Accessibility links

Беларусь халық республикасының жарияланғанына 100 жыл толды


"Еркіндік күні" алаңға шыққан халық. Минск, 25 наурыз 2018 жыл.
"Еркіндік күні" алаңға шыққан халық. Минск, 25 наурыз 2018 жыл.

Наурыздың 25-і күні Беларусь халық республикасының жарияланғанына 100 жыл толды. Беларусь елінде бұл дата "Еркіндік күні" деген бейресми атауға ие. Осы күнге қатысты қандайда бір шараларға соңғы уақытқа дейін тыйым салынып келген еді. 24 жылдан бері елді басқарып отырған президент Александр Лукашенко бастаған билік бұл күнді атап өтуге алғаш рет рұқсат етті.

1918 жылы Беларусь халық республикасы (БХР) жарияланған Еркіндік күні ел оппозициясы үшін баяғыдан символикалық дата саналады. Жыл сайын наурыздың 25-і күні Минск және өзге қалаларда азды-көпті адам қатысқан шерулер өтіп, жұрт 1991-1995 жылдары постсоветтік Беларусь елінің мемлекеттік туы болған ақ-қызыл-жолақты ту ұстап шығады. Кейін президент Лукашенконың бастамасымен БССР кезіндегі ту қайта бекітілген. Тек ондағы орақ, балға және жұлдызы алып тастаған. Елде бұл күнді атап өткендер жауапқа тартылған. Биыл күтпеген жерден жағдай өзгеріп, билік БХР-дың 100 жылдығы құрметіне митинг-концерт өткізуге рұқсат етті. Шара Минскінің орталығында опера театры ғимараты алдында өтті. Ал бір жыл бұрын ғана бұл күні милиция оппозицияның 700-дей мүшесін ұстап әкеткен еді.

Азаттықтың орыс қызметіне сұхбат берген беларусьтік журналист, филолог әрі тарихшы-архивист, Еркіндік күні қарсаңында Минскіде презентациясы өткен "БХР-ге саяхат" кітабының авторы Сергей Шупа 25 наурыз датасының саяси-тарихи мәні туралы айтып берді.

Сергей Шупа.
Сергей Шупа.

– 100 жыл бұрын Беларусь ұлттық қозғалысы қандай болған еді? Интеллигенттік үйірме түріндегі қозғалыс болып па еді әлде сипаты одан гөрі ауқымдырақ болды ма?

– 1917 жылы ұлттық идеялар бұқара халықтың арасында енді ғана тарап келе жатқан. Әлгі идеяларды тарату құралдары жетіспеді. Мерзімді баспасөз арқылы таратуға болушы еді. Бірақ 1905 жылға дейін беларусь тіліндегі баспасөзге тыйым салынды. 1905 жылғы революция бұл кедергіні жойып, 1906 жылы беларусь тіліндегі газеттер шыға бастады. Бірақ ұлттық идеяларды кеңінен таратуға әлгі газеттердің тиражының шамасы жетпеді. Ол уақытта 15 миллион халыққа ондаған мың ғана газет болды. 1917 жылы Беларусь социалистік громадасы деген дәстүрлі бір партия болды. Беларусь ұлттық қозғалысының көрнекі қайраткерлерінің бәрі осы партияның мүшесі болған.

–1917 жылы Ресей империясында революция басталды. Осы тұрғыдан алғанда Беларусь тәуелсіздігі идеясы қалай сипатталды? Монархия құлаған 1917 жылғы көктемнің басынан Беларусь халықтық республикасы жарияланған 1918 жылғы көктемге дейінгі аралықта, яғни бір жыл бойы бұл процестер қалай өрбіді?

– 1917 жылғы көктемде бұл қозғалысты соғыстан зардап шеккендерге көмек қоғамының Минск бөлімі басқарды. Бұл көптеген филиалдары бар қоғамдық ұйым болатын. Ресейдегі Ақпан революциясынан кейін ол атауын Беларусь ұлттық комитеті деп өзгертті. Комитет әлдебір съезд, митингілер өткізе бастады.

– Олардың қатарында интеллигенттер, студенттер, әскерилер болды ма әлде өзге халық өкілдері болды ма?

– Әуелгіде сан қилы адамдар болды. Беларусь ұлттық комитетін ірі жер иеленуші, кейін Беларусь саяси сахнасында танылған Роман Скирмунт басқарды. Ол лидер болған еді. Кейін Беларусь халық республикасы ұлттық комитеті атауын өзгертіп, оның қатарында Беларусь социалистік громада партиясы өкілдері көбейе бастады. Бірақ Скримунттың беделі бәрібір мығым болды. Сондықтан оны автономия туралы келісім жүргізу үшін Петроградқа (Санкт-Петербург-ред) жіберді.

– Олар қандай автономия боламыз деп елестетті?

– Олар жаңадан ештеңе ойлап тапқан жоқ. Украинада болып жатқан оқиғаларды мұқият бақылап, украин әріптестерінің әр қадамын қайталап отырды. Дәл сол мезетте Петроградта украиндардың Орталық Радасы осы мәселені шешіп жатқан болатын. Беларусьтар әлгі талқыға қосылып, украиндардың ізімен автономия алғысы келді. Бірақ Уақытша үкімет беларусьтер түгілі, украиндардың өзіне нақты ештеңеге уәде берген жоқ. Бұл Скримунттің бәсекелестеріне оны ысырып тастауға себеп болды.

"Еркіндік күні" алаңға шыққан халық. 25 наурыз 2018 жыл.
"Еркіндік күні" алаңға шыққан халық. 25 наурыз 2018 жыл.

– 1917 жылғы күзде большевиктер революция немесе төңкеріс жасады. Тарихшылар бұл оқиғаның атауына қатысты әлі күнге дейін дауласып келеді. Бұл беларусь белсенділеріне, олардың бағдарламасына қалай әсер етті?

– Беларусь белсенділері большевиктердің төңкерісін қабылдаған жоқ. Беларусьта белгілі бір билік болған жоқ. Яғни большевиктер, уақытша үкімет өкілдері, ең бастысы - 1917 жылғы оқиғалардың барысын, оның ішінде Құрылтай жиынына өкіл сайлау нәтижелерін шешкен бұрынғы патша армиясының жүздеген мың солдаты болды. Олар жергілікті халық ретінде дауыс берді.

– Ал дауыс беруде кімдер жеңді?

– Аздаған басымдықпен большевиктер жеңді. Бейберекеті шығып, бәрінен түңілген солдаттар радикалдардың соңынан ерді. Беларусь социалистік громадасы жарты пайыз дауыс алды. Олар үлкен саяси аренаға шығып үлгерген жоқ.

Бірақ 1918 жылғы наурызда дәл осы жарты пайыз иеленгендер аласапыран жағдайды, енді басталып келе жатқан азаматтық соғысты пайдаланып өз мақсаттарына жетуге әрекеттенді ғой. 1918 жылғы наурызда большевиктер Брест бейбіт келісіміне қол қойды. Оның Беларусь үшін қандай маңызы болды? Бір жағынан немістер Брест келісімі шарттарына сәйкес бұл территорияға уақытша иелік етті. Ал бір жағынан орыс армиясынан қалған солдаттар, үшінші жағынан большевиктер, төртінші жағынан поляк ұлттық қозғалысы болды. Бұл жағдайда беларусь белсенділері қалай қабылдады? Кімді жау, кімді ықтимал одақтас санады?

– Олар қарсылас емес, одақтас іздеді. Брест бейбіт келісіміне Германия бүкіл Беларусьті Днепр өзеніне дейін тіпті одан да ішкері басып алғаннан кейін қол қойылды. Беларусьтер тәуелсіздік жариялап үлгермей қалды. Ал советтік Ресей Украина халықтық республикасына қарсы соғыс бастап кеткенінің арқасында Орталық Рада Украинаның тәуелсіздігін жариялады. Бұған қоса, тағы бір айырмашылық - Украинаның көп бөлігінде Орталық Раданың билігі жүрді. Сондықтан большевиктер олармен соғыса бастады.

– 25 наурыз актісі қалай қабылданды? Белсенділердің шағын тобы жаңа тәуелсіз мемлекет пайда болды деп жариялай салды ма әлде бұл үлкен оқиға болды ма?

– 1917 жылғы желтоқсанда өткен жалпы беларусьтік съезге екі мыңдай делегат қатысты. Оның нәтижелерін жұрттың бәрі мойындайды. Әлгі съезд шешімдері беларусь халқының пікірі деп саналды. Бұл съезде автономия туралы армандар айтылғанымен, тәуелсіздік жариялау туралы ұрандар ұсынылған жоқ. Большевиктер съезді қарудың күшімен қуып таратты. Бірақ съезд өз кеңесі Раданы, ал Рада атқарушы комитетті сайлап үлгерді. Беларусь халқының пікірі ретінде алғашқы жарғылық грамотаға съезде сайланған атқарушы комитет қол қойған еді. Екінші жарғылық грамотамен Беларусь халықтық республикасы құрылғаны жарияланды. Бірақ онда Ресейге қандай көзқарас ұстанатыны жазылған жоқ. Олар өздерін Беларусь халықтық республикасының Радасы деп атады. Ал бұл кезде Беларусь территориясын немістер басып алды. Олар 18 ақпанда Троцкийдің кесірінен шабуыл бастады. 19 ақпанда большевиктер Минскіден кетіп қалды. Сондықтан 21 ақпанның таңына дейн Минск беларусьтер мен поляк легионерлерінің бақылауында болды. Беларусьтер мен поляктардың арасында жанжал шыққан жоқ. Ал 21 ақпанда таңертең немістер келді. Сондықтан 25 наурызда БХР де-факто немістер келгенде жарияланды деуге болады.

БХР радасы декларациялар мен жарғылық грамоталарын немістер келгеннен кейін қабылдай бастады. Беларусь белсенділері 1918 жылы 3 наурызда Брест келісіміне қол қойылғанға дейін өз жерінде билігін жариялап үлгермеді. Германия бұл территорияны Ресей мемлекетінің провинциясы ретінде алды. Бірақ Брест келісімі шарттарына сәйкес, БХР-ды мойындауға Германияның құқы болған жоқ. Олар келісімнің бұл шартын бұлжытпай орындады.

БХР туы ілінген губернатор үйі. Минск, 1918 жыл.
БХР туы ілінген губернатор үйі. Минск, 1918 жыл.

– БХР Радасында кім басшы болды?

– Вильнада (Вильнюс- ред) тұратын ағайынды Иван мен Антон Лучкевичтер негізгі тұлғалар болды. Вильна майдан шебінен тыс болды. Сондықтан Минскіге арнайы рұқсат қағазымен баратын. Екеуі 25 наурызда Минскіге келіп қалды да, соның арқасында тәуелсіздік жарияланды. Бірақ Иван сол кездің өзінде туберкулезбен қатты ауырып жүрген болатын. Ал Антон кейін Минскіге тағы келіп саясатқа мықтап араласа бастады. Бірақ бірер аптадан кейін Германия құлап, большевиктер келді де БХР-дың Беларусь шекарасынан тысқары жердегі тарихы басталды.

БХР басшыларының кейінгі тағдыры не болды?

–БХР үкіметі 1918 жылғы желтоқсаннан бастап қудалауда болды. Ол бірнеше мәрте орын ауыстырып, Каунас, Рига, Прагада отырды. Ақыры 1925 жылы советтің арнайы қызметінің "көмегімен" БХР үкіметі өзін-өзі таратып, басшылары либералдану, беларусьтендіру, НЭП жүріп жатқан Минскіге аттанды. Қуғыннан қажып, ешқандай даму жоғын байқаған соң большевиктердің уәдесіне сенді. Мұнымен келіспеген БХР Радасы президумының екі мүшесі Петро Кречевкий мен Василь Захарко Прагада қалды. Захарко 1943 жылы қайтыс болып, сол кезеңдегі БХР тарихы аяқталды. Ал совет үкіметі орнаған Беларуське көшкендердің ішінде 1930 жылдардың аяғына дейін тірі қалған ешкім жоқ. Антон Луцкевич сияқты Батыс Беларусьте тұрғандардың бәрін совет үкіметі орнағаннан кейін 1939 жылы тұтқындап, көзін жойды. Ал БХР үкіметінің 1918 жылғы ақпаннан бергі алғашқы басшысы болған Язэп (Иосиф) Воронко 1923 жылы АҚШ-қа эмиграцияға кетіп, 1950 жылдардың аяғында сол жақта қайтыс болды.

БХР-дің алғашқы үкіметінің мүшелері.
БХР-дің алғашқы үкіметінің мүшелері.

- БХР-ды жариялау мен оның қызметі соншалықты бір ірі тарихи эпизод сияқты болып көрінбейді. Оны әлі күнге дейін неге еске алады? 25 наурыздағы Еркіндік күні неліктен бейресми мереке саналады? Бұл күннің беларусьтер үшін қандай маңызы бар?

–Кезінде Совет одағының бұрынғы республикаларын бәрінің, кем дегенде еуропалық бөлігінде орналасқан республикаларында советтік емес жолмен дамуға мүмкіндігі болған еді. Көршілері Украина немесе Прибалтика елдері сияқты деңгейде дамымаса да беларусьтер мемлекеттік дәстүр қалыптастыра алды

1918 жылғы БХР-ды большевиктерге қарсы жоба еді деп айтуға бола ма?

– Бұл кезінде советтік насихат шығарып алған аңыз. Бұл аңыздардың ең бастысы – БХР-ды Германияның көмегімен жарияланған буржуазиялық-ұлттық қуыршақ мемлекет деп атаған. Ал Германияның бұған еш қатысы болған жоқ. Кайзерге телеграмма жолданып, Германияны БХР-ды мойындатуға тырысқан әрекеттер болды. Бірақ Берлин мұның бәрін елемей тастады. БХР ұлтшылдар қозғалысы болды деу де күлкілі нәрсе. Өйткені билік осы елде тұратын халықтардың бәріне ортақ деп Беларусь халықтық республикасының алғашқы жарғылық грамотасында жазылған.

– Олай болса, қазіргі билік БХР мұрасы мен оның символикасына неге шүйлікті? Соңғы кезге дейін бұл символиканы неліктен қудалап келді?

– 1993 жылы БХР-дің 75 жылдығы тіпті мемлекеттік деңгейде аталып өтті деуге болады. Ешқандай проблема болған жоқ. Бірақ билікке Лукашенко келген кезде ол бұл символиканы да, БХР дәстүрлерін де режимге қарсы қойып алған сияқты. Бұл тартыс 1994-1995 жылдары пайда болды. Ал қазір неге жағдай өзгере бастады? БХР-ді сынап келген позициялар қазір әлдебір анахронизм ретінде қабылданатын сияқты. Біреулерге, әсіресе Ресейдегі біреулерге Беларусь тәуелсіздігі деген идеяның өзі ұнамайтын тәрізді.

– 25 наурыз Беларусь елінде ресми түрде аталып өтетін ұлттық мерекесіне айналатын кез келеді деп ойлайсыз ба?

- Футурологиямен айналыспаймын. Бірақ түбі солай болатын сияқты. Бұл біреулерге ұнайды, біреулерге ұнамайды. Мұндай перспективаны онша ұнатпайтын адамдар баррикаданың екі жағында да болуы мүмкін. Өйткені қазір Еркіндік күні азаттықтың, баламаның, бүлікшілдіктің символы саналып жүр. Ал егер оны ресми мерекеге айналдырса бұл мерекеден ешкім қорықпайтын болады.

(Азаттықтың Орыс қызметі тілшісі Ярослав Шимов алған сұхбат орысшадан аударылды)

XS
SM
MD
LG