Азаттықтың Татар-Башқұрт қызметінің тілшісі Алсу Құрмашеваға Журналистерді қорғау комитетінің халықаралық баспасөз еркіндігі сыйлығы берілді. Марапаттау рәсімі Нью-Йоркте өтті.
"Бұл сыйлықты алу мен үшін үлкен мәртебе. Мұны қазір түрмеде отырған Азат Еуропа/Азаттық Радиосындағы әріптестерімнің атынан қабылдаймын, екеуі Беларусьте (Игорь Лосик и Андрей Кузнечик), біреуі Қырымда (Владислав Есипенко) және біреуі Әзербайжанда (Фарид Мехрализаде) абақтыда отыр. Түрмедегі журналистер - бұл сан емес, олар да мен сияқты адам, оларды да үйінде отбасы мен балалары күтіп отыр, олар бостандыққа шығуы керек" деді Құрмашева.
Алсу Құрмашева 288 күн Ресей түрмесінде отырды. Оған Ресей армиясы туралы жалған ақпарат таратты деген айып тағылды. Idel.Реалии редакциясы 2022 жылы күзде жариялаған "Соғысқа жол жоқ! Украинаға қарсы басқыншылықты қолдамайтын 40 ресейліктің хикаясы" кітабы үшін ол қудаланған.
19 шілдеде Татарстанның Жоғарғы соты Құрмашеваға 6,5 жыл түрме жазасын кесті. 1 тамызда Алсу бостандыққа шықты. Ол Батыс елдері, Ресей мен Беларусь қатысқан тұтқын алмасу шарасы аясында босатылды.
Құрмашевадан бөлек, баспасөз еркіндігі сыйлығын Газа секторында жұмыс істеп жүрген палестиналық журналист, продюсер және зерттеуші Шрук Ал Айла, Гватемала журналисі, медицина қызметкері және тарихшы Кими де Леон, Нигердің танымал журналист-зерттеушілерінің бірі, репортаждары үшін ұсталып, қамалған және ұзақ жыл қудаланған Самира Сабу иеленді.