Лукашенкоға қарсы шыққан Беларусь әйелдері

Лукашенкоға қарсы шыққан Беларусь әйелдері

Кристина Фолтынова . 13 қазан 2020 жыл

Беларусьте 9 тамыздағы президент сайлауынан соң үкіметке қарсы наразылық басталды. Наразылар сайлау нәтижесі бұрмаланған деп, өзін президент жариялаған Александр Лукашенконың отставкаға кетуін талап етіп жатыр. Екі айдан бері жалғасып жатқан қарсылық акцияларының бір ерекшелігі – наразылар көшін әйелдер бастап жүр. Бірі сайлауға түсіп, Лукашенконың бас қарсыласы атанса, бірі оның сайлауалды науқанын басқарды. Қалғаны наразылықтың ең танымал шерушілері қатарынан табылды. Ал Лукашенко әйелдерді президент жүгін көтере алмайтын "бейшара" деп атады.

Әйелдер қарсылығы әуелі бейбіт жиын түрінде басталды. Ақ киінген әйелдер қолына гүл алып, билікке наразы жұртқа қолдау білдірді. Бейбіт жиын біртіндеп қарсылық акцияларына ұласты. Ал мұндайда полиция жүздеген әйелді ұстап әкетіп, зорлық-зомбылық көрсетуден тартынбайды. Бірақ саяси өзгерісті талап еткен әйелдер бұдан қорыққан жоқ.

Беларусьте саяси өзгерісті талап еткен әйелдер кімдер?

Қайсарлығымен көзге түскен үшеу

Светлана Тихановскаяның президент сайлауына түсуіне күйеуінің қамалуы, кандидат ретінде тіркелмеуі түрткі болды. Оған күйеулері президент сайлауына түсу құқығынан айырылған Мария Колесникова мен Вероника Цепкало қосылды. Үшеуі бірігіп, Лукашенкоға қарсы демократияшыл қозғалысты бастады.

Координациялық кеңес

18 тамыз күні Светлана Тихановская биліктің ауысуын қамтамасыз етуге арналған Координациялық кеңестің құрылғанын мәлімдеді. 600 мүшесі бар деген кеңестің жеті адамнан тұратын президиумы жасақталды. Президиум мүшелерінің бірі – Мария Колесникова. Көбі қамалды я елден қуылды.

Шерушілер

Әйелдер жүйелі түрде өтетін демократияшыл акцияларға қатысумен қатар оппозицияға қолдау ретінде әйелдер шеруін ұйымдастырды.

Әйелдер қалай қысым көрсетіп жатыр?

Мемлекет қаржысына жүргізілген экзит-пол 9 тамыздағы сайлауда Александр Лукашенко айқын басымдықпен жеңіс жетті деп көрсеткен соң мыңдаған адам көшеге шықты. Содан бері демократияшыл жиындар тоқтаусыз өтіп, Беларусь билігіне қысым көрсетіліп келеді. Бейбіт жиындарды өткізуге әйелдер де белсенді араласты. Әйелдер ұйымдастырған және қатысушыларының басым бөлігі әйелдер болған қарсылық акциялары қалай өрбіді?

Әйелдердің табандылығының сыры неде?

Әйелдердің полиция қатыгездігіне қарамастан қарсылық акцияларына жаппай қатысуының көптеген себебі болуы ықтимал. Бірақ Светлана Тихановскаяның пайда болуы сөзсіз көп әйелді жігерлендірді. Кеше ғана үйде отырған ананың санаулы апта ішінде Беларусь оппозициясының лидеріне айналуы көптеген әйелді көшеге шығып, саяси өзгерісті талап етуге ынталандырды.

Бәлкім Александар Лукашенконың әйелдерді кемсіте сөйлеген сөзі де ықпал еткен болар. Ол Беларусь Конституциясы әйелдерге арналмаған, қоғам әйелді президент қылып сайлауға дайын емес деп мәлімдеген. Бәлкім әйелдер Лукашенконың сөзін жоққа шығару үшін шыққан да болар.