Accessibility links

Ресей Әзербайжанда «жоғалған дауыстарға» ашулы


Әзербайжанның сыртқы істер министрі Эльмар Маммедияров пен Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров. Мәскеу, 21 мамыр 2013 жыл.
Әзербайжанның сыртқы істер министрі Эльмар Маммедияров пен Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров. Мәскеу, 21 мамыр 2013 жыл.

АҚШ-тың зымыранға қарсы қорғанысы мен Сирия мәселесі туралы ұмытыңыз. Бұл жолы Кремльдің шамына Eurovision ән сайысында «жоғалған дауыстар» қатты тигенге ұқсайды.

Әзербайжандардың ресейлік әнші Дина Гариповаға берген дауысының із-түссіз жоғалып кеткенін Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров «өрескел» жағдай деп атады.

«ӨРЕСКЕЛ ҚАТЕЛІК»

Баку бұл оқиға «орыс пен әзербайжан халқының арасындағы бауырластық қарым-қатынасқа әсер етпейді» деп үміттенеді. Әзербайжан билігі Швецияның Мальма қаласында өткен Eurovision-2013 конкурсын қорытындылау кезінде «Біздің тарапымыздан Ресейге неге 0 балл берілді?» деген сауалға жауап іздеді. Әзербайжандық көрермендердің СМС арқылы дауыс беріп, Гарипованы 2-орынға шығарғаны белгілі болғасын бұл жайтты қайта тексеру басталған. Демек ресейлік әншіге Бакуден 10 дауыс берілген.

Бірақ жергілікті телеарна Әзербайжан Ресейге мүлдем дауыс бермеді деп хабарлады. Сейсенбі (21 мамыр) күні өткен баспасөз-мәслихатында Әзербайжан сыртқы істер министрі Эльмар Мамедияров пен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров қатенің себебін екі елдің де анықтауға кіріскенін мәлімдеді.



Мамедияров Әзербайжанның қоғамдық телеарнасы Еуропалық хабар тарату одағының басты серіктесі ретінде мәселені анықтауға міндетті екенін айтты. «Мобильдік байланыстың үш операторы да дауыс қорытындысы бойынша ресейлік әншінің екінші орында тұрғанын айтады. Ол дауыстар қалай жоғалып кетті?» деп таңданды министр.

Ал Лавров бұны «өрескел қате» деп, жауаптылардың жазасыз қалмайтынын айтты. «Бізден, дұрысы, біздің сайыскерден 10 балдың ұрланғанына қуана алмаймыз» деді ол.

ГЕОСАЯСИ МӘНІ БАР САЙЫС

Әзербайжан мемлекеттік телекомпаниясының басшысы Джамиль Гулиев «келеңсіз жағдайға белгілі бір мүдделі топтардың себепкер болуы мүмкін» екенін айтып, орыс және әзербайжан халқының байланысы одан суи қоймас деген үмітін білдірді.
"Жоғалған дауыс" сайыстағы дауыс беру жүйесінде кемшілік барын және кейбір елдердің геосаяси жағдайды ескере отырып дауыс беретінін көрсетті.

Eurovision конкурсына қатысушы елдер телефон соғып немесе хабарлама жіберіп, дауыс береді. Телеарна оны елдегі ұлттық операторлардан жинап, сайыс соңында тікелей эфирден хабарлайды. Ресей Әзербайжан әншісі Фарид Мамедовке 12 балл берген. Мамедовтың Hold Me әні жарыста екінші орын иеленген еді.

Гарипованың жүлделі орын алуына Әзербайжанның 10 балы көмектесе алмас еді. Ол What if әнімен 5-орынға ілінген. Бірақ «жоғалған дауыс» сайыстағы дауыс беру жүйесінде кемшілік барын және кейбір елдердің геосаяси жағдайды ескере отырып дауыс беретінін көрсетті.

Әзербайжан былтырғы Eurovision сайысын ұйымдастырған болатын. Ән сайысы елдегі адам құқықтарының бұзылуы мен сыбайлас жемқорлық, конкурсқа дайындық кезінде үйлердің бұзылғаны туралы дау-дамай аясында өткен еді. Ресеймен жақсы қарым-қатынасты сақтап қалуға тырысқанына қарамастан екі елдің арасында қару тасымалы, мұнай мен газ құбыры сияқты мәселелерге қатысты шиеленістер бар.

Мақаланы ағылшын тілінен аударған - Динара Әлімжан
XS
SM
MD
LG