Азат Еуропа/Азаттық радиосы медиакорпорациясына жетекшілік ететін АҚШ Ғаламдық медиа агенттігі (USAGM) корпорацияны қаржыландыруға арналған Конгресс грантын тоқтататынын мәлімдеген соң, Қазақстан қоғамында баспасөз құралының болашағы жайлы талқы көбейді. Сүйіншілеткендер де, оларға қарсы пікір айтып, радиоға қолдау білдіргендер де бар. Олар не деді?
14 наурыз күні АҚШ президенті Дональд Трамп 7 федералдық агенттіктің қызметін шектейтін "Федералдық бюрократияны қысқартуды жалғастыру туралы" жарлыққа қол қойған. Жетеудің қатарында Азат Еуропа/Азаттық радиосына және өзге де медиа ұйымдарға жетекшілік ететін АҚШ Ғаламдық медиа агенттігі (USAGM) де бар.
Трамп жарлығынан соң іле-шала агенттік басшысының аға кеңесшісі Кери Лейк қол қойған хат жарияланды. Онда агенттік Азаттық радиосын қаржыландыруға арналған Конгресс грантын тоқтататыны жазылған.
Бұл өзгерістердің бәрі Азаттық радиосы жабылғалы жатыр деген жаңалықтарға түрткі болды. 23 елге 27 тілде хабар тарататын радионың болашағы әсіресе осы мемлекеттердің азаматтары арасында қатты талқыға түсті. Соның ішінде Қазақстан қоғамы да бар.
"БӨРКІН АСПАНҒА ЛАҚТЫРҒАНДАР"
Трамп жарлығы шыға сала Азаттық жабылатын болды деп сүйіншілеткендер байқалды. Билікшіл журналист Алмас Алтай "RIP: Азаттық радиосы" (RIP немесе rest in peace дегені ағылшын тіліндегі көңіл айту сөзі) деген жазбасында радионы сынай жазып, жабылғанын құптай сөйледі.
"Азаттық радиосы" ешқашан халықтың қамын жеген емес. Жегендей көрінген, шындықты айтып жатқандай болған, алайда оның бәрі тек ел ішіндегі дүрбелеңді қоюлату үшін істелген қадамдар еді" деді ол радионы тек "жағымсыз жаңалықтар" береді деп айыптап.
Бұл айыпты Қазақстан билігі мен оған жақын адамдар бұрыннан айтып келеді. Тәуелсіз медиа сарапшылар бұл айып орынсыз деп санап, Азаттық бар болғаны цензурасыз ақпарат беретінін атап өтеді.
Жазба астында авторды қолдағандардың да, оған келіспей қарсы уәж айтқандардың да пікірі бар. Дегенмен осы секілді бірнеше пост жарияланса керек, көп ұзамай көптеген журналистер мен қоғам белсенділері "жабылғаны жақсы болды" дегендерге қарсы шықты. Солардың бірі – "Мұнара" газетінің директоры Серікбол Хасан.
"Азаттық" жабылады екен. Жабылғаны жақсы болды. Өздеріне де обал жоқ… Осы сарындағы жазбаларды оқып таңғалдым. Бұл қуанатын нәрсе емес қой. Басқалар айта алмағанды "Азаттық" айтатын. Басқалар жаза алмағанды "Азаттық" жазатын. Қаншама жақсы жобалары, деректі фильмдері бар еді. "Дубайдағы Қазақстан" жобасының өзі неге тұрады?!", – деген журналист радио тарихынан бір-екі дәйек келтірген.
Журналист әрі медиа сарапшы Халима Тәжіқұл "Азаттықтың жабылғанын қолдайтындар тәуелсіз журналистикадан қорқатындар" деп баға берді.
"Азаттық" жабыл(а)ды деп қуанып жатқандар бар екен. Олар кімдер? Олар автократияны аңсайтындар, тоталитаризмді қолдайтындар, болмысы диктатор адамдар. Олар – Бишімбаев сотында салтанатшыл боп көрінгенімен, табиғаты Бишімбаевпен бірдей адамдар. Олар "Азаттық" тәуелсіздікке қатер төндіреді деп санайды екен. Пах деген, қызғыштай қорғаған боп түр көрсетіп отырған тәуелсіздікке жетуімізге осы радионың үлесі басым болды емес пе, социалистік, лениншіл ақпарат құралдарына қарағанда? Әлгінде атаған үш режим өкілдері айтқанына көніп, айдауына жүретін ақпарат құралына, итке сүйек тастағандай, мемтапсырыс беріп қойып бақылауда ұстағанды жөн көреді. Себебі олар тәуелсіз журналистикадан өлердей қорқады. Таза болса қорықпас еді, кел де зертте, қылмысымды тапсаң жаз дер еді. Тауып қоятынын білген соң да аккредиттеуден өткізбей қинап жүр емес пе?" деді ол.
