Accessibility links

Таулы Қарабақ қақтығысы соғысқа ұласа ма?


Жаттығу жасап жатқан Әзербайжан сарбаздары. (Көрнекі сурет)
Жаттығу жасап жатқан Әзербайжан сарбаздары. (Көрнекі сурет)

Әзербайжанның сепаратистік аймағы Таулы Қарабақта болған қақтығыстың артында кімдер тұр? Ұзаққа созылған бұл жанжалды реттеуге бола ма әлде қақтығыс одан әрі ушыға ма?

Жақында Таулы Қарабақ өлкесінде әзербайжан мен армян қарулы күштері қақтығысып, соңы адам өліміне ұласты. Екі тарап «арандатты» деп бірін-бірі айыптады. Азаттық қақтығысқа қатысты бес сауалға жауап іздейді.

ЖАНЖАЛДЫҢ СЕБЕБІ НЕ?

Әзербайжан мен Армения ондаған жылдар бойы Таулы Қарабақ өлкесінің мәртебесін анықтай алмай, бір-бірімен қырбай болып келеді. Таулы өлкеде негізінен этникалық армяндар тұрады, бірақ халықаралық шекара тұрғысынан алғанда аймақ Әзербайжанға тиесілі.

Совет үкіметі 1920-жылдары өлкені Әзербайжан ССР-іне қосып берген. Мәскеу бұл аймақты қатаң түрде қадағалап, әзербайжандар мен армяндар кикілжіңіне жол бермеді. Бірақ 1980-жылдардың соңында, Совет Одағының іргесі шайқала бастаған тұста, Таулы Қарабақ аймағында соғыс тұтанды.

Алты жылға созылған қарулы қақтығыс кезінде аймақ Арменияға қосылуға ұмтылды. Таулы Қарабақтың өзін өзі сайлап алған үкіметі тәуелсіздігін 1991 жылы жариялады. 1994 жылы бұл жанжалға Ресей бітімгер ретінде араласып, қақтығысты тоқтатқанша, 30 мыңға жуық адам қаза тапты.

Майдан шебіндегі армян сарбаздары. Таулы Қарабақ, 1989 жыл.
Майдан шебіндегі армян сарбаздары. Таулы Қарабақ, 1989 жыл.

Таулы Қарабақ аумағы - 1 мың 700 шаршы миль (4 мың 400 шаршы километр). Аймақты армян әскері күзетеді. Соғыс тоқтағаннан соң Таулы Қарабақ іс жүзінде автономиялық құқығын сақтап қалды, бірақ Әзербайжан өлкенің өзіне тиесілі екенін айтады.

Франция, Ресей, АҚШ тең төрағалық ететін, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) жасақтаған Минск тобының халықаралық келісімі нәтиже бермеді – екі ел шекараларының қақтығысы 1994 жылдан бері жалғасып келеді, бірақ бітеу жара күйінде қалған жанжал жаппай соғысқа ұласқан жоқ.

ҚАҚТЫҒЫС НЕГЕ УШЫҒЫП БАРАДЫ?

Жақында Таулы Қарабақтағы жағдай қайта шиеленісті. Әзербайжан «Арменияның диверсиялық топтарымен қақтығыста 13 солдатымыз опат болды» деп мәлімдеді. Өзін өзі жариялаған Таулы Қарабақ үкіметі де «Әзербайжан әскерінің шабуылынан бірнеше солдатымыздан айрылдық» дейді.

Таулы Қарабақтың өзін өзі сайлап алған үкіметінің тамыздың 2-сі күнгі мәлімдемесінде «Әзербайжан әскері Армения позициясына қарсы жүрді» дейді. Сол аумақтағы Азаттық тілшісі тамыздың 2-сі күні мұнда расымен де ұрыс болғанын айтады.

Әзербайжан мен Таулы Қарабақ картасы.
Әзербайжан мен Таулы Қарабақ картасы.

Оңтүстік Кавказ бойынша сарапшы және халықаралық бейбітшілік жөніндегі Карнеги қорының Ресей мен Еуразия бағдарламасының ғылыми қызметкері Томас де Ваалдың айтуынша, «екі жақтың бір-бірін айыптауы бітпейтін дауға ұласады».

Ол «Басында бір тарап қақтығысты бастайды, екінші жақ оған тойтарыс береді, осындай бірнеше айналымнан соң кімнің ұрысты бастағаны, кімнің қостағаны анықталмай, түсініксіз болып кетеді. Себебі, екі тарап та дауды өршітіп тұр» дейді ол. Оның пікірінше, «Ауа-райы да жағдайға әсер етеді. Қыс кезінде екі жақтың сарбаздары жер асты бекіністерінде тыныш жатады. Ал көктем мен жазда жағдай қиындайды» дейді ол.

ТАРАПТАР ҚАНДАЙ УӘЖ АЙТАДЫ?

Әзербайжан «Таулы Қарабақ тұрғындары аумақты заңсыз иеленіп отыр» деп өзін өзі жариялаған аймақ үкіметінің халықаралық тұрғыда мойындалмағанын көлденең тартады.

Армения «Әзербайжан құрамында болса, Таулы Қарабақ дамымайды. Таулы Қарабақ халқына өз болашағын өзі анықтауға құқық беру керек» дейді. Армения айтып отырған «өзін өзі анықтау құқығының» тәуелсіздікке немесе Армения құрамына қосылуға ұласары анық. Тәуелсіздігі мойындалмаған бұл республикада 145 мың адам тұрады, олардың 95 пайызы - этникалық армяндар.

ШИЕЛЕНІСТІ РЕТТЕУГЕ БОЛМАЙ МА?

ЕҚҰЫ-ның Минск тобы Әзербайжан мен Армения президенттерін «шиеленісті болдырмау үшін жылдам шара қабылдап, атысты тоқтату туралы келісімді құрметтеуге» шақырды. Оларға «шиеленісті бейбіт түрде реттеу үшін дереу келіссөз бастауға» кеңес берді.

Степанакерт елді мекеніндегі үйдің оқ тескен қабырғасы. Таулы Қарабақ, 25 наурыз 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
Степанакерт елді мекеніндегі үйдің оқ тескен қабырғасы. Таулы Қарабақ, 25 наурыз 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Екі елдің президенттері өткен жылдың қараша айында кездесті, бірақ Ваал Азаттыққа «Шиеленістің тоқтайтын түрі көрінбейді. Келісім - сөреде қалатын құжат қана, мәселе - жаулақсан екі тарап бір-біріне сенбей отыр. Сондықтан бейбітшілік орнайды дегенге күмәнім бар» дейді.

Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров тамыздың 4-і күні осы елдің президенті Владимир Путиннің Армения президенті Серж Саркасян және Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен Сочиде, осы аптаның соңында кездесетінін айтты. Лавровтың сөзіне қарағанда, Путин алдымен президенттермен жеке сөйлесіп алады, содан кейін үш тарапты кездестіріп, келістіруге тырысады.

Бірақ Әлиев әкімшілігі төрағасының орынбасары Новруз Мамедов Әзербайжанның ANS арнасына тамыздың 4-і күні «Әлиевтің Сочиге бару туралы шешім қабылдамағанын» айтты.

СОҒЫС ШЫҒУЫ МҮМКІН БЕ?

Арменияның қорғаныс министрі Сейран Оганян тамыздың 4-і күні «жақында болған қақтығыстарға қарамастан, Ереван соғыстан қауіптенбейді» деді. Reuters агенттігі Оганянның «Аймақтағы жағдай шиеленісіп тұр... Бірақ кейінгі жағдайды зерттей келе, соғысқа себеп жоқ деген қорытындыға келдік» деген пікірін берген.

Томас де Ваал да «Әзербайжанның шабуылға шығуы екіталай» дейді. Оның сөзіне қарағанда, «Баку Мәскеудің пікірін білгісі келеді. Жағдайдың сәл ушыққаны үшін ғана Әзербайжан шабуыл бастай қоймайды. Армения мен Ресейдің арасы жақындасқаны Бакуге зиян».

Дегенмен сарапшының болжауынша, «Қақтығыстар тоқтай қалмайды, майдан шебінде шығын көбейеді».

Ол «Соңғы бірнеше жыл бойы бір айда 2-3 адам қаза тауып келеді. Енді бір айда 20 адам мерт болуы мүмкін. Бұл жаман әрине» дейді.

Таулы Қарабақ шекарасында, қақтығыс өтінде тұратын адамдардың өмірі туралы Азаттық фотокөрмесі:

(Карл Шрек пен Люк Джонсонның мақаласынағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)

XS
SM
MD
LG