Accessibility links

Армения үкіметі ЕО-ға қосылу туралы заң жобасын мақұлдады


Арменияның үкімет құрамы.
Арменияның үкімет құрамы.

Армения үкіметі 9 қаңтарда "Армения республикасының Еуропа Одағына қосылу процесін бастау туралы" заң жобасын мақұлдады.

Armenia News сайтының жазуынша, сыртқы істер министрі Арарат Мирзоян заң жобасын таныстыра келе бұл азаматтық бастама екенін атап өткен. Бұған дейін Еуроодаққа қосылу бойынша 50 мыңнан астам қол жиналған.

Премьер кейінгі жылдары Армения мен ЕО арасында "жеткілікті дәрежеде қарқынды" қарым-қатынас қалыптасқанын алға тартып, үкіметке бұл бойынша "оң ұстаным білдіруді" ұсынған.

"Соңғы жылдары Армения мен ЕО арасында өте қарқынды және серпінді қарым-қатынас қалыптасты. Қатынасымыз өте мазмұнды болды әрі әртүрлі салаларды қамтыды. ЕО әртүрлі жағдайларда Армениядағы демократияға саяси қолдау білдірді. ЕО-ның азаматтық бақылау миссиясын орналастыруын айтып отырмын. ЕО сондай-ақ Арменияның экономикалық тұрақтылығын нығайтуға да көмектесуге дайын екенін білдірді. ЕО-ның өте бай демократиялық дәстүрі, күшті демократиялық институттары, еркін бәсекелестік ортасы, заманауи экономикасы, дамыған ғылымы бар екені анық" деді министр.

Енді құжатқа парламент (Ұлттық жиналыс) дауыс беруі керек. Дегенмен бұл құжат елдің ЕО-ға тіке қосылатындығын білдірмейді: мәселе референдум арқылы ғана шешілуі мүмкін.

Армения премьер-министрі Никол Пашинянның айтуынша, үкімет осындай шешім қабылдау арқылы "азаматтық бастамаларға қарсы емес екенін" көрсеткен.

"Заң қабылданғаннан кейін ЕО-мен бірігіп отырып жол картасын талқылауымыз керек, олар өз ұсынысын айтады, біз өз ойларымызды жеткіземіз" деді Пашинян.

2024 жылы Армениядағы "Еврокве" бастамасы елдің ЕО-ға қосылуы процесін бастау үшін қол жинаған. 2024 жылдың қарашасына дейін ЕО-ның сыртқы істер және саяси қауіпсіздік жөніндегі жоғарғы өкілі қызметін атқарған Жозеп Боррель бұған дейін өз кезегінде ЕО да Армениямен екіжақты қарым-қатынасты кеңейтуді жөн көрді деп мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG