Accessibility links

Боснияда соғыстан кейінгі тұңғыш санақ басталды


Сребреница маңында тұратын адамдарды санақ кезінде тіркеп жатқан санақшы. 1 қазан 2013 жыл
Сребреница маңында тұратын адамдарды санақ кезінде тіркеп жатқан санақшы. 1 қазан 2013 жыл

Босния мен Герцеговина 1992-1995 жылғы соғыстан кейін бірінші рет халық санағын өткізіп жатыр. Бірнеше этникалық топ, әртүрлі мәдениет өкілдері мекендейтін ел ұлттық бірлікке қол жеткізді ме?

Қай ұлттың өкілісіз? Қандай тілде сөйлейсіз? Қай дінді ұстанасыз? Бір қарағанда оп-оңай көрінетін осы үш сауал 1991 жылдан бері бірінші рет ұлттық санақ өткелі отырған Босния мен Герцеговина тұрғындарын тұйыққа тірейтіндей.

«ЭТНИКАЛЫҚ ТЕГІМДІ КӨРСЕТУГЕ ҚИНАЛАМЫН»

Ел астанасы Сараевода тұратын Ясна Тамец былай дейді:

- Қай этникалық топты таңдарымды білмеймін. Әлі күнге дейін ойланып жүрмін. Дінімді көрсетуге қиналмаймын, этникалық мәселе толғандырады. Америка тұрғындарының өздерін қалай атайтынын білмеймін. Бірақ немістер "немістерміз" дейді, онда неге біз "босния-герцеговиналықтар" деп аталмаймыз? Бұл - өте күрделі мәселе, бірақ біз өзімізді осылай атауға тиіспіз. Бұл менің пікірім. Егер өзімді «босниялық» деп атау мүмкін болса, бақытты болар едім.

Бұл - соғыс пен этникалық қырғыннан кейін өзін танытуға ұмтылған елдің тарихи бастамасы. Дей тұрғанмен көп ұлтты, көп мәдениетті халықтан біртұтас ұлттық қоғам құруға тырысқан мемлекетті осы бастама ыдыратып жіберуі де мүмкін. Елдің негізін 3 этникалық топ – бошняктар (мұсылман босниялықтар - ред.), сербтер және хорваттар құрайды, олар үнемі саяси билік үшін керісіп қалады.
Халық санағын өткізушілердің бір тобы. Сребреница, 1 қазан 2013 жыл.
Халық санағын өткізушілердің бір тобы. Сребреница, 1 қазан 2013 жыл.

Аднан Хускич - Сараеводағы саяси сарапшы.

- Ең алдымен этникалық қырғынға ұшыратқан 20 жылдық соғыстың әлеуметке қалай әсер еткенін көргіміз келеді. Енді Босния-Герцеговинадағы этникалық аймақтар үш негізгі этникалық топтың маңына шоғырлана түскені байқалар, - дейді ол.

Хускичтің пікірінше, санақтың нәтижесінде саясаткерлер тұрғындар туралы бұрын белгісіз болып келген деректерді – білім деңгейі мен тұрғын үй жағдайы туралы нақты мәлімет алады. Егер Босния Еуропа Одағына кіруге әлі ынталы болса, бұл мәліметтер өте маңызды.

НЕГІЗГІ ҮШ ТОП

Елдегі соңғы ресми санақ 1991 жылы өткен, дегенмен БҰҰ 1996 жылы тағы бір санақ өткізді. Ол Босниядағы соғыстың тоқтауына ықпал еткен Дейтон келісіміне 1995 жылы қол қойылған соң орындалды.

Биылғы қазанның 1-15 күндері санақ жүргізетін мемлекеттік статистика агенттігінің 2011 жылғы дерегі бойынша халықтың саны - 3,15 миллион. 2008 жылы агенттік ел тұрғындарының 45 пайызы - мұсылмандар, 36 пайызы - православтар, ал 15 пайызы - католиктер деп мәлімдеді. Бұл мұсылман бошняктар, православ сербтер мен католик хорваттардың үлес салмағын көрсетті.
1995 жылғы Сребреница қырғынында өлгендердің жаңадан табылған мәйітін күтіп тұрған демонстранттар. 9 шілде 2013 жыл
1995 жылғы Сребреница қырғынында өлгендердің жаңадан табылған мәйітін күтіп тұрған демонстранттар. 9 шілде 2013 жыл

2012 жылы өтеді деп жоспарланып, биыл ғана жүзеге асып жатқан санақ саяси кикілжіңдер кесірінен бір жылға шегерілді. Әйтеуір бұл санақ та басталды, ал ешбір этникалық топтың оған бойкот жариялап, қарсы шықпағаны Босния тарихындағы елеулі оқиға.

Дегенмен этникалық топтарға негізделген саяси партиялар өз саяси мүдделерін қорғау үшін кампанияны белсенді түрде жүргізіп жатыр. Тіпті Босния билігі Хорватияға реніш танытып, босниялықтарды санақтың үш сауалына "этникалық тегім - хорват, тілім - хорваттық, дінім - римдік католик" деп жауап беруге жауап беруге шақырғаны үшін кінәлады.

«САЯСАТКЕРЛЕРДІҢ ӨРІСІ ТАРЫЛАДЫ»

Әлеуметтанушы Джезуф Зиганың айтуынша, этникалық топтарға сүйенген саяси партиялар нақты статистикалық деректер болмағандықтан, ойларына келгенді мәлімдейтін. Ол енді мұндай мәлімдемелер азаяр деп үміттенеді.

- Этникалық немесе ұлтшылдықты қару етіп жүргендердің өрісі тарылады деп ойлаймын. Олардың дауысы енді бәсеңдейді. Баяғыдай 150 мың сербтің орнына тек 3 мың серб қана Сараеводан кетті деген пікір айту, немесе бошняктар мен хорваттардың санын әркім өз қалауынша көбейтіп, не кеміту қиынға соқпақшы, - дейді ол.
Тұңғыш рет мұсылман босниялықтар өздерін "босния тілінде сөйлейтін бошнякпыз" деп атай алады. Бұл - тарихи санақ.

Санақшылар келгенде бошняктар ыңғайсыз жағдайға ұшырауы мүмкін. Жаңа санақ кезінде мұсылман босниялықтар этникалық тегін "бошняк" деп көрсетуге мүмкіндік алды. Ал жергілікті сербтер мұндай этникалық топ жоқ деп санайды.

Седжфудин Токич «Бошняк болу маңызды» деп аталатын жобаның үйлестірушісі.

- Тұңғыш рет мұсылман босниялықтар өздерін "босния тілінде сөйлейтін бошнякпыз" деп атай алады. Бұл - тарихи санақ. Австро-венгр кезеңінде оларды мұсылманмын деуге мәжбүрледі, Югославия корольдігі кезінде бошняктың жеке тұлға екені мойындалмады. Коммунистік Югославия тұсында бошняктарды "мұсылман дінін ұстанған сербпіз, не хорватпыз" деуге мәжбүрледі. Осы тұрғыдан алғанда бұл - тарихи санақ, - дейді ол.

БОСНИЯ-ГЕРЦЕГОВИНАЛЫҚПЫЗ ДЕУГЕ БОЛА МА?

1974-1993 жылдары арасында Югославиялық бошняктарға этникалық тегін «мұсылман» деп көрсетуге рұқсат етті. Соғыс басталғанда олар Осман империясы кезеңінен бастау алатын «бошняктар» деген терминді қабылдады. Бірақ бошняктардың көбі бұл атаудан қорқады, оны шектен тыс саясиланған деп санайды. Олардың кейбірі «мұсылманмын» десе, енді бірі «босниялықпын» деп жауап беруге мақұл. Бірақ мұндай көңіл-күй бошняк этникалық даралығын өз мақсаты үшін пайдаланғысы келетін саяси партияларды алаңдатып отыр. Ал Боснияның басқа шағындау 14 этникалық тобының өкілдері санақ нәтижесі өздерінің негізгі үш топпен салыстырғандағы мәртебесін әлсіретеді деп алаңдайды.

Босниялық шенеуніктер санақ нәтижесінде алынған деректер босниялықтарға еш қауіп төндірмейтінін айтып әлек болды. Олар босниялықтар арасында кең тараған «санақты салық жинау үшін немесе бос тұрған үй-жайларды тәркілеу үшін өткізеді екен» деген қауесетті сейілтуге барын салды.
Сараево түбінде тұратын босниялық мұсылмандар намаз оқып отыр. 8 тамыз 2013 жыл.
Сараево түбінде тұратын босниялық мұсылмандар намаз оқып отыр. 8 тамыз 2013 жыл.

Мемлекеттік статистика агенттігінің бас әдіскері Нора Селимович санақшыларды қалай оқытқанын түсіндіреді.

- Санақшының міндеті - тек сұрақ қою. Ол тұрғынның аузынан шыққан сөзді айнытпай жазып алуға тиіс, тіпті олар өздерін "Марстан келдік" немесе "эскимоспыз" десе де, сол қалпында оны қағазға түсіреді. Санақшы тұрғынның пікіріне ештеңе алып-қоспайды, - дейді ол.

Юрица Гуделидж Мостар қаласында тұратын 29 жастағы журналист. Ол адамдардың санақтың саяси астарынан, саясаткерлердің қысымынан шаршағанын айтады.

- Адам өзін басқаша сезініп тұрса да, оған өзін қалай сезіну керектігін мәжбүрлі түрде үйретуге ұқсайды. Осы бағытта белсенді түрде науқан жүргізіліп жатыр. Бірақ санақтың нәтижесі шыққанда өзін әшейін "босния-герцеговиналықпын" деп санайтын тұрғындар көп болар деп үміттенемін, - дейді ол.

Санақтың алдын ала нәтижесі 90 күнде белгілі болады, бірақ қорытынды нәтиже бір жыл немесе одан астам уақытта дайын болуы мүмкін.

Гордан Сандич Хаджихасановичтің мақаласын аударған – Динара Әлімжан
XS
SM
MD
LG