Accessibility links

Ақын күйеуінің сыртынан тыңшылық жасаған әйел


Мария Сосюраның сот қараған жеке ісіндегі фотосуреттері.
Мария Сосюраның сот қараған жеке ісіндегі фотосуреттері.

Украиналық ақын Владимир Сосюраның әйелі Мария ерінің төңірегіндегі жағдай туралы сөз тасып, құпия хаттар жазып отырған; оның таныстары мен танымал украин әдебиетшілері тұрған "Ролит" үйіндегі тұрғындардың не айтып, не қойғанын – бәрін жеткізген.

"Данина" деген лақап аты болған Мария Сосюра СССР мемлекеттік қауіпсіздік қызметіне (НКВД-МГБ) жұмыс істейтінін күйеуіне ғана емес, көңілдесіне, жеке дәрігері мен кездейсоқ таныстарына айтып берген. Мемлекеттік құпияны жария еткені үшін оны он жылға соттап, лагерьге жіберген. Кейін істі қайта қарап, қамаудан оралған соң ақын оған қайтадан үйленген.

Мария Даниловамен танысқа кезде украин ақыны Владимир Сосюра көпшілікке әлі онша танымал емес еді. Олар Донецкіде (сол кездегі аты - Сталино) Тарас Шевченконың туған күніне арналған концерттен соң танысқан. Владимир Сосюрадан 12 жас кіші Мария Ленинградта туып-өскен және балет мектебін бітірген.

Олар 1931 жылы шаңырақ көтерген, 10 жылдан соң Ресейде жүрген жерінен НКВД қармағына ілінген, бұл оқиға ерлі-зайыптыларды Украинадан эвакуациялаған соң Мәскеуде немесе Уфада болса керек. Украина мұрағаттарынан Мария Сосюраның тыңшылық хаттары табылмады, бірақ "мемлекеттік құпияны жариялады" деген айып бойынша қозғалған іске қарап, сондай хаттар жазғаны белгілі болды.

Егер ол Украина ССР Жазушылар одағының басшысы Александр Корнейчукке хат жазбағанда іс қозғалмауы да мүмкін еді. "Съезд кезінде қолайсыздық тумауы үшін оның алдында бірнеше кандидатураны тексеріп шығуым керек. Мен туралы өсек көп, анадай, мынадай... деген. Мүмкін нашар тыңшы шығармын. "Театральная" қонақүйіндегі 26-бөлмеге барған соң ол жерге кіріп-шыққанымды көргендер бар шығар... Өсек іздеген адамға сол жетеді. Мен туралы ұятсыз, азғын, т.б. сөздерге сенбеңіз. Қысқасы, сізге айтқаным – мемлекеттік құпия, ол үшін басым кетеді. Ант бергенмін. Сізге тағдырымды сеніп тапсырып отырмын. Шынымды айтсам – ұлтшылдар көзімді құртады. Сіз жария етсеңіз – Совет билігі мені өлтіреді..." деп жазған ол хатында.

Любовь Сосюраның Украина Жазушылар одағының басшысы Александр Корнейчукке жазған хатының көшірмесі.
Любовь Сосюраның Украина Жазушылар одағының басшысы Александр Корнейчукке жазған хатының көшірмесі.

Мария Сосюраның бұл хаттарды неліктен жазғанын іс материалдарына қарап анықтау мүмкін емес. Оған өлеңдер арнаған күйеуінің әйелін қамауға алғанда онымен ажырасып, хатшысына үйленгені де түсініксіз. Мария Сосюра қамаудан келген соң бұрынғы күйеуі оған қайтадан үйленген.

Мұрағат ісін зерттеген Эдуард Андрющенко ерлі-зайыптылардың ажырасқанын куәландыратын құжаттарды таппағанын айтады, бірақ ақынның өмірбаянын зерттеушілер оның үш рет үйленгенін растайды. Андрющенконың айтуынша, Владимир Сосюра әйелін босатуды сұрап, хат жазған, Сталиннің тірі кезінде оның көмегі тимеген.

СССР басшысы Никита Хрущевке қамауда жазасын өтеп жатқан Мария Сосюроың жазған өтініші
СССР басшысы Никита Хрущевке қамауда жазасын өтеп жатқан Мария Сосюроың жазған өтініші

Никита Хрущев билікте болған кезде ғана хаттың әсері болған: онда Мария Сосюра өзін кешіруді сұрамаған, қайта тергеу өткізуді өтінген. Сот оның жаза мерзімін үш жылға кеміткен, бес жылын өтеп қойғандықтан Мария Сосюраны қамаудан босатқан.

