Бұрынғы саяжайлардағы үйлері бұзылуы тиіс бес әйел қала билігі 8 тамыз күні үйін сүруді жоспарлаған Алтын Шеруалиеваның үйіне жиналған. Астана әкімдігі оған «алты сотық жерің балабақша иелігіне кетеді» деп ескерткен. Қазір балабақша салынған, бірақ әлі пайдалануға берілмеген.
Алтын Шеруалиеваның сөзінше, аштық жариялаушылар тамыздың 5-інің кешінен бастап су ғана ішіп жатыр.
- Көшеде қалған тұрғындар жиналды. Олардың алақандай жерін мемлекеттік мұқтаждық деген сылтаумен алды. Бұл алғаны - заңсыз, сондықтан президентпен жолықтыруды талап етеміз, халыққа не істеп жатқанын ол білсін. Әкім жалғыз баспанамыздан айырып, көпбалалы отбасыларды, зейнеткерлерді, асыраушысы жоқ жандарды далаға қуып шықты. Жағдайы нашар отбасылар далада қалды, - деді Алтын Шеруалиева Азаттық тілшісіне.
Аштық жариялаушылардың енді бірі Сандуғаш Серікбаева наразы тұрғындардың басты талабы - президент Назарбаевқа кездестіру және Астана әкімдігінің сүрілетін үйлерден күштеп көшіру туралы талабын жоққа шығару екенін айтады. Қарсылық акциясына қарамастан оның үйін әлдеқашан сүріп тастаған. Сандуғаш Серікбаева былтыр үйін қорғап, Назарбаев университеті маңындағы құрылыс кранында бір апта отырған еді.
Жері мен үйінен айырылып аштық жариялаушылардың енді бірі - Дана Кенжебекова. Ал Сәрсенгүл Әшірбаеваның Астана әкімдігінің күштеп шығару жайлы талабына қарсы берген шағымын Астана қалалық кассациялық соты тамыздың 6-сы күні күшінде қалдырды. Әкімшілікпен соттасып жеңілген Бәтима Бексайытова да аштық жариялап отыр.
Наразылар аштық жариялағандарын бес мекемеге - Астана қаласы әкімдігіне, президент әкімшілігіне, денсаулық сақтау министрлігіне, прокуратураға, әділет министрлігінің сот актілерін орындау комитетіне хабарлағандарын айтады.
Астана қаласын кеңейту жоспарына сәйкес қала аумағына кірген жер телімдерінің наразы иелерінің басында да осындай жағдай. Олар жергілікті билік ұсынған өтемақыдан – 5 миллионға жуық теңгеден (27 мың доллардан сәл көбірек) бас тартқан. Наразы тұрғындар «мемлекет біздің жерімізге мұқтаж емес, оны заңсыз алып жатыр, ал жерімізді әлдекімдерге сатпақ» деп мәлімдейді.
Астана әкімдігінен сүрілетін үйлерінен күшпен шығару туралы сот шешімдерінен бас тартуды талап еткен бес әйел алты түн бойы үкімет үйі алдында түнеген.
Бұдан бұрын бас прокуратура «биліктің жер телімдеріне қатысты әрекеті заңды» деп мәлімдеген еді. Үйінен шығарылуы тиіс отбасы өкілдерімен тамыздың 1-і күні өткен кездесуде президент әкімшілігі басшысы Нұрлан Нығметуллин де осындай жауап қайтарған. Бұдан кейін әйелдер президент Нұрсұлтан Назарбаевпен кездестіруді сұраған, бірақ олардың өтініші орындалмады.
Бұл отбасылардың Астана әкімдігімен бұрынғы саяжай жерлері үшін тартысы былтырдан бері жалғасып келеді. Әйелдер үкімет ғимараттары мен бас прокуратура алдында талай наразылық акцияларын өткізгенімен, одан ештеңе шықпады.