Фотожурналист Уладз Хридзин Азаттық радиосының Беларусь қызметімен 2017 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ол Беларусьтегі 9 тамыздағы президент сайлауынан кейін басталған наразылық акцияларының басы-қасында жүріп, алған әсерін әңгімелеп берді.
Сайлау нәтижесі шыға бастаған кезде әріптестеріммен бірге оппозицияның баспасөз мәслихатында болдым. Осы кезде адамдардың көшеге шығып, қала орталығына бағыт алғанын, үлкен бір оқиға болайын деп тұрғанын естідік.
Бірнеше әріптесіммен бірге Минсктің орталығына жол жүрдік. Батыр қала обелискіне жақындаған кезде атысқа ұқсас дыбыс естідік.
Бастапқыда ол жерде ОМОН (полицияның арнайы жасағы) шебі мен баррикада құрып жатқан наразылар арасында бір кеңістік болды. Одан кейін полиция наразыларға жақындай түсіп, оларға су шашып, таратпақ болды. Ойлағаны іске аспаған соң, резеңке оқ атып, жарық-шулы гранаталарды пайдалана бастады.
Көргенім рас болса, жарық-шулы гранаталардан шрапнель секілді жарықшақтар шашырай бастады. Адамдар граната жарылған соң бетінен және денесінен жарақат алып, жерге құлап жатты.
Бір граната тура табанымның жанынан жарылды. Есеңгіреп қалдым. Жарылыстан кейін екі күнге есту қабілетімнен айырылдым. Одан кейін жайсыз күй кештім. Гранатаның бөлшегі бір әріптесіме тиіпті. Бірақ ол қатты жарақаттанбады.
Мұны түсіндіру оңай болмас, бірақ мен сол сәтте қорыққан жоқпын. Автопилот режимі қосылып кеткендей болды. Бірақ оқиғаның ортасына кіріп кетуден аулақ болып, сақ жүрдім.
Қақтығыстар бірінен кейін бірі болып жатты. Полиция шабуылдайды, адамдар шашырап барып, қайта жиналады да, бәрі басынан басталады. Жараланғандар шетке шығарылып, жедел жәрдемді күтіп отырды. Бетінен жарақаттанған қызды сол жерден көрдім. Оған не болғанын, қазіргі жағдайы қандай екенін білмеймін. Бірақ іздестіріп көрмекпін.
Зорлық-зомбылық күшейген соң, бөгде біреулердің пәтерінен бір-ақ шығып, көшедегі наразылықты сол жерде суретке түсіруге рұқсат сұрадым. Олар маған көп көмектесті, өйткені сол сәтте өте қауіпті болатын, бірақ әйтеуір қашықтықтан бірнеше сурет түсіріп алдым.
Интернет бұғатталған соң, суреттерді алдымен телефоныма жүктеп, сол жерден Telegram арқылы редакторларыма жіберуім керек болды. Бір кезде көшедегі кездейсоқ адамдардан интернетке шығуға көмек сұрадым, олар көмектесті.
Ең қауіптісі екінші күні түнде болды. Мен бірінші болып қайтыс болған еркектің жанында болдым. Оны өлтірген сәтті көрмедім. Бірақ ол жерге құлаған соң, оған ОМОН-ның жүгіргенін көрдім. Мен бір топ журналистпен болдым. ОМОН-ның бір қызметкері бізді көріп қалдым. Біздің ойымызша, ол бізге қарай әдейі резең оқтар атты. Оқ бірнеше журналиске, соның ішінде бір әйелге тиді.
Сол күні үйге жалғыз қайтуға қорықтым. Полиция көшеде кезіккеннің бәрін ұстап әкетіп жатты. Сенімсіз болдым.
Беларусьтегі дәл осындай наразылықты, полицияның осыншалық қатыгездік танытуын бұрын-соңды көрмегенмін. Осыған дейін адамдар полиция шабуылға шыққанда қашып кететін, бұл жолы олар баррикада құрып, қарсылық көрсетті.
Бір апта бойы күніне үш-төрт сағат қана ұйықтап жүрдім. Қазір тынығуға көбірек уақыт бөле аламын. Жағдай аздап басылғандай, бәлкім халық шаршаған болар. Кешке таман халық әлі жиналады, бірақ олардың саны осыған дейінгідей көп емес. Бірақ апта соңына қарай қайта күшеюі мүмкін.
Интернет байланысы өте нашар, бір кезде толық бұғатталғандай көрінеді. Бірақ интернет үзілсе, көшеге шығып, наразыларға қосылатындар көбейеді, себебі басқа шаруа қалмай қалады.
Ары қарай не боларын білмеймін, болжап білмейтін жыл болды ғой. Жағдайдың жылдам өзгеріп жатқаны сонша, алда тұрғанын болжау мүмкін емес. Екі апта бұрын сайлау нәтижесінен кейін жағдайдың осылай өрбіп, адамдардың азапталып, қаза табатынын ешкім елестете алмаушы еді.
ПІКІРЛЕР