Accessibility links

"Ақ пен қара". Беларусь билігінің наразыларды "таңбалауының" сыры


Беларусь полициясы наразылық акциясына шыққан адамды ұстап жатыр. Минск, 23 қаңтар 2021 жыл.
Беларусь полициясы наразылық акциясына шыққан адамды ұстап жатыр. Минск, 23 қаңтар 2021 жыл.

Беларусь күш құрылымдары былтырғы жаздың соңынан бері қарсылық акциясында ұстаған азаматтардың киіміне, кейде тіпті денесіне әртүрлі түсті бояу жағып, "таңба" салуды әдетке айналдырған. Полиция ондай белгі салынғандарға ерекше қатыгездік танытады дейді құқық қорғаушылар.

Беларусь полициясы наразылық акциясында ұстаған демонстранттарды уақытша ұстау изоляторы, құқық бұзғандарды оқшаулау орталығы немесе аудандық ішкі істер бөліміне сондай бояудың түсіне қарап жіберетін болған. Ішкі істер министрлігі қарсылық шарасынан ұсталған азаматтар жайлы мәлімет енгізілетін дерек қорын ашқаннан кейін, әлгіндей таңбаның билікке наразылар туралы ақпарат жинағанда қандай да бір маңызы болуы мүмкін деген болжам айтыла бастады.

Билікке наразылық кезінде ұсталып, азаптау, қорлауға ұшыраған азаматтар туралы мәлімет жинаумен айналысатын "Весна" құқық қорғау орталығы жариялаған сұхбатта Стас Дедов "таңбалау" процесі туралы былай дейді:

"Мені автозактан алып шығып, бөтелкедегі ақ түсті бояуды басыма лақ еткізіп құя салды. Шашымнан ұстап, басыммен автобустағы бояуды сүртті. Кемінде екі рет бір автозактан екіншісіне ауыстырып отырғызды, сол кезде ұрып-соқты. ОМОН (милиция арнайы тобы – ред.) қызметкерлері менің шашымдағы бояуды көргенде өзара міне, мынаның "таңбасы" бар деп айтып жатты. Ақ түсті бояу бір белгі іспеттес, ондай бояу жағылғандарды аямай, қатыгездік танытты".

Қамаудан шыққан Стас Дедовтың шашына жұққан ақ түсті бояу.
Қамаудан шыққан Стас Дедовтың шашына жұққан ақ түсті бояу.

Полицияның ұсталғандарға жағылған бояудың түсіне мән бергені туралы "Белсат" телеарнасының журналисі Алена Дубовик те айтып берді:

"ОМОН қызметкерлері бір қызды автозакқа кіргізіп алып, барлығы жабылып ұрды. Бір көзі, басының жартысы ісіп кеткен ол қызға сары түсті белгі салынған еді. Кейін білгенімдей, сары түсті бояумен сырт пішіні өзгеше адамдарға "таңба" салады екен, әлгі қыз шашын дред үлгісімен өріп алған еді. Қатты қарсыласқандарға қызыл бояу жағады... Құжаты жоқ, мас адамдарға қара бояумен белгі салады".

Осы "таңбалар" енді ішкі істер министрлігінің бірыңғай дерек қорына ақпарат енгізгенде де пайдаланылады. Ол дерек қорына Александр Лукашенконың режиміне қарсы наразылық акцияларына қатысушылар туралы мәліметтер жинақталады. Бұл туралы былтыр желтоқсанның соңында Беларусь телеарнасы хабарлаған.

"Тәртіпсіздікке қатысушылар, чат қолданушылар, телеграм-каналдарды басқаратындар. Барлығы әртүрлі болғанымен бэкграунды бірдей. Бұған қоса енді олардың әрқайсысы ішкі істер министрлігінің бірыңғай ақпарат жүйесіндегі картотекада тіркеледі. Сайып келгенде, бұл рұқсат етілмеген акциялардың бірыңғай дерек қоры. Онда [адамның] жынысы, жасы, аймағы, жұмыс істейтін, оқитын жері, және ең бастысы, немен әуестенетіні жазылады" деп хабарлады "Беларусь 1" телеарнасы.

