1989 жылы Иран Ислам Республикасының негізін қалаған Аятолла Рухолла Хомейни қайтыс болған соң бірнеше күн өткенде Сарапшылар ассамблеясының төтенше жабық жиынында орта деңгейдегі имам Аятолла Әли Хаменеи күтпеген жерден рухани басшы етіп сайланған. Бұл жабық жиынның алғаш рет жарияланған видеожазбасынан Хаменеиге рухани басшы қызметін атқаруға бір жыл ғана уақыт берілгені көпшілікке мәлім болды. Сонымен бірге оның бұл қызметке лайықты кәсіби білігі болмаған және Хаменеиді сайлау процедурасы конституцияға сәйкес өтпегені енді анықталып отыр.
Әли Хаменеидің 1989 жылы жоғары билікке сайлануы (орысша):
Биыл қаңтардың 8-і күні әлеуметтік желіде тарап кеткен бұл видео қоғамда "Хаменеи елдегі ең ықпалды қызметке қалай көтерілді?", "Оның қазір басшылық етуге заңды құқығы бар ма?" деген сұрақтардың тууына түрткі болды.
Жыл басында Иранның бүкіл аумағында өткен үкіметке қарсы наразылық шерулерінде халық көбінесе Хаменеиге қарсылық танытқан болатын. Олар "Диктатор орнынан кетсін!", "Хаменеи, кететін уақыт келді!" деп ұрандап, экономикалық жағдайдың нашарлағанына, саяси және әлеуметтік еркіндіктің жоқтығына наразылық білдірген.
Оқи отырыңыз: Иранда не болып жатыр?
Видеотаспаны интернетте алғашқы болып жариялаған АҚШ-та тұратын ирандық журналист Шахед Алави "Азат Еуропа/Азаттық" радиокорпорациясының құрамындағы Фарда радиосына берген сұхбатында бұл видео саяси жүйеге наразылықты күшейтіп, онсыз да көтеріліп жатқан халықтың алдында рухани көсемнің беделін түсіруге бағытталған деген тұжырымын айтты.
"Халық дұрыс басшы бола алмады деп айыптап жатқан адам "билікте тұрғанда жұрттың көзінен қанды жас ағызатынын" мойындап отыр", - дейді Алави. Видеотаспада рухани басшы болып сайланбай тұрғанда сөз алған Хаменеидің: "Тіпті мені [рухани көсем ретінде] ұсынған ислам қоғамы үшін жылағанда көзден қанды жас ағызуымыз керек" деп мәлімдеген сәті көрсетілген.
Алави бұл видеоны кім жібергенін айтпағанымен, оны Ирандағы бір адамнан алғанын мойындайды. Оның сөзінше, бұл кадрлардың "тарихи маңызы бар".
Хаменеимен байланысы бар Nojavan сайты қаңтардың 9-ы күні Ассамблеяның шешімін қолдап мәлімдеме жариялады. Онда Сарапшылар ассамблеясының "заңды" әрі "дұрыс" шешім қабылдағаны, әрі бұл шешімнің "ұлттық дағдарыс" кезінде шыққаны айтылған.
"ӨМІРЛІК МӘНІ БАР ВИДЕО"
Халықаралық дағдарыс тобының сарапшысы Нейсан Рафатидің айтуынша, бұл видеоның таралу уақыты өте маңызды рөл ойнайды.
"Иран үкіметінің қарсыластары Хаменеидің бір режимнен екінші режимге өту кезіндегі уағда негізінде тиісті білігі болмаса да өзін уақытша адам ретінде осы қызметке отырғызды деп мойындаған мәлімдемелеріне көбірек назар аударатын тәрізді", - дейді Рафати.
Ирандағы шерушілердің Хаменеиге қарсы сөзі (5 қаңтар 2018 ж.):
Фарда радиосына Франциядан сұхбат берген Иранның алғашқы президенті Аболхасан Банисадр бұл видео шерушілердің Хаменеиді сынауына негіз болады дейді.
"Көшеде наразылық білдіріп жатқан жұмыссыз жастар [рухани көсемнің заңды билігіне күмәндануға] негіз бар екенін түсінеді", - дейді ол. Банисадрдың пікірінше, бұл видеоны діни басшылықтың өз ішінен біреу жұртқа таратып жіберген, өйткені видеоны қолға түсіре алатындар қатары санаулы.
1980-81 жылдары Иран президенті болып, одан соң Францияны паналаған Банисадрдың сөзіне қарағанда, "саяси режим ішкі бірліктен айрылып", бөлшектеніп жатқанға ұқсайды.
"Бұл – режим үшін өмірлік мәні бар видео, олар мұны 40 жыл қорғап келген. Ол неге қазір жария болды? Режим бөлшектенбесе, бұл қалай болды?" - деген сұрақ қояды Банисадр.
"ҚОЛДАН ЖАСАЛҒАН" ТАҢДАУ
Жария болған видео Хаменеи қалай рухани басшы болып сайланған деген сұрақты көбейтті. Банисадрдың айтуынша, Хаменеиді таңдау "қолдан ұйымдастырылған". Яғни, Ассамблеяға төрағалық еткен бұрынғы президент Акбар Хашеми Рафсанжани "әлсіз" әрі айдауға көнетін Хаменеиді таңдауды табандап сұраған.
"Лидерді таңдау жай ғана көзбояушылық болған. Ол өз бетімен емес, қолдан ұйымдастыру арқылы жүзеге асқан", - дейді Банисадр.
Конституция бойынша, рухани басшы болып сайланатын адамның "маржа", яғни ұлы аятолла деген дәрежесі болуы керек. Ал Хаменеи орта деңгейдегі имам еді.
Ирандағы наразылық туралы фотогалерея:
Жария болған видеода мұны Хаменеидің өзі де мойындайды. Ассамблеяда сөйлеген сөзінде ол: "Конституцияға сүйенсек, мен бұл қызметке лайық емеспін, діни тұрғыдан алғанда сіздердің көбіңіз менің сөзімді басшының сөзі ретінде қабылдамауларыңыз мүмкін", - дейді.
Оқи отырыңыз: 90 жастағы төрағаның дауы
Әуелгі жоспар бойынша, Хаменеи аятолла қызметін бір жыл ғана атқаратын болған. Одан соң елдегі билік тізгіні референдумда таңдалған адамдардан тұратын кеңестің қолына тапсырылады деген келісім жасалған.
Ол референдум сол күйі өткен жоқ.
Кейін Әли Хаменеи рухани көсем болып қала беру үшін Конституцияға өзгерістер енгізген.