Accessibility links

"Көшбасшылардың" аудио-кітабы алтын қорға жетті


Ұлттық кітапхана сөресіндегі Нұрсұлтан Назарбаевтың кітаптары. Алматы, 4 шілде 2012 жыл.
Ұлттық кітапхана сөресіндегі Нұрсұлтан Назарбаевтың кітаптары. Алматы, 4 шілде 2012 жыл.

Орталық Азияда Нұрсұлтан Назарбаевтан кейін "ұлт көшбасшысы" атанған Эмомали Рахмонның да аудио-кітаптары радиодан оқыла бастады. Тәжікстанның Қазақстаннан айырмашылығы – президент кітаптарының аудио-нұсқасын таратуға жекеменшік радиоларды да міндеттеп отыр.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон биыл қазанның 5-інде 65 жасқа толды. "Пешвои миллат - ұлт көшбасшысы" атағын өзіне заң жүзінде бекіттіріп алған Рахмонның билікте отырғанына 16 қарашада 25 жыл толды. 1992 жылы президенттік лауазым жойылған кезде Хужандта Тәжікстан жоғарғы советінің төрағасы болып бекіген ол 1994 жылы президент болып сайланды. Екінші жылы аталып өткен 16 қараша - "президент күнінде" биыл Рахмон Хужандқа сапарлады.

Қазір Орталық Азияда ең ұзақ билікте отырған екі президенттің бірі Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев болса, екіншісі - Эмомали Рахмон. Президент Нұрсұлтан Назарбаев 2010 жылдан бері "ұлт көшбасшысы" атанса, Қазақстанда "президент күні" 2012 жылдан бері 1 желтоқсанда мемлекеттік деңгейде мереке ретінде аталып өтіледі. Қазақстан мен Тәжікстанда ел басшысын дәріптеу соңғы жылдары бір-біріне қатты ұқсап барады. Тек Қазакстанда Назарбаев ескерткіштеріне тыйым салынған жоқ, ал Рахмонның көзі тірісінде Тәжікстанда президентке ескерткіш тұрғызуға заң жүзінде рұқсат берілмейді.

ЭФИРДЕ – РАХМОН КІТАПТАРЫ

Тәжікстан теле-радио комитеті биыл қазан айынан бастап Тәжікстан мемлекеттік радиосын саны 20-дан асатын ел президенті Эмомали Рахмон кітаптарының аудио-нұсқасын әзірлеуге міндеттеді. Қарашаның 28-інде Азаттықтың Тәжік қызметіне берген сұхбатында Тәжікстан радиосының басшысы Фаррух Зиёев президент кітаптарын оқуға өнер адамдары тартылып жатқанын айтқан.

Тәжікстандағы ауыл кітапханасында тұрған адам. 8 шілде 2015 жыл.
Тәжікстандағы ауыл кітапханасында тұрған адам. 8 шілде 2015 жыл.

Оның сөзінше, қазірге дейін Рахмонның екі кітабының аудионұсқасы әзірленген. "Тарих айнасындағы тәжіктер" ("Таджики в зеркале истории") және "Ұлттың болмыс тілі" ("Язык нации – бытие нации") кітаптары радионың алтын қорына жазылып, эфирге де ұсынылған. Ендігі кезекте президенттің басқа кітаптарымен қатар ол туралы жазылған кітаптардың да аудио-нұсқалары таспаға жазылатын болады.

Өткен жылы Тәжікстанның мемлекеттік телеарнасынан Эмомали Рахмонның "Арийліктерден саманидтерге дейін" ("От арийцев до саманидов") кітабының үзіндісі оқылып, қосымша видео-көріністермен таратылған болатын. Ал биыл мемлекеттік радио ғана емес, жергілікті жекеменшік радиоларға да Рахмон кітаптарының аудио-нұсқасын эфирден оқу тапсырылып отыр.

Журналист Марат Мамадшоевтың Азаттықтың Тәжік қызметіне айтуынша, ел басшыларының кітабын эфирден оқу – совет дәуірінің мұрасы.

