Кедейшілік пен жұмыссыздық кейбір түркімен әйелдерін жезөкшелікпен айналысуға итермелейді. Отбасын асырау үшін осындай іске барған бірнеше әйел Азаттыққа бастан кешкендерін баяндап берді. Олар күш көрсету мен полиция тарапынан еңбекті қанау, қоғамдық айыптауларға кезіккендерін айтты.
Марал кішкентай екі баласын асырау үшін коммерциялық секспен айналысады.
Отбасындағы жалғыз асыраушы – 38 жастағы әйел төрт жыл бұрын қаржы тапшылығы оны жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлегенін айтты.
"Мектеп жабдықтарын алуды айтпағанда бір апта бойы балаларыма ыстық тамақ әзірлеуге шамам келмеген кездер болды" дейді Марал (аты-жөні өзгертілді).
Марал – Түркіменстанда секс қызметін көрсететін мыңдаған адамның бірі. Кедейшілік, тұрмыс тауқыметі, жұмыссыздық, азық-түлік тапшылығы кейбір әйелдерді жезөкшелікпен айналысуға итермелейді.
Елдің оңтүстік-шығысындағы Түркіменқала елді мекенінде тұратын Марал Түркияға нәпақа табуға кеткен күйеуі аударатын ақшаға тәуелді болған. Бірақ әйелдің сөзінше, уақыт өте келе күйеуі ақша аударуды доғарып, онымен қарым-қатынасты үзген.
Марал жергілікті еңбекпен қамту орталығына тіркелген, алайда жұмыс таба алмаған. Мақта алқаптарында уақытша жұмыс істеген.
Жұмыс өте қалжырататын және қатты төмен төленетін болған. Марал тапқан-таянғаны жалға алған пәтер ақысын төлеуге әрең жететінін, отбасы қара нан мен қара шәйді ғана талғажау еткенін айтады.
"Маған көмектесетін ешкім болған жоқ. Қарт ата-анам бар, ал енемнің денсаулығы нашар. Әлеуметтік қызметке көмек сұрап, талай рет бардым, бірақ ешқандай көмек болмады" дейді Марал.
Түркіменстанда жезөкшелікке тыйым салынған және коммерциялық секс жұмысшыларының көбі мұны отбасынан жасыруға тырысады.
Марал жезөкшелікпен айналысуға мәжбүр болған жалғыз адам емес.
"Мұны қалағандықтан жасаған жоқпыз. Әбден қажығандықтан айналысуға мәжбүр болдық" дейді аты-жөнін айтпаған елдің оңтүстік-шығысындағы Мары уәлаятында тұратын әйел. "Егер үкімет бізге жұмыс тауып берген болса, ешкім де мұнымен айналыспас еді" дейді ол.
ПОЛИЦИЯНЫҢ ҚАНАУЫ
Түркіменстанда жезөкшелікпен айналысқандар қылмыстық жауапкершілікпен қудаланады. Бірінші рет ұсталғандарға айыппұл салынады, қайталағандар екі жылға дейін бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін.
Тыйым мен қоғамдық айыптауларға қарамастан Түркіменстанда жезөкшелік ұзақ жылдардан бері бар.
Елді қымбатшылық жайлағаннан кейін кейінгі жылдары елде жезөкшелік кең етек алды дейді Мары мен Лебап уәлаяттарында тұратын аты-жөнін атамаған бірнеше әйел.
Жас әйелдер клиенттерді негізінен бар-мейрамханалардан табады. Қызмет құны 60-140 доллар шамасында.
Жасы үлкенірек әйелдер әдетте клиенттерді трасса және жүк көлігі тұрақтарынан іздейді. Олар клиенттерінен 15-30 доллар алады.
Жұмыс қатерге толы: жезөкшелер венерологиялық ауру түрлерін жұқтырып алуы мүмкін немесе адам саудасы құрбанына айналуы ықтимал. Кейде оларға күш те көрсетіп жатады.
"Кейбір клиенттер алдын ала келіскен ақыны төлеуден бас тартады. Кейбірі өте дөрекі және күш көрсетеді, тіпті ұрып-соғады" дейді Лебаптағы секс-жұмысшы.
Жезөкшелікпен айналысатындарды күштік құрылым өкілдері бопсалап, оларды пайдалануға тырысады.
Бірнеше коммерциялық секс жұмысшысының сөзінше, полиция оларды жиі ұстап, мақта тергізеді, маусымдық жұмыс кезінде өзге де ауыл шаруашылық жұмыстарын істетеді.
Түркіменстан билігі студенттер мен мұғалімдерді, өзге де бюджет қызметкерлерін мақта алқаптарына жиі жібереді.
"Полиция мен прокуратураның жоғары лауазымды шенеуніктері бізге қысым жасайды" дейді секс жұмысшы.
"Бізді полиция бөлімшесіне апарып, айыппұлсыз немесе қылмыстық қудаламай босататындарын, тек "бізге айтқан кезде тегін қызмет көрсетесіңдер" деп ескертеді. Уақыт өте келе олар бізге хабарласады, оларға тегін қызмет көрсетеміз" дейді ол.
Әйел адам лауазымды қызметкерлердің атын атаған жоқ.
Азаттық Мары және Лебап уәлаяттары және Ашғабат билігіне хабарласқанмен жауап ала алмады.