Accessibility links

Порошенко: Минскіде әлемнің тағдыры шешіліп жатыр


Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен Украина президент Петр Порошенко (оң жақта). Минск, 26 тамыз 2014 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен Украина президент Петр Порошенко (оң жақта). Минск, 26 тамыз 2014 жыл.

Минскідегі жиынға келген Украина президент Петр Порошенко елінің шығысындағы дағдарысты шешудің әртүрлі амалын талқылауға дайын екенін айтты.

Украина президент Петр Порошенко Беларусь астанасы Минскіде тамыздың 26-сында Ресей президенті Владимир Путинмен және Еуропа Одағы (ЕО) басшыларымен кездесу "әлем мен Еуропаның тағдырын шешетінін" айтты.

Порошенко Минскіге Украинаның шығысындағы қантөгісті тоқтатып, саяси келісім амалын табу үшін келгенін мәлім етті. Оның сөзінше, Шығыс Украинадағы қақтығысты тоқтатудың жолы - Ресеймен шекараны тиімді бақылау, ресейшіл сепаратистерге қару жеткізуді тыю, әскери тұтқындарды босату. Порошенко ол өңірде ЕҚЫҰ бақылаушыларына еркін тексеру мүмкіндігін беруге шақырды.

Ал Ресей президенті Владимир Путин Шығыс Украинадағы ахуалды "ол өңірдегі тұрғындардың мүдделерін ескермей, Киев пен сепаратистер арасында бейбіт диалог орнатпай шешу мүмкін емесін" айтты.

Солдан оңға: Қазақстан, Ресей, Беларусь, Украина президенттері және ЕО өкілі Кэтрин Эштон. Минск, 26 тамыз 2014 жыл.
Солдан оңға: Қазақстан, Ресей, Беларусь, Украина президенттері және ЕО өкілі Кэтрин Эштон. Минск, 26 тамыз 2014 жыл.

Кездесуде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Украинаның шығысындағы "қантөгіс жалғаса беруі мүмкін емесін, қазір Ресей де, Украина да ақиқатты ұғарын" сөз етті. Ол Украинаға гуманитарлық көмек көрсету ісіне Қазақстанның дайын екенін хабарлады.

Қазақстан президенті Украинадағы жағдайға байланысты арнайы халықаралық штаб немесе Украина экономикасын қолдау қорын құру мәселесін ойлану керегін де айтқан. Назарбаевтың пікірінше, Порошенко мен Путин екіжақты кездесуі өткізуі керек.

ЕО-ның сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы комиссары Кэтрин Эштон Минскіге келгендегі мақсаты Украина халқының бейбітшілік пен қауіпсіздік орнатуын қолдау, аумақтық тұтастығына және экономикалық өміршеңдігіне ие болып қаларына көз жеткізу екенін айтты.

Беларусь астанасы Минскіде өтіп жатқан Кеден Одағы саммитіне бұл одаққа мүше елдер (Ресей, Қазақстан, Беларусь) мен Украина президенттері, Еуропа Одағының өкілдері барған. Жиында Украинаның ЕО-мен келісім жасасу жоспарына қатысты энергетикалық және сауда мәселелері де талқыланбақ.

XS
SM
MD
LG