Эдуард Андрющенконың айтуынша, Мария Сосюраның өзі сақтық жасағанда, оның НКВД-ға (кейін МГБ деп аталды) жұмыс істегені құпия болып қалар еді. "Мария жұмысқа кураторлары үйреткендей қараса, яғни, ешкімге ештеңе айтпаса, бәрі құпия болып қалатын еді. Оны ешкім соттамас еді, ал тарихшылар қазіргідей аздаған мәліметке ие болмас еді" дейді Андрющенко.

- Владимир Сосюраға тыңшы қоюдың не керегі болды? Ол Сталин сыйлығының иегері атанған, екі мәрте Ленин орденімен марапатталған, совет билігіне адал адам еді ғой.

Эдуард Андрющенко.
Эдуард Андрющенко.

- Сосюраны совет билігіне толықтай адал деуге болмайды. Сол кездегі режим тұрғысынан қарағанда, өмірбаянында келеңсіз жайттар болды: ол Украина халық республикасы армиясы құрамында соғысқан. Түрлі жылдарда жазған кейбір шығармалары саяси тұрғыда күмәнді саналды (мысалы, "Любите Украину" өлеңі), баспасөзде оны буржуазиялық ұлтшыл деп атағандар болды.

Сосюра ақталып, режимге адалдығын дәлелдеп тұруға тиіс болды. Тіпті оны есепке алмаған күнде, Совет Одағы тарихында чекистер жазушылар ортасындағы көңіл-күй мен көзқарасты қатаң бақылауда ұстады. Бәрінен хабардар болуға тырысты.

Ол күйеуінің ғана емес, сол кездегі барлық жазушылардың көңіл-күйі мен әңгімесін бақылауға тиіс болды.

Партияға мақтау айтып, Ленинді жырлап жүрген мәдениет және өнер қайраткерлері оппозициялық көзқарасын білдірмесе де, жеке отырыста тыйым салынған, бүлікшіл сөздерді айтуы мүмкін екенін бәрі білетін. Қауіпсіздік органы оны агенттер арқылы біліп отырды. Мария Сосюраны ерінің үстінен сөз тасуға не мәжбүрлегенін білмейміз, агентуралық ісі сақталмаған болар. Бірақ ол күйеуінің ғана емес, сол кездегі барлық жазушылардың көңіл-күйі мен әңгімесін бақылауға тиіс болды деп болжам жасауға болады. Бәрі бір-бірімен жақсы араласатын, кімнің не айтқанын, қандай көзқараста екенін білетін. Оған қоса, құрметті әдебиетшілердің бәрі Киевте бір үйде, бір-бірімен көрші тұрды, яғни, олар жиі кездесіп тұратын.

- Сіз зерттеген істе оның неліктен жақын адамы – өз ерінің үстінен сөз тасуға келіскені туралы айтылған ба?

- Осыған ұқсас өзге істер мен естеліктерге қарап отырып, бір көрген бетте адамға "күйеуіңнің үстінен сөз тасы" деп айтпағанын білеміз. Олар алыстан сермеп, адамды ұзақ айналдырады. Оны тыңшылыққа соғыс кезінде тартқан. Өз айтуынша, басында жау тылындағы жұмыс үшін, дұшпан басып алған аумақтарда жұмыс істеуге тиіс болған, оны Киевке жібереміз деген. Бірақ бұл расталған мәлімет емес, әйелдің сөзі ғана.

Бәлкім, "қазір соғыс қой" деп басын айналдырған болуы ықтимал, кейін оны әдебиетшілер ортасындағы жағдайды біліп отыруға тартады. Олар қалай көндіруді білетін: "Күйеуіңізге көмектесесіз. Мүмкін ол басқалардың ыңғайына еріп кететін шығар... Жазушылар арасында ұлтшылдар көп, күйеуіңіз олармен араласады, оған кесірі тиюі мүмкін. Қырағылық танытсаңыз, оны құтқара аласыз" деп азғырулары мүмкін. Ол заманда бұл табиғи нәрсе көрінетін, Мария сатқындық жасадым, "күйеуімнің үстінен сөз тасыдым" деп ойламаған болуы да ықтимал. Тыңшылыққа келіскен адамдар туыстары мен жақындары үшін игі іс атқарып жүрмін деп шын сенуі мүмкін.

Мария Сосюраның жеке ісі.
Мария Сосюраның жеке ісі.

- Оның НКВД-ға жазған құпия хаттары сақталмады дейсіз, бірақ қолыңызға түскен ақпаратқа қарап, күйеуі мен оның айналасы туралы айтқаны белгілі ме?

- Екі эпизод туралы анық білеміз. Ол туралы ақпарат істе бар. Біріншісі Мәскеуде, соғыс кезінде болған: күйеуімен және ортақ таныстары – әдеби сыншымен сөйлесіп отырғанда Мария Сосюра: "Немістер тезірек жеңсе екен, олар жаққа өту керек" деген. Ақын ашуланып, "фашистер аман қалмауға тиіс" дейді. Сот ісінде оны жұмыстың арандату әдісі деп атайды, мұндай бастаманы құптамайды. Кураторлар ондай тапсырма бермеген, өзі әдейі айтқан.

Екінші жағдай соғыстан кейін болған. Оларға бір жас жігіт қонаққа келе бастайды, Мария оны Микола Гербий деп атайды, Львовтан екен. Әлгі жігіт Сосюраның шығармашылығына табынушымын дейді, Мария Сосюраның айтуынша, ұлтшыл мәлімдемелер жасайды, "жас бандеровшылар" Сосюра мен оның әйелін қалай құрметтейтінін айтып, шетелге, Батысқа кету жайлы ойлары болса (яғни, Совет одағы көзқарасы тұрғысынан Отанын сату) бандеровшылар оларға баспана тауып беруге көмектесетінін айтады.

Олар ақынды да, өз агенттері Мария Сосюраны да солай тексерген болуы мүмкін.

Ол жігіт сондай әңгімелер айтып, 1947 жылдың жазында келеді, жақын тұратын көрші жазушыларға кіреді. Мария ол туралы чекистерге хабарлайды. Ары қарай не болғанын ашып айтпайды, бірақ жігітті қамауға алғанын түсінуге болады. Мұрағаттағы картотекасы бойынша тексеріп шықтым, тұтқындар арасында ондай адамның ісі табылмады.

Мүмкін ақпарат сақталмаған шығар немесе ондай адам мүлдем болмаған шығар, арнайы қызметтің арандатуы болар. Олар ақынды да, өз агенттері Мария Сосюраны солай тексерген болуы мүмкін. Бұл нұсқалардың қайсысы дұрыс екені белгісіз.

- Владимир Сосюра әйелінің арнайы қызмет өкілі екенін білгенде онымен ажыраспайды, тіпті ешбір реакция танытпайды. Оны қалай түсінеміз? Қорыққан ба?

- Ол да мүмкін. Немесе қатты жақсы көргені соншалық, кешірген болар. Бұл да істің бір құпиясы. Біріншіден, Владимир Сосюраның қашан, қандай жағдайда бұл туралы білгені жайлы ақпарат жоқ. Мүмкін Мария жай әңгімелесіп отырғанда сезімге беріліп, мойындай салған болар. Анық білетініміз – ол құпияны сақтай алмайтын, эмоцияға беріліп, сырын ақтаруға бейім болған. Бәлкім, ақын шындықты оның өзінен естігеніне риза болған шығар. Мүмкін ажырасып кетсек чекистер қырына алады да, екеуіміз де таяқ жейміз деп қорыққан болар.

- Сонда Мария Сосюра іске алғысыз агент болғаны ма? Оның ісі туралы материалды қарасақ, мемлекеттік қауіпсіздік мекемесімен жұмыс істейтінін жасырмаған. Агенттердің көбі бұлай істемейтін шығар?

Мария Сосюраның өзі туралы сыбысты жояйын деген талпынысы оған сақ болуды ұмыттырған тәрізді.

- Ондай жағдай сирек болған. Мемлекеттік құпияны жария етпеймін деп қолхат берген адамның оны жария етуі өте сирек кездеседі. Оның олай істеуіне түрткі болған ерекше жағдай жоқ. Тергеу кезінде ол "ақтарыла әңгімелескен кезде" құпияны ашып қойғанын айтқан. "Киевте серуендеп ұзақ жүрдік, түрлі тақырып жайлы әңгімелестік, сосын мен оған шындықты айтқым келді" дейді. Яғни, оның нақты мақсаты болмаған.

Оған қоса, Мария Сосюра бұл туралы Украина Жазушылар одағын басқарған Корнейчукке хабарлаған, мұнысы өте санасыз әрекет еді, Корнейчукті де арнайы қызмет жіті бақылап отырған. Өз жеке басы үшін қорыққан ол әйелді ұстап берген. Бірақ, Мария Сосюраның өзі туралы сыбысты жояйын деген талпынысы оған сақ болуды ұмыттырған тәрізді.

(Александра Вагнердің мақаласы орыс тілінен аударылды.)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG