Accessibility links

"Райым-миллионның" серігі. Қырғыз президенті ел алдына контрабанда дауының кейіпкерімен шықты


Қырғыз президенті Садыр Жапаров пен Қытайда туған ұйғыр кәсіпкер Хабибулла Әбдіқадыр мешіт құрылысында. Бішкек.
Қырғыз президенті Садыр Жапаров пен Қытайда туған ұйғыр кәсіпкер Хабибулла Әбдіқадыр мешіт құрылысында. Бішкек.

Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың Қытайда туған, журналистер зерттеуінде Қырғызстандағы контрабандаға қатысы бар деп аталған кәсіпкермен ел алдына шығуы үкіметтің жемқорлыққа қарсы күрес шараларына күмәнді күшейтті.

Елде болған жаппай тәртіпсіздік кезінде түрмеден босап, президент қызметіне кіріскен Садыр Жапаров Қырғызстандағы жемқорлықты жоюға уәде берген.

Ол 2020 жылы 16 қазанда қырғыз халқының алдында жасаған алғашқы мәлімдемесінде "Бастысы – Қырғызстаннан 700 миллион долларды шетелге шығару ісіне нүкте қоямыз. Негізгі күдікті Матраимов пен басқа да жемқорлар заң алдында қатаң жауап береді" деген.

Жаңа президент өз сөзінде Қырғызстан кеден қызметі басшысының бұрынғы орынбасары Райымбек Матраимовті меңзеген. Журналистер зерттеуінен кейін Матраимовтің жемқорлық сызбасын құрып, Қырғызстаннан миллиондаған доллар ақша жымқырғаны анықталды.

Көп ұзамай Матраимов тұтқындалып, жемқорлық ісі бойынша сотталды.

Бірақ ол қамауда ұзақ отырған жоқ. Билік Матраимовті тергеуге көмектесіп, мемлекетке заңсыз жолмен тапқан 24 миллион долларын қайтарғаны үшін босатып жіберді.

Бұл Жапаров айтқан "заң алдында қатаң жауап беруге" ұқсамады. Заң бойынша, Матраимовке 10-15 жыл түрме жазасы берілуі керек еді.

2020 жылы желтоқсанда АҚШ "Магнитский заңы" бойынша Матраимовке қарсы санкция енгізген. Бірақ Азаттық радиосы, Kloop басылымы, Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес қызметі бірлесіп дайындаған зерттеуде Матраимовтен басқа тұлғалардың да аты аталған.

Зерттеуде Қытайда туған ұйғыр кәсіпкер Хабибула Әбдіқадыр туралы да айтылады. Журналистер оны Қырғызстан, Өзбекстан мен Ресей нарығына контрабандалық қытай тауарын жіберумен айналысатын "заңсыз жүк тасымалы империясының басшысы" деп сипаттайды.

Биыл 10 наурызда Әбдіқадыр жемқорлық дауынан кейін алғаш рет ел алдына шықты. Ол президент Жапаровпен бірге Бішкектің іргесіндегі үлкен мешіттің бірінші кірпішін қалау рәсіміне қатысты.

Садыр Жапаров пен Хабибулла Әбдіқадыр (оң жақта) Бішкектегі мешіт құрылысының іргесін қалау салтанатында.
Садыр Жапаров пен Хабибулла Әбдіқадыр (оң жақта) Бішкектегі мешіт құрылысының іргесін қалау салтанатында.

Президент пен жемқорлық дауына іліккен кәсіпкердің бірге түскен суреті қырғыз қоғамын дүр сілкіндірді. Бірақ президент бұрынғы әдетіне басып, жұрттың ызасына мемлекеттік "Қабар" агенттігі арқылы жауап беруге тырысты.

Президент Әбдіқадыр басқа инвесторлармен бірге Бішкектегі жобаларға 1,5 млрд доллар ақша салғалы жатқанын, оны тұтқындау туралы ордер болмағанын, кәсіпкердің жемқорлық қылмысына қатысы бары дәлелденбегенін айтты.

– Интриган журналистер мен басқа да адамдардың пікірінен қорықпаймын. Бастысы – арым таза. Халық пен Құдай бәрін көріп тұр, – деді ол. Президент Қырғызстан мен Қытай шекарасындағы жемқорлық мәселесі біржола шешілгенін айтты.

АҚШАНЫҢ БӘРІ АДАЛ ЖОЛМЕН КЕЛЕ МЕ?

Әбдіқадыр мен Матраимовтің байланысын журналистер зерттеуінде куәгер болған Айеркен Саимаити деген кісі әшкереледі. Ол Әбдіқадырға ақша жымқыруға көмектесіп, ұзақ жыл қызмет еткенін, кейін келісе алмай, бөлініп кеткенін айтқан.

Матраимов ісінде аталған 700 миллион долларды халықаралық электрон аударымдар мен қолма-қол ақша түрінде шетелге шығаруға дәл осы куәгер көмектескен. Саимаити журналистерге Әбдіқадыр отбасының атынан Матраимовтің әкесі Ислам Матраимовтің атымен аталатын отбасылық қорға ақша аударып отырғанын растайтын құжаттар көрсеткен.

Азаттық пен Kloop кейінірек Матраимовтің әйелі мен АҚШ санкциясына ілінген тағы бір тұлға Уулкан Тургунова Әбдуқадырдың компаниясы арқылы Дубайдағы құрылысқа инвестор болғанын анықтады.

2019 жылы 10 қарашада бірнеше апта бұрын журналистерге жеке бас қауіпсіздігі үшін алаңдайтынын айтқан Саимаитиді Стамбулда белгісіз біреулер дәмхананың сыртында отырған жерінде атып кетті. Ол журналистермен соңғы кездесуінде жемқорлық сызбасын әшкерелейтін құжаттарды беріп үлгерген.

Былтыр Түркия соты кісі өліміне қатысы бар деген айыппен жеті адамға өмір бойына түрме жазасын кесті. Олардың радикал ұйымға қатысы бары айтылды.

Журналистер қолына түскен полиция жазбаларына қарағанда, Түркияның құқық қорғау органдары Саимаитидің жесірі Вуфули Бумаилиямуден жауап алып, марқұмның өзін Әбдуқадыр мен Матраимов өлтіріп кетеді деп қорыққанын білген.

Матраимов кінәсін мойындады, Ресейде депутат сотталды
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:36 0:00

Матраимов Азаттыққа Саимаитидің өліміне қатысы жоғын, бұл оқиғадан кейін Түркияға барғанын, бірақ тергеуге шақырылмағанын айтты.

Kloop басылымының негізін қалаушы Бектұр Искандер Жапаров мен Әбдіқадырдың суреті 2020 жылы Матраимовпен байланысы бар партияның парламент сайлауында жеңіске жеткеніне наразы болып, көшеге шыққан халықты мазақ қылумен тең деп есептейді.

Елдегі саяси берекетсіздік кезінде адам кепілге алғаны үшін түрмеде отырған Садыр Жапаров босатылды. Жақтастары көп болғандықтан, бұрынғы тұтқын жаңа президентке айналды.

– Бұл 2020 жылы революция болмағанын анық көрсетеді. Ұйымдасқан қылмыстық топ жағдайды пайдаланып кетті. Бұрын да күдігіміз болған. Бірақ Жапаров пен Әбдіқадырдың бірге түскен суретінен кейін бәрі түсінікті болды, – дейді Искандер.

Жапаров әкімшілігі Азаттықтың сауалына жауап берген жоқ.

Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті "Матраимов ісі бойынша Әбдуқадырдан жауап алынды ма?" деген сұрақты жауапсыз қалдырды.

ҚҰДАЙДАН ҚОРҚАТЫН АЗАМАТ

Жапаров – Әбдуқадырмен араласқан алғашқы қырғыз президенті емес.

"Орталық Азияның жүрегіндегі тонау мен патронаж" деп аталатын зерттеу жарияланғаннан кейін 2017 жылы Әбдіқадырға ұқсайтын азамат президент Сооронбай Жээнбековтің инаугурациясына қатысқаны белгілі болды.

Инаугурация видеосында бұл азаматтың президенттің ағасы, Қырғызстанның сол кездегі Украинадағы елшісі Юсупбекпен отырғаны көрінеді.

Осыдан кейін желіде Әбдіқадырдың Қырғызстанның төртінші президенті Алмазбек Атамбаевты құшақтап тұрған суреті тарады.

Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев пен оның жары Хабибулла Әбдіқадырмен бірге. Фото әлеуметтік желіде тараған, түпнұсқалығы расталмаған.
Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев пен оның жары Хабибулла Әбдіқадырмен бірге. Фото әлеуметтік желіде тараған, түпнұсқалығы расталмаған.

Зерттеу жарияланғанда сол кездегі Қырғызстан президенті Жээнбеков Әбдуқадырмен екі рет: Қытаймен шекаралас Ош облысының губернаторы болған кезде және Атамбаевтың кабинетінде кездескенін айтқан.

"Көп адамды танимын. Қырғызстанға инвестор тарту үшін қанша инвестициялық форум өткіздім. Бізге инвестор керек емес пе?" деді ол жыл соңындағы баспасөз конференциясында. Жээнбеков Әбдуқадырмен іскерлік байланысы барын жоққа шығарып, инаугурацияда кім қайда отыратынын бұрынғы президент әкімшілігі жоспарлаған деп түсіндірді.

Атамбаев Азаттыққа Әбдуқадырмен Жээнбеков арқылы танысқанын айтқан. Бұрынғы президент биліктен кетерде Жээнбековті орнына қалдырған, бірақ кейін екеуінің арасы бұзылып, үлкен кикілжің болды.

"Хабибула – Құдайдан қорқатын адам. Қалай танысқанымызды өзінен неге сұрамайсыңдар? Бізді Сооронбай таныстырды", – деген Атамбаев.

Кей адамдар "Жапаров Қырғызстанға инвестор тартып жатыр" деп, президентті қорғауға тырысты.

Кәсіпкер Қадыр Саидилхан Facebook-тегі парақшасына "Сингапур, Дубай, Гонконг сияқты қалалар да лас ақшаға салынған. Инвестордың ақшасын адал не заңсыз жолмен тапқаны маңызды емес. Әбдуқадыр заң мен Құдайдың алдында өзі жауап береді" деп жазды.

2020 жылы Жапаровтың қарсыласы болған саясаткер Омурбек Суваналиев бұл пікірге қосылмайды.

– Ақшаны қайдан тапқанын бәрі біледі. Енді инвестор болып оралыпты. Саясаткерлердің көбінің Әбдуқадырмен байланысы бар. Кәсіпкер біразына демеуші болған, сондықтан Қырғызстанда өз үйінде жүргендей сезінеді, – дейді ол.

Жапаров әкімшілігінің дерегінше, Әбдіқадыр құрылысына атсалысып жатқан 20 мың адамдық мешітке 50 миллион доллар кетеді.

Президенттің сөзінше, құрылыс аяқталғаннан кейін мешіт Қырғызстан мұсылмандар діни басқармасының иелігіне өтеді.

Бірақ Қырғызстандағы дін өкілдерінің қолдауына ие болғысы келетін басқа тұлғалар да бар.

Былтыр тамызда санкцияға ілінген Ислам Матраимов қайырымдылық қоры Бішкекте мүфтиятқа жаңа кеңсе салып жатқанын хабарлады.

Қор өкілдері Facebook-парақшасына Матраимовтің имамдармен бірге намаз оқып жатқан суретін салып, "Мұсылмандар мүфтияттың жаңа кеңсесі Түркия мен араб елдеріндегідей заманауи ғимарат болады деп сеніп отыр" деп жазды.

Райымбек Матраимов мүфтият ғимаратының іргесін қалау кезінде имаммен бірге дұға оқып тұр.
Райымбек Матраимов мүфтият ғимаратының іргесін қалау кезінде имаммен бірге дұға оқып тұр.

Матраимов өзіне үкім оқылғаннан кейін көп ұзамай Қырғызстанның бұрынғы бас мүфтиі және басқа да дінбасыларымен бірге туған қаласы Қара-Сууда 5 мың адам сыятын мешіт ашты.

Құрылысқа қаржы бөлген Ислам Матраимов қайырымдылық қоры бұл нысанды "Қырғызстандағы ғана емес, бүкіл Ферғана жазығындағы ең әдемі мешіт-медресе" деп атады.

Азаттық радиосы Қырғыз қызметінің Бішкектегі тілшісі Тоқтасын Шамбетовтың зерттеуіне сүйеніп жазылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG