Депортация бастамасының авторы әрі көші-қон процесін ұйымдастырушы Лаврентий Берия еді. Ресми деректерде "Жер аударуға Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде балқарлардың нацистік Германияны жақтаған коллаборист құрылымдарға қатысуы себеп болған" деп көрсетілген.
Балқарларға 13 жылдан кейін туған жеріне оралуға рұқсат берген. Кабардин-Балқар республикасында бұл күнді (28 наурыз) балқар халқының қайта өрлеу күні ретінде атап өтеді. 30 жылдан кейін қуғын-сүргінге ұшырағандарды оңалтудан өткізу туралы заң қабылданды.
Кавказ.Реалии сайты филология ғылымдарының докторы, ғылым қайраткері Тамара Биттировамен сұхбаттасып, депортация жылдары, майдандағы балқар жауынгерлері мен туған жерге оралу хикаясы туралы сұрап білді.
– Сталин Кавказ халықтарын көшіруді ұсынған бірінші адам емес қой?
– Солтүстік Кавказдағы халық санын азайту жоспары 19-ғасырдың басынан бері өте ұзақ уақыт бойы дайындалды. Декабристердің өзі Кавказдағы ұлттарға шағын өзгеріс енгізу керегін айтқан.
Басият Шаханов деген белгілі публицист, өңірлік деңгейдегі танымал қайраткер болған. Оның 1899 жылы жарық көрген бірінші мақаласы "Бір ерекше жоба туралы" деп аталады. Ол мақалада Солтүстік Кавказ түріктерін Орта Азияға көшіруді ұсынған Карцов деген бір шенеунікпен пікір таластырады. Карцов көші-қон идеясын "Кавказды біржола бағындыру үшін ол жақтағы орысты көбейтіп, тау белдеуінде тұрып жатқан кей халықты көшіру керек" деп түсіндірген. Бұл тізімге түрік болмаса да, қарашай, балқар, шешен мен ингуш та кірген. Карцов құмықтарды да көшіруді ұсынған. Шенеунік "Оларға түркітілдес халықтар ортасында өмір сүру жеңіл болады, осылай орыстар Кавказды оңай басқара алады" деген. Яғни, мұндай жобалар Сталинге дейін де болған. Шаханов "Тағы да көші-қон" деген мақаласында орыс губернияларындағы халықтың Кавказға көшірілуін сынап, бұл жақта жергілікті халықтың өзіне жер жетпейтіні жөнінде статистика келтіріп, орыстарды қоныстандыру жанжал туғызуы мүмкін екенін ескертеді. Ол мұндайға жол беруге болмайтынын айтады.
– Балқарлардың коллаборационизмге қатысы бар деген айыптаулар рас па?
– Соғыс кезіне келсек, бұл туралы ресми, жартылай ресми, ұлттық сипаттағы әртүрлі түсіндірмелер болды. Көбі балқарларды "немістерге көмектескен" деп айыптайды. Бірақ бұл олай емес. Немістер тауды жаулап алған жоқ. Олар бүкіл республиканы басып алған кезде атам колхоз басшысы болған. Ол бұған дейін Ростов түбінде екі аяғынан жараланып, үйіне арбамен жеткізілген. Аяғынан тұрған соң, балқар емес, басқа ұлт өкілдерінен құралған, әскерден қашқан жауынгерлердің қолынан қаза тапқан колхоз басшысының орнына жұмысқа шыққан. Айтпақшы, бұл қарақшылар атамды да екі рет атып өлтірмек болған. Олар атама "колхоздың малын бер" деген талап қойған. Бірақ әйелдер атамды қоршап, ажалдан алып қалған. Бұрын атамнан "Атып тастайды деп қорықтың ба?" деп жиі сұрайтынмын. Ал ол "Өзімді қоршап тұрған қыздардан ұялдым. Біріншіден, оларды атып тастауы мүмкін деп қорықтым, екіншіден, қарақшылар мені әр жолы іш киіммен алып шығатындықтан, әйелдердің алдында осындай күйде тұрғаныма қысылдым" деп жауап беретін. Немістер республика жерінен кете бастағанда атама колхоздың атауын "Победа" деп қою туралы ұсыныс түскен. Кейін колхоз тарағанша солай аталды.
– Ендеше неге балқарлар, оның ішінде майданда болған атаңыз депортацияға ұшырады?
Сталин де декабристер сияқты Солтүстік Кавказдың ұлттық сипатын өзгертуді көздегенге ұқсайды.
– Депортацияның себебі көп. Бірақ Сталин де декабристер сияқты Солтүстік Кавказдың ұлттық сипатын өзгертуді көздегенге ұқсайды. Өйткені бұл мәселе ұлтаралық жанжал туғызуы мүмкін еді. Негізі әр халық пен оның менталитетін түсініп, зерттеу керек. Бірақ бұл қиын болған тәрізді. Әрине, ой-саналы адамдардың бәрі немістермен дос болып, қолдау көрсетіп, солармен бірге кетіп қалғандар үшін жаңа туған сәбилерді де жауапқа тартатын ұжымдық жауапкершілікті сынайды. Керісінше, немістермен бірге соғысқан күннің өзінде балалардың бәрібір бұған еш қатысы жоқ. Олар бейкүнә болып туады. Соған қарамастан осындай балалар көз жұмды. Депортациядан кейінгі екі жылда дүниеге сәби келген жоқ, 1950 жылға дейін халық саны азая берді. Көбі майданда қаза тапты. 8 наурызда үйінде болған жаралы немесе дені сау адамдардың бәрі лагерьге жіберілді.
– Майданда балқар халқынан шыққан батыр көп болған. Бұл елеусіз қалды ма?
– Батыр атағына 20-дан астам адам ұсынылды. Бірақ мұндай атақ 1944-1945 жылдары соғыс елдің еуропалық бөлігінде жүріп жатқан кезде берілді. 1944 жылы әрине, балқарларды марапаттау тоқтады. Дегенмен Солтүстік Кавказдағы Совет одағының бірінші батыры Алим Байсултанов болды. Оған бұл атақ 1942 жылы берілді. Ол Балтық теңізінің үстінде фашистің 20 ұшағын атып түсіріп, өзі қаза тапты. Атып түсірген ұшақ саны екінші дәрежелі батыр атағын алуға жеткілікті болса да, оған бұл атақ берілмеді. Мухажир Уммаев Совет одағының батыры атанды. Ол соғыста алған жарақатынан кейін Орта Азияда көз жұмды. Көбі батыр атағының орнына қарапайым орден алды. Тарихшылар жариялаған құжаттарға сәйкес, біздің халықтың әрбір төртінші азаматын майданға әкеткен. Барлығы 15 мыңға жуық адам соғысқа қатысқан. Соғыс кезінде жасөспірім бала болған әкем ауылда бір де бір ер адам қалмағанын еске алып отыратын. Әзербайжандар депортациясы туралы жазып жүрген әзербайжан ғалымы Қазақстанға балқарларды қалай көшіргенін сипаттап жазған. Сұмдық оқиға. Қарттар, әйелдер мен балалар. Қолына күрек ұстап, көр қазатын бір де бір ер адам болмаған. Әскерге шақыру осындай жаппай сипат алған.
– Депортацияға ұшырағандар саны ресми статистикаға қаншалықты сәйкес келеді?
– Тұтас бір әулеттер тегіс жойылып кетті. Олардың аты-жөнін, жасын айтатын адам қалмады. Көп құжат жойылған, олардың бәрін естеліктер бойынша қалпына келтіру мүмкін емес. Кейде құжатты қалпына келтіретін адам табылмайды. Ресми статистиканың өзі жолда өткізген екі аптаның ішінде мың адам көз жұмғанын растайды. Атам көбі тіпті азық-түлік алғысы келмегенін, бізді кейін қайтаратын шығар деп ойлағанын айтады. Адамдар "кінәміз жоқ, ұлым майданда жүр, сонда қаза тапты, бәрі анықталған соң, бізді кері қайтарады" деп сенген. Салмағы мен көлемі белгілі шектен аспайтын заттарды ғана өзімен бірге алып кетуге рұқсат берген. Куәгерлердің сөзінше, екі ұлы майданға кеткен балқар әдебиетінің классигі Кязим Мечиевке кітаптарын алып кетуге рұқсат етпеген. Кітаптарын жинап, ауласында өртеп жіберген. Оны қартайған шағында депортациялаған. Ол бірден қайтыс болған. Мұндай фактілер жетіп-артылады. Бұл туралы куәгерлердің естеліктерінде айтылады.
