Accessibility links

Бішкекте қырғызша сөйлейтін "жихадшылар" видеосы тексеріп жатыр


Исламшыл содырлардың пропагандалық видеосынан скриншот.
Исламшыл содырлардың пропагандалық видеосынан скриншот.

Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті әлеуметтік желі арқылы тараған, қырғыз тілінде "жихадқа" шақыратын видеожазбаны тексеруге кірісті.

Кейінгі аптада өздерін "моджахедпіз" деп атап, "кәпірлерге" қарсы үгіттеген адамдар түскен бірнеше видеоролик жарияланды. Сарапшылар қырғыз тіліндегі үндеулердің көбеюін қырғыз жастарын өз қатарына тартуға тырысқан содырлардың жаңа тәсіліне балап, олармен де осындай амалмен күресуге кеңес береді.

YouTube және Facebook желілері арқылы тараған соңғы видеода қара бетперде киген жас жігіт мұсылмандарды қырғыз тілінде "жихадқа" шақырады. Оның жанында қолдарына қару ұстаған бірнеше адам тұр. Кейбірі бетперде киіп алған, ал кейбірінің бет-жүзі ашық.

Видеодағы адам "Сирияда қырғыздар көп, олар Алла тағаланың жолында кәпірлермен соғысуға шықты" дейді.

Видеотаспада өзін Әбу Худайфа деп таныстырған жас жігіт.
Видеотаспада өзін Әбу Худайфа деп таныстырған жас жігіт.

Әлгі парақшада жарияланған тағы бір видеода өзін Әбу Худайфа деп атаған ер адам қырғызша сөйлейді. Оның сөзінше, ол Сирия қалаларының бірінде содырлардан журналист ретінде сұхбат алып жүр. Өзге видео кейіпкерлері сияқты ол да "жихадқа" шақырады.

Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің (МҰҚК) ресми өкілі Рахат Сулеймановтың айтуынша, арнайы қызмет күдікті видеожазбаларды тексеруге кіріскен.

- Жаңа видеожазбалар жарияланғаны жайлы хабардармыз. Қазір тергеу басталып, әлгі азаматтардың кімдер екенін анықтау жұмыстары жүрігізіліп жатыр, - дейді ол.

Мамандар қырғызша видеожазбалардың жиі жариялануын экстремистердің жаңа стратегиясына балайды.

Мысалы, тәуелсіз сарапшы, бұрын арнайы қызметте істеген Эмил Жээнбеков былай дейді:

Видео экстремизмді таратудың аса тиімді құралына айналды.

- Видео экстремизмді таратудың аса тиімді құралына айналды. Бір жағынан - арзан, екінші жағынан - ыңғайлы. Сондықтан қазіргі экстремистер бұған айрықша мән беруде. Бұл – біріншіден. Екіншіден, ертеректе олар видеоларын өзбек тілінде ғана тарататын әрі өз қатарына көбінесе Қырғызстанның оңтүстігінде тұратын этникалық өзбектерді тартуға тырысатын. Біздің арнайы қызмет тек осы бағытта ғана жұмыс істейтін, ал кейін ол жұмысты тоқтатып, жастарды үгіттеу әрекеттерінің жолын кескен. Сондықтан олар енді қырғыз жастарын тартуға күш салып, қырғыз жігіттерінің сөздерін әдейі жазып алады.

Сарапшы пікірінше, экстремизмді таратуға қарсы күрестің тиімді амалы - видеожазбаларды әлеуметтік желілерден алып тастау керек, бірақ бұғаттамай, оларға қарсы мазмұндағы өзге видеожазбаларды жариялау қажет. Ол экстремистерге қарсы мемлекеттік мекеме мүфтиятпен бірлесіп олардың өз тәсілдерін пайдалануы тиіс және тәрбиелік сипаттағы үндеулерді күшейтуі қажет деп санайды.

Мүфтияттың пәтуалар бөлімі басшысы Замир Ракиевтің сөзінше, мұндай жұмыс ұдайы жүргізіледі.

- Экстремизм мен терроризмге қарсы жұмысты үзбей жүргізіп келеміз. Жоғары оқу орындарында, мектептер мен мешіттерде дәрістер оқимыз, семинарлар ұйымдастырамыз. Шамамыз келгенше интернетте видеолар жариялаймыз. Бұдан бөлек, жастарға ресми дереккөздер мен дін мамандары таратқан роликтерді ғана көріңдер деп айтамыз, - дейді ол.

Тағы да сол "Абу Худайфа" бет-жүзін жасырған белгісіз адаммен бірге отыр.
Тағы да сол "Абу Худайфа" бет-жүзін жасырған белгісіз адаммен бірге отыр.

МҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары Марат Иманқұлов экстремистік үндеулерге қарсы жүргізіліп жатқан күрестің тиімділігіне сенбейтіндердің бірі.

Мемлекет деңгейінде профилактика жүргізілмейді. Бұл арнайы қызметтің де тісі батпайтын шаруа. Көп қызметтерде мұнымен қалай күресуді білмейтін адамдар отыр.

- Проблема - жастар арасында профилактикалық түсіндіру жұмыстары жеткіліксіз жүргізіледі. Ислам дінін жамылып, экстремистік идеяларды тарататын ұйымдар бар екенін жастардың көбі тіпті білмейді де. Мемлекет деңгейінде профилактика жүргізілмейді. Бұл арнайы қызметтің де тісі батпайтын шаруа. Көп қызметтерде мұнымен қалай күресуді білмейтін адамдар отыр, - дейді ол.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде соғыс қимылдары жүріп жатқан аймаққа ұқсайтын жерде тұрған әрі камуфляж бен бетперде киген қырғызша сөйлейтін ер адамның бұрыс жолға түсіп, адасқанын айтып, анасынан кешірім сұрағаны түсірілген видео тараған болатын.

Жуырда ғана МҰҚК елде теракті жасауға дайындалған күдікті ұсталғаны туралы ақпарат таратқан.

Ресми және бейресми дереккөздердің хабарлауынша, Сирия және өзге мемлекеттердегі соғыс болып жатқан аймақтарға 600-ге жуық қырғызстандық кеткен. Олардың бір бөлігі елге оралған. Соғысқа кеткендердің ішінде қаза тапқандар да бар.

(Азаттықтың Қырғыз қызметінің тілшісі Эрнест Нурматовтың мақаласынан аударылды.)

XS
SM
MD
LG