- Барлық ақпарат құралынан бір сөзді қайталап айта беру – орынсыз. Президенттің кітабын қажет еткен адам өзі тауып оқиды ғой. Қазір күнкөріс қамындағы қарапайым халыққа оның тыңдап отырудың қажеті болмайды. Мұндай бағдарламаны халық тыңдап отырады деп айта алмаймын, - дейді.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның кітаптары.
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның кітаптары.

Ал өнер қайраткері Қурбон Собир "Ховар" радиосында өзінің президент Рахмон кітаптарынан "халық үшін маңызды" үзінді оқитынын айтады.

- Мен Хафиздің ғазалдарын, Омар Хайямның рубаиларын оқығанда тыңдарманға ұнаған. Көп адамдардың көзі нашар көреді. Немесе жүргізушілер жолда тыңдайды ғой, - дейді Қурбон Собир президент кітаптарының тыңдарманы жайында.

Тәжікстанда соңғы бір жыл ішінде президент Эмомали Рахмонның кітаптары ең көп сатылған баспа өнімдері қатарында атала бастады. Кітап дүкенінің сатушылары әсіресе, тамыз-қыркүйек айларында президент кітаптары жиі сұралатынын айтады. Елде жоғары оқу орындарына соңғы жылдары "Эмомали Рахмон – жаңа Тәжікстанның негізін қалаушы" деп аталатын лекция курстары өткізілетін болған.

ФОТОГАЛЕРЕЯ: Эмомали Раxмонның жоғары биліктегі 25 жылы (суреттің үстінен басыңыз)

РЕСЕЙ ӘРТІСТЕРІ ОҚЫҒАН АУДИО-КІТАПТАР

Қазақ радиосы мен "Шалқар" радиосында да Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың аудио-кітабы мен ұзақ жылдар бойы президент кеңсесінде қызмет атқаратын шенеунік Махмұт Қасымбековтің Назарбаев туралы аудио-кітабы оқылған. Бір ерекшелік – Қазақстан оны халықаралық жоба ретінде көрсетуге тырысты. Мәселен, осы кітаптар ресейлік радиолардың эфирі арқылы да тарады. Назарбаевтың өзі де жергілікті БАҚ-тан гөрі ресейлік арналарға жиі сұхбат беретіні байқалған.

"Жұлдыздар тоғысқанда" көркем фильмінде Меккеге барғанда кенеттен жауған жаңбырға жүзін тосқан Нұрсұлтан Назарбаевты сомдаған актер Берік Айтжанов. Фильмнен кадр.
"Жұлдыздар тоғысқанда" көркем фильмінде Меккеге барғанда кенеттен жауған жаңбырға жүзін тосқан Нұрсұлтан Назарбаевты сомдаған актер Берік Айтжанов. Фильмнен кадр.

Қазақ радиосының "Радио России" және "Мир" радиосымен бірлескен жобаларына Назарбаевтың 12 бөлімнен тұратын "Ой бөлістім халқыммен" ("Мыслями с народом поделюсь") және ол туралы Қасымбековтің 25 бөлімнен тұратын "Н.Назарбаев. Автобиография" кітаптары қамтылды. Екі кітапты да кезінде "СССР халық әртісі" атанған өнер қайраткерлері оқыды. "Ой бөлістім халқыммен" кітабы Владимир Андреевтің, "Н.Назарбаев. Автобиография" кітабы Василий Лановойдың даусымен жазылды. Лановой оқыған аудио-кітап өткен жылы Ресейде өткен "Радио без границ" байқауында "Іскер тұлғаларға арналған бағдарлама" аталымы бойынша жеңімпаз атанған. Кітап авторы Махмұд Қасымбеков 1996 жылдан бері Қазақстан президенті кеңсесін үздіксіз басқарып келеді.

Мұның сыртында Қазақстанда соңғы кезде жыл сайын президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күні қарсаңында ол туралы көркем фильм мен деректі фильм түсіру де дәстүрге айналған. Қазақстан басшысы туралы көркем фильмнің саны қазірдің өзінде бесеуден асады. Тағы түсіріліп жатқандары да бар. Назарбаев туралы биылғы деректі фильмнің бірі "Бітімгер миссиясы" деп аталады.

77 жастағы Нұрсұлтан Назарбаев 28 жылдан бері Қазақстанды басқарып отыр.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

XS
SM
MD
LG