Accessibility links

Армения оппозициясы дағдарып қалды


Армениялық саясаткер Гагик Царукян. Ереван, 3 ақпан 2014 жыл.
Армениялық саясаткер Гагик Царукян. Ереван, 3 ақпан 2014 жыл.

Арменияда президент Серж Саргсянның басты қарсыласы Гагик Царукян «билікті құлату операциясын» бастау райынан айныды. Ал сарапшылар елде шынайы демократияның белгілері әлі де аз екенін айтады.

Армения президенті Серж Саргсян мен оның басты саяси қарсыласы, оппозициялық «Баргавач Айастан» («Гүлденген Армения») партиясының жетекшісі Гагик Царукян арасындағы тірес соңғы уақытта қатты өршіп кеткен. Бірақ қарсыласымен құпия кездесу өткізген күннің ертесінде мәлімдеме жасаған Царукян басқаша сөйледі.

Оппозиция басшысы осыған дейін «Армения басшылығы елдегі билік жүйесін өзгертіп, президенттік республикадан парламенттік республикаға айналу жоспарынан бас тартпаса, біз халықты жұмылдырып, мерзімінен бұрын сайлаулар өткіздіртеміз» деп келген. Бірақ ақпанның 18-інде сөйлеген Царукян «мәселелерді бейбіт, заңды әрі саяси әдістермен шешу қажет» екенін айтты. Соған қарағанда, екі саясаткердің арасында ауызша келісім болған сияқты.

Алайда Саргсянның Республикалық партиясы Арменияның ең бай бизнесмендерінің бірі саналатын Царукянды депутаттық мандатынан айырып, оның компанияларының төлеген салықтарын тексеруді әлі де талап етеді. Олардың айтуынша, президенттің қарсыласы парламент отырыстарына көп қатыспайды әрі салық төлеуден жалтарып жүрген болуы мүмкін.

Царукянның бұлайша кілт бұрылуы онсыз да әзер бас біріктіріп отырған оппозициялық коалицияны қайта ыдыратып жіберетін түрі бар. Бұл коалицияның құрамына «Баргавач Айастан» партиясымен қоса «Армения ұлттық конгресі» және «Жарангутюн» («Мұра») партиялары кіреді. 20 ақпанда өткен шағын митингіде «Жарангутюн» партиясының басшысы Раффи Ованнисян «Царукян мен президент Саргсян арасында «бітім» жасалғандықтан, оппозициялық коалицияны тарап кетті деп есептеуге болады» деді. Бірақ ол елдегі саяси режимді өзгертуді көздейтін кез келген саяси ұйыммен бірігуге әзір екендіктерін де ескертті. Бұл партия президент Саргсянның биліктен кетуін табанды түрде талап етіп келеді.

САРГСЯН БИЛІКТЕ ҚАЛҒЫСЫ КЕЛЕ МЕ?

Армениядағы оппозициялық күштердің басын біріктірген нәрсе – үкімет ұсынған конституциялық реформалар жобасы. Олардың айтуынша, конституцияға өзгерістер енгізу арқылы президент Саргсян 2018 жылдың көктемінде екінші президенттік мерзімі біткеннен кейін де елдегі шешім қабылдаушы басты тұлға ретінде билікте қала беруді көздеп отыр.

Армения президенті Серж Саргсян. Ереван, 5 желтоқсан 2014 жыл.
Армения президенті Серж Саргсян. Ереван, 5 желтоқсан 2014 жыл.

Конституциялық реформа жобасы бойынша Армения президенттік республикадан парламенттік республикаға айналады, яғни президент тек номиналды мемлекет басшысы болып қалады да, барлық билік премьер-министрдің қолына көшеді. Армения өкіметі бұл жобаны 2014 жылғы қазанда халықтың талқысына ұсынған. Еуропа кеңесінің Венеция комиссиясы «бұл өзгерістер демократиялық принциптерді күшейтіп, заң үстемдігін нығайтып, адам құқықтарын қорғауға қажетті алғышарттарды қалыптастырады» деп, жобаға оң бағасын берген. Бірақ комиссия «парламенттік республикаға көшу үшін қоғамда толықтай консенсус болуы қажет» дегенді де ескерткен.

Жобаға наразылық білдірген оппозициялық партиялар коалицияға бірігіп, жер-жерде арнайы ұйымдастыру комитеттерін құрып, халықты режимді ауыстыру мақсатына жұмылдыруды бастайтындарын мәлімдеген. Бірақ бизнесмен әрі депутат Царукян басқаратын «Баргавач Айастан» партиясы президенттің отставкасын, мерзімінен бұрын сайлау өткізуді талап етуде қалған екі партияға қарағанда тартыншақтап келген еді. Ақпанның 5-інде саяси партиялардың жиынында сөйлеген Царукян елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың тым нашарлығын айта келе, «президент конституцияға өзгеріс енгізу жоспарынан бас тартпаса, онда оппозициялық коалиция мерзімінен бұрын президент және парламент сайлауларын өткізу науқанын бастайды» деп шарт қойған.

Сол конференциядан екі күн өткен соң Ереванда «Баргавач Айастан» партиясының белсендісі Артак Хачатрянды әлдекімдер соққыға жығып кетті. Мұны «өкіметтің саяси қарсыластарын қорқыту әрекеті» деп атаған оппозициялық партия наразылық ретінде парламентте дауыс беру шараларына қатысудан бас тартты. «Гүлденген Армения» партиясының парламентте 37 өкілі болған, бұлар билік партиясынан кейінгі екінші ірі фракция болып келген.

Ақпанның 12-сінде теледидардан тікелей эфирде сөйлеген президент Саргсян саяси қарсыласын «сауатсыз» деп атап, «Арменияны басқаруға Царукянның білімі мен өресі жетпейді» деді. Президенттің неге бұлайша қатты шамданғаны екі күннен соң белгілі болды. Царукян Мәскеуге ұшып барып, «Единая Россия» партиясының парламенттегі мүшелерімен кездескен. Саркисянның айналасындағылар мұны «Баргавач Айастан» партиясының Ресейден қолдау іздеген әрекеті деп түсінді. Кейбіреулер тіпті мұны қаңтар айында Ресейдің әскери базасы орналасқан маңда – Арменияның Гюмри қаласында болған қанды қырғынмен байланыстырғысы келді. Армиядан қашқан Ресей солдаты жергілікті армян отбасын қырып салды деп айыпталған.

Арменияның бұрынғы президенті Роберт Кочарян.
Арменияның бұрынғы президенті Роберт Кочарян.

Кейбір сарапшылар Царукян мен Арменияның бұрынғы президенті Роберт Кочарян екеуі бірігіп, «Арменияның қазіргі өкіметі сенімнен шықпады, елді біз басқара аламыз» дегенге Кремльді иландырып, Ереванда төңкеріс ұйымдастырғысы келіп, Путиннен қолдау іздеп жүр деп те жазды.

Саргсянның кектене сөйлегеніне қарап-ақ осындай астыртын сценарий жасалып жатыр деп санайтындар көп. Армения президенті «былтырғы 145 отырыстың тек төртеуіне ғана қатысқан» Царукянды депутаттық мандатынан айыруды талап етіп, премьер-министр Говик Абрахамянға (Абрахамян – Царукянның құдасы) оның барлық бизнес құрылымдарына аудит жүргізуді бұйырды. Президент конституциялық реформаларды жүзеге асыратынын тағы да айтқанымен, мұның қай кезде жүзеге асатынын, бұл мәселеге байланысты референдумның қашан өткізілетінін нақтылаған жоқ. Қарсыласына деген наразылығын ашық білдірген президент Саргсян Царукянды ұлттық қауіпсіздік кеңесінің құрамынан шығарып тастады.

ОППОЗИЦИЯНЫҢ АХУАЛЫ

Осы оқиғадан соң Царукян да жекпе-жекке дайын күрескер болып көрінген. Ол ақпанның 13-інде «Баргавач Айастан» партиясы басшылық құрамының шұғыл жиынын өткізіп: «Мен шайқасқа дайынмын, жеңіске жеткенге дейін күресемін, маған парламенттік мандаттан гөрі маған халықтың сенімі қымбат» деп мәлімдеген. Бұған қоса ол «Серж Саргсянды биліктен кетіріп, жауыздардың үкіметінен құтылу үшін шеру, демонстрация, азаматтық қарсылық сияқты барлық заңды әдістерді қолдана отырып, ұлтты жұмылдыру процесін бастаймын» деген. Царукян Саргсянның өзіне «осы конституциялық реформаларды қолдасаң, Арменияның келесі номиналды президенті боласың» дегенін айтқан.

Оппозиция жақтастарының шарасы. Ереван, 11 желтоқсан 2014 жыл.
Оппозиция жақтастарының шарасы. Ереван, 11 желтоқсан 2014 жыл.

Царукян оппозициялық коалициядағы басқа партиялардың жетекшілерімен оңаша кездесулер өткізген соң 20 ақпанда Ереванда президенттің биліктен кетуін талап еткен үлкен митинг өткізетіндерін жариялаған. Алайда Ереван қаласының әкімшілігі мұндай митинг өткізуге рұқсат бермеді.

Арменияның революциялық федерациясы – «Дашнакцутюн» партиясының ара ағайындық етуімен ақпанның 17-сінде Царукян мен Саргсян оңаша кездескен. Сол кездесуден кейін ғана саясаткерлер жұмсақ сөйлей бастады. Құпия кездесудің жай-жапсары белгісіз, бірақ сол басқосу барысында Царукянды райынан қайтарудың сәті түскен сияқты.

«Баргавач Айастан» партиясы 20 ақпанда митинг өткізуден бас тартты, ал полиция тұтқынға алынған партия белсенділерін бостандыққа шығарды. Бірақ билік партиясы Царукянды депутаттық мандатынан айыру, оның бизнесіне тексеріс жүргізу жоспарынан бас тартпай отыр. Ал Царукянның өзіне деген сенім азайып, оның партиясының болашағы бұлыңғырлана бастады. Партияның парламенттегі фракциясының құрамынан төрт бірдей депутат шығып кетті.

Сарапшы Сергей Минасянның айтуынша, қазір «Баргавач Айастан» партиясын елдегі екінші ірі саяси күш деп атай қою қиын.

Кейбір сарапшылар партия екіге жарылып, оның бір қанатын экс-президент Кочарян басқаруы мүмкін деген де болжам айтты. Бірақ Царукянның бұлайша құбылуы партия басшылығындағылардың көбін ойлантып тастаса керек. Бұл партия Царукянның атымен тікелей байланысты болғандықтан оның орнына балама болатын, сол саяси құндылықтарды жақтайтын адам табылмай тұр.

Бұл оқиға оппозицияның өз ішіне де жік түсірді. «Жарангутюн» партиясының жетекшісі Ованнисян ақпанның 27-сінде Еревандағы Азаттық алаңында баспасөз мәслихатын өткізетінін жариялады. Ал «Армения ұлттық конгресі» партиясы наурыздың 1-інде жиын өткізіп, жағдайды талқыға салатындарын хабарлады. Бұл партияның басшысы, елдің бұрынғы президенті Левон Тер-Петросян да оппозицияны қайта бастап, елдің қолдауына ие болуды қалайды.

Арменияда соңғы екі аптаның ішінде болған оқиғалар елдегі демократияның әлі жетілмегенін тағы да дәлелдеді. Ел ішіндегі саяси күрес идеялардың емес, жекелеген тұлғалардың арасында жүріп жатыр, нағыз саяси партиялардың арасындағы бәсеке жетіспейді. Мұндағы басты мәселе билік партиясының саяси жүйедегі ерекше орнында болып тұр. Билік партиясы тек саяси билікке ие болып қоймай, экономикалық үстемдікке, өз адамдарына қамқорлық жасауға, әкімшілік ресурстарды кеңінен пайдалануға мүмкіндік алып отыр.

Лиз Фуллердің материалын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.

XS
SM
MD
LG