– Депортация кезінде өлім-жітімнің көп болуына ең алдымен не әсер етті?
– Әр адамның жер аудару жайлы өз хикаясы бар. Бұл хикая ұрпақтан-ұрпаққа жетіп отырады. Ол кезде балалар жас, қарттар бірден дүние салған. Олар өзімен бірге азық-түлік алып кеткен, бірақ аштықтан емес, суықтан көз жұмған. Солтүстік Қазақстанда наурыз айы Кавказдағымен салыстырғанда әлдеқайда суық болған. Ағаш өспейтін жазық дала. Адамдар жердің астынан үй салған, бірақ суыққа шыдамай, 1944 жылдың бірінші қысында көп адам қырылған. Біраз адам боранға ұшып өліп, қар астында қалып қойған. Көктемде оларды қазып алып, ит пен қасқырдан қалған сүйегін жерлеген. Мұның бәрі – жан түршігерлік оқиғалар.
– Депортацияланған халық арасында рухани көшбасшылар да, зиялы қауым өкілдері де болды. Олар айналасындағы адамдарға моральдық қолдау көрсете алды ма?
– Рухани көшбасшы ретінде Кязим Мечиев халыққа өлеңдерімен ғана емес, ісімен де қолдау көрсетті. Вагонда жол жүріп бара жатқан кезде адамдар тамақ ішуден бас тартқан. Өйткені ыстық суға араласқан балық пен нанды шошқа еті деп ойлаған. Кязим олардың күнәсін өз мойнына алатынын айтқан. "Жеңдер, бұл үшін Алланың алдында өзім жауап беремін. Жеңдер, әйтпесе, балалар өліп қалады" деген. Қазақтар мен қырғыздарға тіліміздің ұқсас болуы, өзара түсінісе алуымыз да көп көмектескен. Бірақ басында баскесер емес, өзі сияқты еңбекқор шаруа келгенін түсінгенше, жергілікті халық пен балқарлар арасындағы қарым-қатынас жақсы болмаған. Қазақтардың тұрмысы ауыр болған. Халықтың бүкіл бидайы мен малын майданға тартып алған. Сондықтан олар да ашқұрсақ отырған. Бірақ қонақжай, мейірімді халық болғандықтан, қазақтар балқарлармен соңғы түйір нанына дейін бөліп жеген.
– Балқарлардың көбі бұл жаққа аз уақытқа келдік деп ойлап, жаңа жерге қоныстанғысы келмегені айтылады.
– Иә, көбі көктемде бау-бақша екпеген. Әжем өзімен бірге асқабақ дәнін алып кеткен. Осылай адамдар игергісі келмеген бірнеше жер теліміне асқабақ егіп, күзде соның өнімін таратып, біраз жұртты аштықтан құтқарып қалған. Ешкім бұлай болады деп ойламаған. Бәрі совет билігіне имандай сенген. Билік әділ, шекара сыртында болса да, Гитлерге, фашизмге қарсы күресіп жатқан елде мұндай әділетсіздік болуы мүмкін емес деп ойлаған ғой. Сондықтан адамдар жолға көп азық-түлік алмаған. Оның үстіне, вагонда адам көп болғандықтан, өзімен бірге алатын жүкке де шектеу болған.
– Мүмкіндік туған кезде балқарлардың бәрі бірдей туған жеріне оралды ма?
– Қазақстанда 10 мыңға жуық адамнан тұратын қарашай-балқар диаспорасы бар. Қырғызстанда 3-4 мың адам тұрады, балқарлардың кейбірі Өзбекстанда қалған. Көбі жергілікті халықпен туыс болып, кей азамат өз алдына үй болған. Қазір туған жеріне оралғысы келетін адамдар табылған күннің өзінде кедергі көп. Әртүрлі мемлекеттер, бюрократиялық қиындықтар бар. Сондықтан олар өзі тұратын елде қала беретін шығар. Бірақ балқарлар туған жерін ұмытпауға тырысады.
– Туған жеріне оралған балқарлар қандай көрініске тап болды?
– Депортацияның ең жаман салдары деп халық шаруашылығының, бағзы заманнан үйреншікті өмір салтының бұзылуын айтуға болады. Ауыл шаруашылық жұмысын кестеге сай жүргізу тоқтады. Мал болмады. Ағаммен бірге поезға отырып, туған жерге оралғанда төрт жаста едім. Біздің вагонда төбеге дейін бидай салынған қаптар жинаулы тұрды, кей вагонда бұзау, қой болды. Адамдар туған жерде қолға ештеңе бермейтінін түсініп, депортация жылдары жиған-терген дүниесін кері әкетіп бара жатты. Мемлекет ақшалай көмек береді екен дегенді естідім, бірақ ата-анама қандай да бір қолдау көрсетілгенін білмеймін. Олар бәрін өз қолымен жасады. Басында бір бөлмелі үй салды. Бәріміз сонда тұрдық. Кейін екі бөлмесі мен дәлізі бар үй тұрғыздық. Әкемнің үйі тұрған жер учаскесінде бірнеше рет кеңейтіп, 1975 жылға қарай бумен жылитын үлкен үй салдық. Анам жаңа үйде тұрмай жатып көз жұмды. Өте көп еңбек етті. Ата-анам үй болу үшін таңнан қара кешке дейін жұмыс істейтін. Бүкіл ауыртпалықты ата-анамыз көрді. Олар жасөспірім кезінде жер аударылып, білім ала алмады. Білімі жоқ адам қоғамдық өмірге белсенді араласа алмайды. Олардың бәрі қарапайым шаруа адамы еді. Сондықтан балаларының білім алғанын қалады, бізді оқыту үшін көп күш салды. Анам барлық сабаққа баратын, жеті бала болдық, бәріміз анамның қадағалауымен жақсы оқыдық. Ол жалқаулануға мүмкіндік бермейтін, сондықтан бәріміздің үлгеріміміз жақсы болды. Бұл оның арманы еді.
– Жастар жер аудару туралы шындықты қаншалықты жақсы біледі?
– Жастарға бұл туралы толық білудің қажеті де жоқ. Өскенде бәрін біледі. Анам бала кезімізде бұл туралы айтпайтын. Бірақ отбасымызда 8 наурыз мерекесі мүлде тойланбайтын. Дәл осы күні анамның туған күні болатын. Содан бері отбасымызда ешкім туған күнін тойламайды. Ол туған күнін неге атап өтпейтінін "Бұл халқым үшін қаралы күн" деп түсіндіретін. Бірақ ата-анамыз депортацияда көрген қиындығы туралы айтқан емес. "Мұны ұмытып, басқа салған жағдайға көндігу керек, бұл туралы білудің қажеті жоқ" дейтін. Бала кезімде бұл тақырып жайлы көп сұрақ қоятынмын. Олар біздің жас санамызды аяған сияқты. Есейген шағымда көп жайтты атамнан естідім. Аспирантурада оқып жүргенімде ауылдарды аралап, фольклор жинадық. Сол кезде әрбір екінші адам жер аудару туралы ән айтатын. Әннің сөзі ауыр болғаны соншалық, диктофонды қоспайтынмын. Қазір соған өкінемін. Бүгінде бұл әндерді кәсіби әншілер мен кей қарттар ғана айтады. Бірақ жастардың өмірін қара түнекке айналдырмау керек. Тарихты өзгерте алмаймыз, ал бұл әңгімелер олардың көңіл-күйіне кері әсер етеді, жастар басқаларға күдікпен қарайтын болады. Орыстар мен басқа халықтардың қазіргі толқыны саналатын жастардың өткен оқиғаларға еш қатысы жоқ. Мүмкін олардың әкесі не атасы кінәлі шығар, бірақ жастарымызды біреуге қарсы қоюдың қажеті жоқ. Уақыты келгенде бәрін біледі. Олар да, көрші халықтар да. Тарихты біліп, аяушылық танытады. Болашақта мұндай жағдай қайталанбас үшін осылай жасайды. Бір халықтың басына осындай күн туса, бұл бүкіл адамзат баласы үшін қайғы-қасіретке айналады.
– Балқарлар арасында Сталинді қолдайтындар көп пе?
– Менің бір туысым да Сталинді қолдайды. Біз онымен бір-бірімізге қарсы пікір жазып, дауласып жүретінбіз. Соңында әлеуметтік желіде бір-бірімізді бұғаттап тастадық. Ол үнемі "Сталин мен совет билігі болмаса, сен білім алып, ғылым докторы болмас едің" деп жазатын. Ал мен оған "Неге бүкіл әлемде адамдар Сталинсіз-ақ жақсы мемлекет құрып, білім алып жатыр?" деп жауап беретінмін. Әрине, адамдар әртүрлі, аз оқитын, білімі таяз азаматтар да кездеседі. Тіпті ойлануға ерінетіндер де бар. Жастар қуғын-сүргінді бірауыздан сынайды, аға буын өкілдерінің арасында да жағымсыз адамдар бар.
– Кабардин-Балқар республикасында 8 наурыз мереке ме, әлде еске алу күні ме?
– Кейінгі 20 жылда қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мәселесіне ерекше назар аударыла бастады. Балқар халқына қарсы жасалған қуғын-сүргін тарихын баяндайтын мұражай салынды. Әр жолы мемлекет басшысы гүл қойып, Құран оқиды. Бұл ешқашан ұмытылмайды. Қарашай-Черкесияда да солай. Әйелдер 8 наурызды тойламайды. Ал сайып кегенде 8 наурыз – Клара Цеткиннің туған күні (Германия коммунистік партиясының негізін қалаушылардың бірі, халықаралық әйелдер қозғалысының көрнекті өкілі Клара Цеткин 1857 жылғы 5 шілдеде дүниеге келген - ред.). Клара Цеткин деген кім? Өмірбаянын зерттесек, жағымсыз жайттарға тап боламыз. Одан бөлек, әйелдер мерекесін жеке тойлау қоғамда әйелдің теңдігі жоғын мойындау деп есептеймін. Әйелге бала туып, немере өсіргені үшін күн сайын алғыс айту керек. Әйелде жылына бір рет емес, күн сайын мереке болуы тиіс.
– Мемлекет бұл қайғылы оқиғадан сабақ алды деп ойлайсыз ба?
– Мұндай оқиға ешбір халықтың басында қайталанбайды деп үміттенемін. Дегенмен қазір жағдай қиын. Әсіресе, экономикалық ахуал нашар. Сондықтан Кавказ халықтары бірлігін сақтауы керек. Орыстарды да осы қатарға қосып отырмын. Біздің орыстар менталитеті бойынша таза тау халқының өкілдеріне ұқсайды. Олар басқаша. Ресей Кавказдан айырылса, бұрынғыдай Ресей болып қала алмайды. Балқар халқының басынан өткен қайғылы жағдай өмірдің, тату көрші дегеннің құндылығын көрсететін сабақ болды. Мынау қиын әлемде тек осылай ғана тірі қалуға болады.
* * *
1944 жылы 9 айда 56 ғана бала дүниеге келіп, 1592 адам қайтыс болған. Ресми дерек бойынша, 1944 жылғы 1 сәуірден 1946 жылдың қыркүйегіне дейін Қазақстан мен Қырғызстанда жер аударылған әрбір сегізінші балқар немесе 4849 адам көз жұмған.
Азаттықтың Солтүстік Кавказ қызметінің Кавказ.Реалии сайтында жарияланған Алиса Волкованың материалынан аударылды.
ПІКІРЛЕР