Accessibility links

Рахат Әлиевке Венада айып тағылды


Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев
Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев

Австрия прокуратурасының Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласына адам өліміне қатысты айып таққаны хабарланды.

Биылғы маусымнан бері Венада қамауда отырған Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевке адам өліміне қатысты Австрия прокуратурасы айып тақты. Бұл туралы сейсенбі күні бірнеше әлемдік БАҚ мәлімет таратты.

2007 жылы мемлекеттік қызметтен қуылғалы бері президент Нұрсұлтан Назарбаевты сынап, Еуропа елдерінде тұрып жатқан Әлиевті Қазақстан соты бірнеше адамның өліміне қатысты айыпты деп танып, сырттай ұзақ мерзімге соттаған. Содан бері Астана оны экстрадициялау мәселесін үнемі көтеріп келген. Австрия азаптау мәселесіне қатысты сенімсіздік танытып, екі мәрте Әлиевті Қазақстанға экстрадициялаудан бас тартқан. Ал 2011 жылы Австрия прокуратурасы бұл айыптаулар бойынша өз тексеруін бастаған.

Рахат Әлиев өзіне тағылған айыптарды саяси астары бар деп теріске шығарып келеді. Биылғы маусымның 5-і күні Әлиевтің соңғы жылдары тұрақтаған Мальтадан Венаға "өз еркімен келгені" хабарланып, ол Австрия билігінің тергеу істеріне көмектесу үшін "тексеру барысындағы қамауда" отырған.

Желтоқсанның 30-ы күні Венадағы сот өкілі Reuters агенттігіне Әлиевке айып тағылғаны туралы хабарлады. Соттың мәлімдеуінше, Әлиевті сот отырысына дейін кепілдікке босату мүмкіндігі қарастырылмаған, ал оның адвокаттарына бұл шешімнің үстінен шағымдануға екі апта мұрсат берілген.

Егер сотта оның айыбы дәлелденсе, Рахат Әлиев Австрияда кем дегенде 10 жылға кесіледі. Ал Қазақстанға экстрадицияланса, оны 40 жылдық қамау жазасы күтіп тұр.

Рахат Әлиевтің ісі бойынша жан-жақты мәліметті Азаттықтың арнайы архив парақшасынан таба аласыз.

XS
SM
MD
LG