Видеода Минск көшесін "албаты кезіп жүру" де наразылық деп саналатыны айтылған. Дерек қорын толтыруға бейнебақылау және адамды бет пішінінен танитын арнайы жүйе де пайдаланылады. Беларусь телеарнасы осыған ұқсас жүйені Ресей спорт министрлігі футбол фанаттарының жүріс-тұрысын бақылау үшін пайдаланады деп хабарлайды.

Беларусь ішкі істер министрлігінің әлгі дерек қорында былтыр елде президент сайлауынан соң басталған наразылық акцияларында ұсталған немесе әкімшілік жауапқа тартылғандардың барлығы жайлы ақпарат бар. Яғни кемінде 33 мың адам, оның 668-і – студент.

"Весна" құқық қорғау орталығының вице-президенті, құқық қорғаушы Валентин Стефанович ішкі істер министрлігінің дерек қорындағы ақпарат жұмысқа тұрған кезде пайдаланылатынын айтады. Оның сөзінше, наразылыққа қатысы жоқ басқа баптар бойынша жауапқа тартылып, жазаланған азаматтармен салыстырғанда, бұл бірыңғай дерек қорына енгізілген адам жайлы мәліметті ол жерден жоюдың тетіктері заңда әлі қарастырылмаған.

Азаттық: ІІМ дерек қорын жұрт арасында "саяси дерек қоры" деп атайды, бірақ саяси тұтқын деп танылғандардың ресми тізіміне енгендер бұдан анағұрлым за ғой?

Құқық қорғаушы Валентин Стефанович.
Құқық қорғаушы Валентин Стефанович.

Валентин Стефанович: Қазір бізде күн сайын 10-15 қылмыстық іс бойынша процесс өтеді. Бізге осындай істерге қатысы бар 770 адамның аты-жөні белгілі, ал негізі олардың саны бір мыңға жуық. Сайып келгенде олардың бәрі саяси тұтқындар, бірақ ресми түрде қазір бізде 246 саяси тұтқын бар. Формальді түрде саяси тұтқын емес, бірақ "химия" алғандар (Беларусьте сот түзеу мекемесіне қамамай, бостандығын шектеу туралы шығарған үкім – ред.) көп. Олар қылмыстық баптар бойынша айыпты деп танылған. Әкімшілік заңның бабымен айыпталғандар формальді түрде біздің өлшемге сай болғанымен, олардың бәрін бірдей саяси тұтқын деп атай алмаймыз, былтыр әкімшілік заң бұзған деген айыппен ұсталған 33 мың адамның көбі тұтқындалған немесе айыппұл салынған. Тұтқындау қазір де жалғасып жатыр, әдетте 20-25 тәулікке қамайды. Оның өзінде, бір сот отырысында әкімшілік құқық бұзу туралы екі немесе одан көп істі қараған кезде. Әйтсе де кейде жазалау шарасын үйіп-төгіп бере береді, сөйтіп адамдар үш айлап түрмеде отырады. Бұл құқықты манипуляция жасап қолдануға жатады: әкімшілік заңмен жауапқа тартылған адам 2-3 ай қамауда отырады, яғни қылмыстық баппен сотталған адамның жазасына барабар. Оның үстіне, билік репрессия ауқымын кеңейтіп жатыр, енді экстремистік ұйым құру және оған басшылық жасауды ғана емес, кез келген түрде қатысуды да енді қылмысқа жатқызбақшы. Экстремизм деп билікке қарсы кез келген белсенді әрекетті айтады. Ақ және қызыл түсті туды да экстремистік деп тануды жоспарлап отыр.

Азаттық: Әзірге ол жоспар іске аса қойған жоқ, қазір осы туды экстремистік деп тануға қарсы петицияға 103 мыңнан астам адам қол қойыпты...

Валентин Стефанович: Қазір билік сәл өзгеше әдіске жүгініп отыр. Егер терезеңнің тұсына туды іліп қойсаң оны жалғыз адам пикетіне теңестіріледі. Бұл ақымақтық, өйткені пикет тек көпшілік орында өткізілетін шара. Ал тіркелмеген символиканы пайдалануға байланысты олар әкімшілік кодекске тағы да қосымша бап енгізбек. Ол бап бойынша, тіркелмеген символиканы жаппай шара кезінде ғана емес, мүлде пайдалануға болмайды. Ал ол біздің мемлекеттік символымыз болған. Ең алғаш рет 1917 жылы жалпыбеларусь жиынында пайдаланылған бұл ту кейін Беларусь халық республикасының мемлекеттік туы болып бекітілді. Ал содан кейін біз оны 1991-1995 жылдар аралығында мемлекеттік ту ретінде пайдаландық. Сол кезде Александр Григорьевичтің (Лукашенко - ред.) кеудесіндегі жейдесін қақ айырып, алаңға жүгіріп шығып жүргені есімде жоқ. Ол парламент депутаты болатын. 1991 жылы парламент осы туды мемлекеттік ту деп таныған кезде ол не деп дауыс берді екен, сонысы қызық?

Минск көшесіне ақ және қызыл түсті қолшатыр ұстап шыққан қыздар. 26 қаңтар 2021 жыл.
Минск көшесіне ақ және қызыл түсті қолшатыр ұстап шыққан қыздар. 26 қаңтар 2021 жыл.

Азаттық: Былтыр желтоқсанның соңында наразылыққа қатысушылардың бірыңғай есепке алу жүйесі іске қосылғаны хабарланды. Бұл туралы сол кездегі Минск атқару комитетінің құқық тәртібін күзету басқармасының бастығы Александр Купченя мәлімдеді, бірақ содан кейін бұл тақырыпты қозғамады. Бірақ сондай дерек қоры барын жұрттың бәрі біледі.

Валентин Стефанович: Бізде ондайдың саны аз емес, арамтамақтар дерек қоры дейтін біреуі тағы бар... Ондай есепке алу қоры бұрыннан бар. Барлық әкімшілік құқық бұзу оқиғалары соған жинақталған және жинақтала береді. Мен онда 1990 жылдардан бері бармын, қазір тіпті мен саусақ ізін де алмайтын болған. Мәселе басқада. Заңда адамның әкімшілік жазаға тартылған немесе сотталған мерзімі өткеннен кейін оның жойылатыны туралы ұғым бар. Яғни оның кері салдарының бәрі де жойылуы тиіс. Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жылдан соң жойылуы керек.

Ал адамды қайтадан ұстаған кезде олар өздерінің әлгі дерек қорынан ол туралы мәліметтерді тексереді, мысалы, осыған дейін биыл бұл адам 23.34-бабымен (Әкімшілік кодекстің "Жиын немесе митинг өткізу тәртібін бұзу" - ред.) жауапқа тартылғанын көреді. Бұл жайт әлгі адамға бұрынғыдан қатаңдау шара қолдануға ықпал етеді. Егер ол адам жұмысқа тұрғысы келсе, мысалы, мекемеден тыс күзетші болып істеу үшін өтініш берсе, әрине, оның қандай әкімшілік, қылмыстық жауапқа тартылғанын тексереді. Өз басым бұл дұрыс емес деп санаймын. Егер сот жазасын өтеп, оның мерзімі толық бітіп, жойылған болса, ол адамға кері әсер етпеуі керек.

Қазір білім министрлігі өз қарауындағылардан құқық бұзушылық дерек қорындағы мәліметтерді білуге келісімін талап етіп нұсқаулар жіберіп жатыр. Яғни адамның бұған дейін қанша рет, қандай жауапқа тартылғаны туралы ақпаратты олармен еңбек қатынасын ұзарту туралы мәселені қарастырған кезде ескермекші. Бұл дегенің адамның "саяси сенімділігін" тексеретінін білдіреді. Қарайды да, екі жыл бұрын 23.34-баппен жауапқа тартылған екен, жаза мерзімі өтеліп, жойылса да, біртүрлі, сенімсіз адам деп байлам жасауы мүмкін ғой. Және мұны жасап отырған ІІМ де, Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті (КГБ) де емес, Білім министрлігі екенін ескерте кетейін.

Азаттық: ІІМ назарына іліккендердің, яғни аты-жөні жаңа дерек қорына енгізілген адамдардың туыстарына қоқан-лоқы жасағандар болды ма?

Валентин Стефанович: Қылмыстық істер бойынша, иә, болды, ал әкімшілік істері деген қазір конвейер тәрізді өтіп жатыр. Алайда көпбалалы отбасыларға байланысты проблема бар. Ондай қоқан-лоқыны бірнеше рет Бас прокуратураның өзінен естігенбіз: егер ата-анасы демонстрацияға кәмелетке толмаған бала ертіп келсе араласып, қажет деп тапса ата-ана құқығынан айыратынын мәлімдеген. Олар баланың басын қауіп-қатерге тігеді деп бейбіт демонстрацияларды ойрандап, граната қолданып, резеңке оқ қолданатын ІІМ-ін емес, ата-ананы кінәлі көреді. Пружаныда балалар үйінен он баланы өз қамқорлығына алған бір әйел бар. Оның үстінен арыз жазғандар сол әйелді үйіне ақ-қызыл түсті ту іліп қойды деп көрсеткен. Ол әйелді шақырып алып, балалар қауіпті жағдайда қалған деп танып, алып аламыз деп қорқытқан. Балалардың қандай жағдайда тұрып жатқанын тексеруге мектептен де адамдар келген. Ондайды кеңінен қолданады. Әлеуметтік жағынан қорғалмаған, жалғызбасты кедей ата-ананың балаларын алып қояды. Мұны саяси мақсатта қолдану мүмкіндігі өте жоғары.

Азаттық: Дерек қорында кәмелетке толмағандар бар ма? Ондай жиі бола ма?

Валентин Стефанович: Ондай оқиғалар болған. Ұсталғандардың ең жасы – 13 жасар ұл. Минскіде Серебрянкадағы жолды жапқаны үшін 342-баппен (қоғамдық тәртіпті өрескел бұзатын әрекетке дайындық) "химия" алған ұл бала бар. Жақында Жлобинде 17 жасар бозбаланы автозакқа тас лақтырғаны үшін колонияға екі жыл қамау туралы үкім шықты. Гомельде тамыздан бері қамауда отырған бала бар. Оған "Молотов коктейлін" лақтырған деген айып тағылған. Мемлекеттік символдарды қорлау айыбымен тағы бірнеше іс қаралып жатыр. Кәмелетке толмағандарды әкімшілік іс бойынша ұстаған кездері өте көп. Әдетте 14 жасар жасөспірімдерді үш сағатқа жуық тордың ар жағына қамап қояды, заң бойынша үш сағаттан аспайтын мерзімге ұстауға болады деп жазылғанымен, мектептен қайтып келе жатқан кезде бет-аузын тұмшалап алған, жай киімдегі белгісіз ересек адамдардың тарпа бас салып алып кеткені бала үшін бәрібір шектен шыққан оқиға ғой.

Азаттық: Тікелей қатысқаны үшін ғана емес, мысалы, телеграм-канал, чаттарға жазылғаны үшін де жауапқа тарта ма?

Валентин Стефанович: Әрине, ІІМ әлеуметтік желідегі кезекті модераторды қалайша қаһармандықпен қолға түсіргені туралы үнемі хабарлайды. Тіпті ұйымдастырушы ретінде үстінен қылмыстық іс қозғап жатады. Телеграм-каналға жай ғана жазылудың өзін көбіне ұстауға ілік етеді. Милиционерлер телефонды тексерген кезде оның иесінің [билікті сынайтын] чатқа жазылғанын көрсе, бояу жағып, белгілейді. Кейін әлгі адам азаптауға ұшырап, соққыға жығылады.

Олар үнемі әлдебір ұйымдастырушы, үйлестірушілерді іздеумен болады. Өздері сондай болуы мүмкін деп тапқан адамдарға бояумен белгі салып қояды. Сондай "таңбасы" бар адамдарға ерекше қатыгездік танытып, ұрып-соққан, – дейді Валентин Стефанович.

Азаттықтың Орыс қызметінің журналисі Екатерина Прокофьеваның материалынан аударылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG