Accessibility links

Минскіде "Настоящее время" журналистерін ұстап әкетті


Юрий Баранюк, Ирина Ромалийская және Иван Гребенюк
Юрий Баранюк, Ирина Ромалийская және Иван Гребенюк

Бүгін, 7 тамыз күні Беларусь полициясы Минскіде "Настоящее время" арнасының елдегі президент сайлауынан хабар таратуға барған үш журналисін ұстап әкетті. Журналистер бұған дейін оппозициялық кандидат Светлана Тихановскаяның сайлауалды үгіт-насихаты мен оның жақтастары өткізген митингілерді көрсеткен.

Журналистерді Беларусь астанасындағы "Минск" қонақ үйінен ұстап әкетіп, Московский аудандық ішкі істер басқармасына апарған. Ұстау себебі белгісіз. Журналистердің телефоны бұғатталған. Өздерімен тікелей хабарласу әзір мүмкін емес.

Ұсталған журналистер қатарында Ирина Ромалийская (Украина азаматы), Юрий Баранюк (Ресей азаматы) және Иван Гребенюк (Украина азаматы) бар. Олар оппозициялық топтардың үгіт-насихат жиынынан тікелей эфирге шығып жүр және Светлана Тихановскаяның өзі мен оның штабындағы адамдардан жиі сұхбат алады. Арнаның Беларусьтегі сайлауға арналған арнайы хабарларын әлеуметтік желіде миллиондаған адам көрген.

Настоящее Время арнасы журналистердің ұсталуына байланысты Беларусь ІІМ-не сауал жолдады. Әзірге жауап жоқ.

Беларусьте президент сайлауы 9 тамызда өтеді. Билік сайлау алдында оған қатыспақ болған Лукашенконың екі оппоненті – банкир Виктор Бабарико мен танымал блогер Сергей Тихановскийді қамауға алған. Орталық сайлау комиссиясы тағы бір оппозиция кандидаты Валерий Цепкалоны үміткер ретінде тіркеуден бас тартқан. Қудалаудан сескенген Цепкало елден кеткен.

Тихановский қамалғаннан кейін оның әйелі Светлана Тихановская сайлауға қатысу туралы шешім қабылдаған. Тихановская төңірегіне тіркелмеген өзге оппозиция кандидаттарының штабтары топтасқан.

Бұл - елді 26 жылдан бері үздіксіз басқарып келе жатқан қазіргі президент Александар Лукашенконың президент сайлауына алтыншы рет қатысуы.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG