Тарихтағы бір күндік Сербия-Ресей тұңғыш әскери жаттығулары Белградтың түбіндегі «Никинци» полигонында өтті. Әскери маневрлар басталған кезде жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарына жаттығу жайлы хабар таратуға рұқсат берілгенімен, серб журналистеріне әлдебір ақпарат алу қиынға түсті. Қарашаның 13-і күні, яғни бір күндік жаттығуға бір тәулік қалғанда серб әскерилері жаттығуға қатысты комментарий беруден мүлде бас тартқан болатын.
Белградта күнделікті шығатын «Данас» газетінің хабарлауынша, «Украина дағдарысын және Ресей мен Еуропа Одағы елдері арасындағы қазіргі жанжалды ескере отырып, жаттығу батыс елдерінің жайсыз пікірін туғызуы мүмкін» болғандықтан, Сербия қарулы күштеріндегі «белгілі бір құрылымдар» жаттығу жайлы үндемеуді жөн санайды.
Сербиядағы әскери дерек көзі Азаттыққа «SREM-2014 жаттығулары 2010 жылы Сербия мен Ресей арасында бекітілген әскери саладағы ынтымақтастық туралы келісім аясында өтіп жатыр және оның Украинадағы дағдарысқа ешқандай қатысы жоқ» деп хабарлайды.
«Мұндай мыңдаған жаттығу өткізіп жүрміз» әрі «мұның астарынан сенсация іздейтіндей ештеңе жоқ» деп мәлімдеген Сербияның қорғаныс министрі Братислав Гасич те жаттығудың маңызын кемітіп көрсетуге тырысады.
Ал Ресейдің мемлекеттік баспасөз құралдары, керісінше, жаттығу туралы жаппай хабар таратып, видео көрсетті. Қарашаның 10-ы күні Russia Today (RT) сайты жаттығу туралы материалына Ресей БТР-ларын Ил-76 жүк ұшағынан полигонға түсіріп жатқаны түсірілген видеоны да берді. RT сайты мақаласында Ил-76 ұшағының іші мен жерден ғана емес, бронетранспортерлердің біріне де орнатылған камера БТР-дің «жерге тамаша қонған сәтін» түсіріп алғаны айтылады.
«Антитеррорлық әзірлік» ретінде сипатталған жаттығу туралы ақпарат әуелі Ресейдің мемлекеттік ТАСС ақпараттық агенттігі мен өзге БАҚ-тарынан берілді. Олар жаттығуға Тула облысындағы парашютшылар мен әскери техника қатысады деп хабарлады.
«ҚҰДЫРЕТІН СЕЗДІРГІСІ КЕЛЕДІ»
Сербия Ресейдің бұрынғы одақтасы болғанымен, елге кандидат статусын берген Еуропа Одағына мүше болуға ұмтылып келеді. Сербия НАТО-ның «Бейбітшілік үшін серіктестік» бағдарламасына қатысуға да өтініш берген.
Ресей мен Сербия 2010 жылы бекітілген келісім аясында Косово шекарасынан шамамен 100 шақырым жердегі Ниш қаласында бірлескен орталық ашқан. Орталықтың мақсаты – төтенше жағдайлар кезінде бірлесіп әрекет ету деп мәлімденген.
Кез келген әскери маневр сияқты мұндай жаттығулардың астарында да өзінің күшін сездіріп қою пиғылы жатыр
Югославия ұлттық армиясының отставкадағы генералы әрі Ниш қаласындағы 63-ші парашютшы-десантшылар бригадасының бұрынғы командирі Стевен Мирковичтің айтуынша, бұл жаттығу серб қарулы күштері мен Мәскеу арасындағы байланысты күшейту тенденциясының бір бөлігі.
– Ниш қаласында төтенше жағдайлар жөніндегі орталықты құрған мезеттен бастап және жуырда Белградта өткен парадтан (оған Ресей президенті Владимир Путин қатысқан) кейін қарулы күштерде көп нәрсе өзгерді. Армия қазір Батыс елдерінен басқа жаққа да бет бұра бастады, - дейді ол.
Сербияның әскери сарапшысы әрі Югославия армиясының бұрынғы офицері Любодраг Стоядиновичтің пікірінше, Мәскеу өзін санасуды талап ететін күш ретінде көрсеткісі келеді.
– Мәскеу Ресей мүддесін кез келген жерде қорғауға құдыреті де, ынтымақтасатын достары да жететінін білдіріп, саяси емеурін жолдап отыр. Кез келген әскери маневр сияқты мұндай жаттығулардың астарында да өзінің күшін сездіріп қою пиғылы жатыр, – дейді Любодраг Стоядинович.
(Зоран Главонич пен Роберт Коалсонның мақаласынан қазақшаға аударған - Айжан Оралғазы)