Accessibility links

Bellingcat «Бук» қондырғысының нөмірін айтты


"Буктың" жанында тұрған Ресей әскері.
"Буктың" жанында тұрған Ресей әскері.

Украинаның шығысындағы Донецк аспанында ұшып бара жатқан Boeing ұшағын атып түсірген деп болжанған «Бук» қондырғысының борт нөмірі «332» екені қалай анықталды?

Халықаралық Bellingcat тобы белсенділер тобы Донецк әуе кеңістігінде МН17 рейсі бойынша ұшқан Boeing 777 («Боинг») ұшағын атып түсірді деп болжанған ресейлік «Бук» зымыран қондырғысына қатысты тағы бір деректі баяндаған зерттеу нәтижесін жариялады. Бұл – трагедия болған күні және одан кейін куәгерлер Украинаның Донецк мен Луганск облыстарынан байқаған «Бук» қондырғысының борт нөміріне қатысты деректер. Ертеректе әлгі нөмірдің бірінші және соңғы цифрлары («3» және «2» сандары) ғана белгілі болған, енді оның екінші санының да «3» екені анықталды. «Буктың» нөмірі «332» екені анықталғаны жайлы ақпарат енді апатқа тікелей қатысы бар болуы мүмкін адамдар қатарын азайтуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, бұл дерек Boeing ұшағы апатына Украина қарулы күштерінің қатысы бар деген болжамды жоққа шығарады.

Жуырда Paris Match журналында жарияланған әрі 2014 жылы Bellingcat тобы зерттеуді бастаған «Бук» фотосуреттерінде «Буктың» борт нөмірі мүлде көрінбейді. Бірақ оның нөмірі куәгерлер Украинаның сепаратистер бақылауында болған түрлі қалаларынан түсірген өзге суреттерден табылды. Топ белсенділері анық көрінетін «3» және «2» сандарының көмегімен және өзге де ерекшеліктердің көмегімен әлгі қондырғының 2014 жылдың шілдесінде, яғни ұшақ апаты алдында Ростов облысына әкелінген «Буктардың» біріне ұқсайтынын анықтаған.

Бірақ «Буктың» Донбаста түсірілген суреттерінде де, шілде айында Ресейде түсірілген суреттерінде де қондырғы бортындағы үш таңбалы нөмірдің ортаңғы саны тағы көрінбей қалған. Бірінші сан – 3, соңғысы 2 деген сан болған. Сондықтан Bellingcat тобы «Бук» пен Boeing апатына арналған бүкіл материалдарында қондырғыны «3Х2» деп таңбалауға мәжбүр болған.

Boeing апатынан кейін екі жыл өтпей Bellingcat тобы мүшелері Ресей әскерилерінің әлеуметтік желілердегі профильдерінен соңғы 5 жылда Курскідегіы 53-зенитті-зымыран бригадасы иелігінде болған бүкіл «Буктың» фотосуретін тапқан. Boeing ұшағын атып түсірген деп болжанатын «3Х2» нөмірлі «Буктың» осы бригадаға тиесілі екені 2015 жылы ресейлік солдаттардың әлеуметтік желілердегі профильдеріндегі фотосуреттер бойынша анықталған. Ростов облысына аттанған колоннаның қалған машиналары да осы бригаданың иелігінде болған.

​53-бригаданың «Буктарының» борт нөміріндегі бірінші сан дивизион нөмірін (бригадада барлығы үш дивизион бар) білдіреді. Соңғысы – қондырғының реттік нөмірі (әр дивизионда үшеуден). Ортаңғы сан – үш батареяның бірінің нөмірі.

«Буктың» нақты нөмірін анықтау үшін Bellingcat тобы 53-бригадаға қарасты үшінші дивизион «Буктарының» теориялық тұрғыдан алғанда нөмірі «3Х2» болуы мүмкін деген ондаған фотосуретін іріктеп алған. Жоғарыда келтірілген кестеге қарағанда, олар 312, 322, 332 нөмірінің қайсысы екенін анықтауы тиіс болған. Бұл бір қарағанда детальдары бірдей сияқты көрінетін суреттегі айырмашылықтарды табу ойынына ұқсайды. Bellingcat тобы белсенділері де қондырғы фотосуреттерінің үзіктерін осы ойын шарты бойынша мұқият салыстырып, Boeing ұшағы апатынан бір күн бұрын Украина территориясына кірген әрі куәгерлер апат болған тұсқа таяу маңнан көрген «Буктың» нақты нөмірін анықтауға көмектескен білінер-білінбес айырмашылықтарды тапқан.

Bellingcat тобы мұндай жеті айырмашылық тапқан – қондырғының шынжыр табаны бүйіріндегі қалқандардың сынған тұстары, түрлі катоктар (қуыс және тісті) комбинациясы, сол бүйіріндегі панельдің майысқан тұсы, қондырғыны іске қосатын құрылғы лафетіне жалғанған кабельдер, шынжыр табанның бүйір қалқандарындағы ақ таңбалар, қондырғы нөмірі сандарындағы шрифтердің тұрқы мен олардың аралығы, газ шығатын тесік тұсындағы май дақтары мен ыс көлемі.

Бірінші айырмашылық - майысқан тұс. «Бук 312», «Бук 322» және «Бук 332» қондырғысы бүйір жағындағы пластиналарының анық түсірілген фотосуреттері бар. Майысқан тұс «Бук 332» қондырғысында ғана бары пластиналардың пішінін салыстыру арқылы анықталған.

Екінші айырмашылық - кабель. «Буктардың» әрқайсысының іске қосатын құрылғы лафетіне кабельдер жалғанады. Бірақ олар әр қондырғыда әр түрлі етіп өріледі. Фотосуреттерді салыстырған зерттеу авторлары Украинаға әкелінген қондырғыдағы жалғанған кабельдің фотосындағы сурет 53-бригадаға қарасты «Буктардың» біріне ғана –«332» қондырғысына сәйкес келетінін анықтаған.

Үшінші айырмашылық - катоктар. Бұл «ойында» тағы бірнеше айырмашылықты табу үшін мұқият ыждағаттылық қажет болды. Қондырғылардың катоктары, яғни шынжыр табанға кигізілетін доңғалақтар әр түрлі екені «Буктардың» фотосуреттерінен көрінеді. «Букқа» екі түрлі, яғни тісті және тіссіз каток орнатылады. Bellingcat тобы белсенділері үш қондырғыдағы екі типті катоктардың қандай ретпен кигізілгенін салыстырып көріп, «332» нөмірлі қондырғыдан ғана толық сәйкестік тапқан.

Фотосуреттерден көрінетін бірнеше детальдарды – газ шығатын тесік тұсындағы май дақтары мен ыс пішіні, қондырғы нөмірлерінің сандарының орналасу аралығын (оларды бір емес, үш түрлі, яғни «1», «2» және «3»сандары ойылған трафаретпен салады, сондықтан әр қондырғы нөміріндегі сандардың арасы бір-бірімен сәйкес келмейді) салыстыра талдау «Буктың» «3Х2» нөміріндегі жетіспейтін сан – «3» деп түпкілікті мәлімдеуге көмектескен.

Зерттеу авторлары іздеп тапқан ерекшеліктердің бәрін кестеге түсірген. Олардың айтуынша, сәйкестіктерді жеке-жеке алып қарағанда олардың ешқайсысы Boeing ұшағына тиген зымыран 332 нөмірлі қондырғыдан атылғанын дәлелдей алмағанымен, бәрін біріктіргенде мұны еш шүбәсіз мәлімдеуге болады.

Bellingcat сайтында жарияланған зерттеу түйіндемесіне малайзиялық ұшақты Донецк әуе кеңістігінде атып түсірген нақты қондырғыны табу халықаралық тергеу тобы (Joint Investigation Team) ресми жүргізіп жатқан тексеру үшін кәдеге жарауы мүмкін деп жазылған (материалдың орыс тіліндегі толық мәтіні). Ең бастысы - бұл дәлелдер ұшақты украиналық «Бук» атып түсірді деген болжамды түпкілікті жоққа шығарады. Ал «кнопканы басқан» адамды табуға қондырғының нақты нөмірінің анықталуы көмектесері екіталай. Өйткені украиналық «сапар» алдында «Бук» экипажын ауыстырып жібермегеніне немесе «Букты» сепаратистер басқармағанына кім кепіл? Бұдан бөлек Bellingcat тобы мүшелері апатқа қатардағы әскери қызметшілер емес, әуе шабуылын тойтаратын мұндай қауіпті қаруды Украинадағы әскери қақтығыс аймағына апаруға бұйрық берген Ресейдің әскери басшылығы жауапты екенін талай айтқан.

Бірақ бұл жағдай ашық дерек көздерінде жарияланған материалдарды біртіндеп зерттеу арқылы бұрын мүлде беймәлім саналған кез-келген детальды анықтап, бүкіл сұрақтың жауабын табуға болатынын көрсетеді.

2015 жылдың қазанында Нидерланд қауіпсіздік кеңесі Украинаның Донецк облысында қираған Boeing 777 апаты себептері туралы есебін жариялаған. Есеп бойынша, ұшаққа тиген зымыран сол кезде сепаратистер бақылауында болған әрі өз-өзін жариялап алған «Донецк халық республикасы» территориясында тұрған «Бук» қондырғысынан атылған. Ресей билігі бұл ұйғарымды да, тәуелсіз зерттеу деректерін де мойындамайды. Росавиация шенеуніктері мен қорғаныс министрлігі өкілдерінің пікірінше, Boeing ұшағы сепаратистер бақылауында болмаған территория жақтан украиналық «Буктан» атылған болуы мүмкін. Ресейлің БАҚ-та МН17 рейсі ұшағы апатынан сәл бұрын әуеден Украинаның жойғыш ұшағы байқалған деген болжам үздіксіз айтылады. Бұл болжам ВВС корпорациясының Boeing апатына қатысты конспирологиялық теорияларға арналған фильмінде де айтылады, сондықтан Bellingcat тобының жаңа зерттеу авторларының айтуынша, фильмнің 3 мамыр күні көрсетілгені оларды өз жұмысы нәтижелерін дәл қазір жариялауға итермелеген.

Халықаралық зерттеу тобы жүргізіп жатқан қылмыстық тексеру дәл қашан аяқталатыны әзірше белгісіз. Ұшақ апатына кінәлі жандардың есімдері 2016 жылдың аяғына дейін жарияланып қалуы мүмкін. Boeing 777 ұшағының Донецк әуе кеңістігіндегі 298 адам қаза тапқан апаты – авиация тарихындағы ең ірі 10 апаттың бірі, құрбандар саны жағынан 21-ғасырда постсоветтік кеңістікте болған ең ауқымды апат.

XS
SM
MD
LG