"АЗАТТЫҚ БОЛМАСА"
Журналист Жұлдыз Әбділдә Азаттық радиосы өзге БАҚ-тар аз қамтыған немесе мүлдем қозғамаған тақырыптарға басымдық бергенін атап өтті.
Жұлдыз Әбділдә:
"Азаттық" радиосының кәсіби медиа мен азаматтық қоғамның дамуына қосқан өлшеусіз үлесін ендігі бәрі айтып болған шығар. Қорғансызға сүйеу болып жүрген "Азаттықтың" кейінгі кездегі бірнеше материалына ғана шолу жасап өтейікші.
"Азаттық" болмаса, Орталық Азия елдерінің билігі "мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды" деген желеумен ұсталғандарды "сындырып", басқаларға қалай сес көрсетіп жатқанын білмей де қалар едік;
"Азаттық" болмаса, Шыңжаңдағы қуғын-сүргінді ендігі ұмытып та кетер ме ек;
"Азаттық" болмаса, ресейлік компаниялардың санкцияны айналып өту үшін аймақтағы елдерді қалай пайдаланып жатқанын да білмей отыра берер ме ек;
"Азаттық" болмаса, Орталық Азия елдерінен шыққан мигранттардың жағдайы мен жай-күйін жазып жатқан қайсың бар?
"Азаттық" болмаса, Қаңтар құрбандарының кейінгі тағдыры кімді мазалап жатыр?
"Азаттық" болмаса, қарақалпақ белсенділерінің мұң-зарын кім жеткізіп жатыр?
"Азаттық" болмаса, шахталардағы апат пен жәбірленуші тараптың арыз-шағымын кім айтып жатыр?
Орыстандыру саясаты, таласқа түскен уран, қосылған құн салығының қитұрқысы туралы сараптамалық материалдарды былай қойғанда. Оның ар жағындағы "Дубайдағы Қазақстан" секілді арнайы жобаларды қоспағанда.
"Ұлысмедиа" жобасының тілшісі Аян Өрібай Азаттықтың жабылғаны "Қазақстандағы сөз бостандығына үлкен соққы" екенін айтты.
"Өзім куә болған соттарда "аузымен құс тістеген" мықтылардың басынан бағы тайып, сотта шыңғырып, ащы даусы шыққанда айыптау нұсқасымен қатар сотталушының да позициясын теңдей беретін – Азаттық (еді деуге қимаймыз). "Жабылатын болды" деп бөркін аспанға атып жатқандар – күні ертең бастарыңа іс түссе, басқа БАҚ ләм демейді. Айыптау актісін ғана көшіріп басып, тіпті таптауға көмектеседі әлі. Кім қайда қалатынын бір құдай біледі. Қуанбаңдар. Азаттық жабылса, Қазақстандағы сөз бостандығына үлкен соққы болады" деді ол.
Қазір АҚШ-та тұратын қазақстандық журналист Ақсәуле Әлжан өз ойын ағылшын тілінде жеткізді.
"Бұл – Қазақстан журналистикасы үшін көңіл жабырқатарлық сәт. Азаттық радиосы – елдегі санаулы тәуелсіз медианың бірі. Ол басқа БАҚ елеусіз қалдырған жаңалықты жеткізеді. Ол батыл және ол журналистика биліктегі адамдарға емес, бұқараға қызмет етуі керек деген негізгі қағиданы әрдайым қаперде ұстайды. Мен бұл жерде әріптестеріме қолдау білдіргім келеді. Сіздерді құрметтейді, сіздер Қазақстан патриотысыздар. Азат Еуропа/Азаттық радиосының ұзақ уақыт тұрғанын тілеймін" деді ол.
"ҚАЗАҚСТАНДЫ АЗАТТЫҚТАН ТАНЫДЫҚ"
The Qazaq Times сайтының бас редакторы Қойшыбек Мүбәрак Қазақстанға көшіп келуіне Азаттық радиосы түрткі болғанын мәлімдеді.
"Азаттық – біздің азат ойымыздың бастаушысы еді. Бала кезімізде әкелеріміз таңертең сайрап тұрған Шинжаң радиосынан ауысып, міндетті түрде Азаттыққа ауысатын. Әуелде Кеңес Одағындағы Қазақстанды Азаттықтан таныдық. Артынша сол Қазақстанның қалай егемендік алғанын, оның қалай қалыптаса бастағанын да сол Азаттықтан білдік. Шеттегі қазақты көп жұрт Назарбаевтың шақыруымен келді дейді ғой. Меніңше, біз Азаттықтың нұсқауымен келгенбіз. Егеменді еліміздің бар екенін әуелі Азаттық құлағымызға құйған еді. Азат ойлауды сол Азаттық қалыптастырды. Біз Азаттықтың азат ойымен осы атамекенге келіп, осында азат ой үшін өмір сүріп келеміз" деді ол.
"Ар.Рух.Хақ" қоғамдық ұйымының жетекшісі, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Азаттық радиосы саяси астары бар іспен қудаланғандарды назардан тыс қалдырмағанын, адам құқығы мәселесіне басымдық бергенін жазды.
Саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт радионың жабылғанынан Қазақстанның "жоғалтатыны өте көп" деп отыр.
"Азаттық радиосы қызметін тоқтатса, елімізде "Заң мен тәртіп диктатурасының" көкесі сонда болады. Ол отызға жуық саяси тұтқынның қазіргі шарасыз күйін алда бүкіл қазақ қоғамы кешеді деген сөз. Мүмкін сол кезде сөз еркіндігінің құнын ел болып түсінетін шығармыз. Бірақ, ашығын айтқанда, оған да күмәнім бар. Азаттық радиосы жабылады деп бүгін бөркін аспанға атып жатқандар, "Тәртіпке бағынған құл болмайды" деп "Азаттықсыз" Қазақстанда саяси режимнің репрессиясын ақтап алады. Оған менің еш күмәнім жоқ" деп жазды саясаттанушы.
Экономист әрі пиар маманы Айбар Олжаев Азаттық жұмысы Қазақстан экономикасына оң әсер етті дейді.
Айбар Олжаев:
Азаттық радиосының Қазақстан экономикасының дамуына жағымды әсері болды деп санаймын. Себебі, автократияның шыңында болған 2008-2016 жылдары мемлекеттік активтерді талан-таражға салып жатқан кландар өзіне бағынышты емес Азаттық радиосынан ғана қаймығатын. Демек, Азаттық болмағанда біз клептократиялық "беспределдің" одан да зорын көретін едік. Және қазір еш активі жоқ кедей ел болып отыратын едік.
Бұл парадигманы экономистер Дарон Аджемоглу мен Джеймс Робинсон жақсы сипаттап берген. Олар мемлекеттердің табысты не кедей болуы олардың қандай саяси және экономикалық институттарға сүйенетініне байланысты болатынын анықтаған. Екі модель бар: экстрактив және инклюзив.
Экстрактивте шағын элита өздері жабық клуб құрады да, көпшілікті мемлекеттік маңызы бар шешім қабылдау процесінен аластатып тастайды. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына қысым жасау қалыпты жағдайға айналады. Монополиялар құрылады. Мемлекет ресурсы тек осы элитаны байытуға жұмыс жасап, ақырында тозып бітеді.
Ал инклюзивті режимде елдің ортақ мүддесі үшін азаматтар саяси және қоғамдық өмірге барынша тартылады. Шешімдер кеңесіп қабылданады. Сол арқылы мемлекет өркендей түседі.
Азаттықтың үлкен көмегі – кезіндегі біздің экстрактивті режимді тым өсіп кетпеуі үшін мүмкіндігінше тежеп отырды. Кландардың ашық бетімен кетуінен сақтап қалды.
Азаттық "Әділетті Қазақстанға" жемқорлықпен күрес және заңсыз шығарылған активтерді қайтару бағыты бойынша көмек көрсете білді. Зайырлы және демократиялық бағытта дамуымыз үшін бізге пюрализм, пікір алуандығы, түрлі бағыттағы көзқарастар ауадай қажет. Көп ретте Азаттықтың арқасында біздің қоғамда конструктивті және балама пікір режимі қандай қиын уақытта да өлген жоқ.
ҚАЗАҚСТАН БИЛІГІНІҢ ҰСТАНЫМЫ
Қазақстан билігі әзірге бұл жаңалық туралы пікір білдірмеді. Бірақ осыдан бір ай бұрын мәжіліс депутаты Ирина Смирнова "шетел агенті" туралы заң қабылдауды ұсынып, Азаттық радиосына шүйліккен. Журналист Алмас Алтай секілді ол да Азаттықты "тек жағымсыз хабар береді" деп айыптай сөйлеген.
Былтыр Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік БАҚ-ты аккредиттеу талабын күшейтетін "Масс-медиа" заңына қол қойған. Құқық қорғаушылар мен медиа сарапшылар жаңа заңның нормалары Азаттық жұмысын шектеу үшін қолданылуы мүмкін деген ой-пікір айтқан.
Қаңтар оқиғасы жайлы мол хабар таратып келген Азаттық радиосының сайты 2022 жылы қазанда Қазақстан аумағында троттлинг бұғатына ұшырады. Бұғаттың бұл түрінде сайт түгел жабылмай, өте баяу ашылады, жекелеген сілтемелер мүлдем ашылмайды. Салдарынан оқырманның Азаттық жаңалығы мен мақаласын оқуы қиындай түсті. Осы тұста Азаттық тілшілерінің Қазақстан билігінен аккредитация алуы қиындады. Шетелдік БАҚ журналистерін екі жылға тұрақты аккредиттеуден өткізіп келген сыртқы істер министрлігі Азаттықтың Қазақ қызметінде жұмыс істейтін журналистеріне аккредитация картасын бермей қойды, себебін де түсіндірмеді.
Былтыр қаңтарда Азаттық СІМ шешіміне сот шағымын түсіріп, іс медиация келісімімен аяқталды да, министрлік радио тілшілеріне алты айлық аккредитация картасын бере бастады. Бірақ мұндай картаны тілшілердің бәрі бірдей алған жоқ.
- USAGM – апта сайын 360 миллионнан астам адамға 50-ге жуық тілде жаңалық хабар тарататын ұйымдарды қадағалайтын АҚШ-тың тәуелсіз мемлекеттік агенттігі. USAGM-нің 2025 жылға арналған бюджеттік өтінімі –950 миллион доллар. Бұл оның барлық операциялары мен инвестицияларын қаржыландыру үшін қажет.
- Азат Еуропа/Азаттық радиосы – АҚШ Конгресі бөлген грант есебінен USAGM арқылы қаржыландырылатын тәуелсіз медиакорпорация. Азаттық радиосы жұмысын 1953 жылғы 1 наурызда бастаған. Орталық Азия елдері тілдерінде (арасында қазақ тілі де бар) хабар тарататын Түркістан редакциясы 1953 жылғы 18 наурызда алғаш рет эфирге шығып, жұмысын бастаған еді. Қазіргі таңда оның әлеуметтік желілердегі, телевизиялық және радио эфирлеріндегі аудиториясы ондаған елде миллиондаған адамды қамтиды.
- Азат Еуропа/Азаттық радиосы медиа корпорациясының президенті әрі бас атқарушы директоры Стивен Капус грантты тоқтату "Американың жауларына үлкен сыйлық болатынын айтты. "Ирандағы аятоллалар, қытайлық коммунистік басшылар және Мәскеу мен Минскідегі автократтар 75 жылдан кейін Азат Еуропа/Азаттық радиосының таратылғанын тойлайтын болды. Қарсыластарымыздың қолына жеңісті тапсыру оларды күшті етіп, Американы әлсіретеді" деді ол мәлімдемесінде.
- Азат Еуропа/Азаттық радиосы директорлар кеңесінің жетекшісі Лиза Кертис USAGM-нің грантты тоқтату жайлы хаты АҚШ заңнамасына қайшы екенін айтып, заңгерлер тобы Азаттық жұмысын үзбеу үшін қажетті жұмыстарды атқарып жатқанын мәлімдеді .
- 17 наурызда Еуроодақ сыртқы істер министрлерінің Брюссельде өткен отырысында Украинадағы соғыс және Таяу Шығыстағы жағдаймен қатар Азат Еуропа/Азаттық радиосын қаржыландыру мәселесі де талқыланған . Отырыстан соң, Еуроодақтың сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы өкілі Кая Каллас Азаттықтың "демократия шамшырағы" болғанын атап өтіп, Еуроодақтың қаржыландыруы оңай шешілетін мәселе емес екенін, қолдан не келетінін қарастырып көретінін мәлімдеді.
- Азаттықты АҚШ орнына қаржыландыру мәселесіне бастамашыл болған Чехия сыртқы істер министрі Ян Липовский кездесуден соң ортақ келісім болмағанын, бірақ бірқатар мемлекет саяси ерік-жігер білдіргенін айтты.
ПІКІРЛЕР