияға дайындап жатыр. 11 жастағы баланың миы шайқалған, жамбас сүйегі сынып, денесінің бірнеше жері көгеріп қалған.
16 жастағы қыз баланың да миы шайқалған, аяғы сынған, 1-2-дәрежелі травматикалық шок алған.
25 желтоқсанда маңғыстаулық блогер Азамат Сәрсенбаевты полиция ұстады. Бұл жөнінде блогер Facebook-тегі парақшасында хабарлап, өзін полиция басқармасына апара жатқанын айтты.
Азамат Сәрсенбаев сол күні Ақтау маңына Әзербайжанның Embraer E-190 жолаушы ұшағы құлаған жерді фотоға түсірген. Блогер өзін полиция осы үшін ұстаған болуы мүмкін деп топшылайды.
Кейінірек Маңғыстау облыстық полициясының баспасөз қызметі Азамат Сәрсенбаев ұшақ апаты болған жерде "дрон ұшырып, құтқарушылар жұмысына кедергі келтіргені" үшін ұсталды деп хабарлағанын The Village Қазақстан басылымы жазды. Полиция өкілдері блогерге "заңға сәйкес шара қолданылатынын" айтқан.
ПІКІРЛЕР