Accessibility links

Адвокаттары Азамат Тәжаяқовтың аңғалдығын айтады


Қазақстандық студент Азамат Тәжаяқовтың Бостон сотында тұрған суреті.
Қазақстандық студент Азамат Тәжаяқовтың Бостон сотында тұрған суреті.

Бостондағы терактілерді тексеруге кедергі келтірді деп айыпталған қазақстандық студенттің ісі бойынша тараптар жарыссөздері басталған күні сотқа жарылыста жараланғандардың туыстары да қатысты.

Бостон марафоны кезіндегі терактілерді тексеруге кедергі келтірді деген айып тағылған қазақстандық студент Азамат Тәжаяқовтың ісі бойынша Бостонда өтіп жатқан сотта 16 шілде күні тараптардың қорытынды жарыссөздері басталды. The Boston Globe басылымы жарыссөздердің үш сағатқа жуық уақытқа созылғанын хабарлады.

Сотта айыптаушы тараптың өкілі Джон Капин АҚШ федералдық тергеу бюросы (ФБР) терактіге күдіктілерге іздеу жариялап, фотосуреттерін жариялағаннан кейін Тәжаяқовтың Дартмут университетінде өзімен бірге оқитын Джохар Царнаевтың Бостон жарылысына қатысы барына айғақ боларлық заттарды оның жатақханадағы бөлмесінен алып шығуды ұйғарғанын айтқан.

Тәжаяқовтың қорғаушылары болса, қазақстандық студентке Джохар Царнаевтың танысы болғаны үшін ғана айып тағылып отыр деген пікір білдірген. Олар сот алқабилерін «айғақтарды жойған» деген айыпқа зер салып, жарылыс жасау жоспарынан Тәжаяқовтың бейхабар болғанын ескеруге шақырған.

ФБР-дің вебсайтында жарияланған Тамерлан (оң жақта) және Джохар Царнаевтардың суреті. 18 сәуір 2013 жыл.
ФБР-дің вебсайтында жарияланған Тамерлан (оң жақта) және Джохар Царнаевтардың суреті. 18 сәуір 2013 жыл.

Адвокаттары Тәжаяқов Царнаевтың заттарын жоюға белсенділік танытпаған деген дәлел келтірді. Бірақ айыптаушы Джон Капин айғақ заттарды жоюға Тәжаяқовтың келісім беруі қылмыс болып саналатынын айтты.

Бұған дейін дүйсенбі күнгі сотта көрсетілген бақылау камераларындағы жазбаларда жарылыс болған күннің ертесінде Азамат Тәжаяқов пен терактіні ұйымдастыруда басты күдікті ретінде танылған Джохар Царнаевтың университеттің жаттығу залына бірге кіріп, бірге шыққандары бейнеленген.

Тәжаяқовтың адвокаты Мэтью Майерс алқабилерге Царнаевтың өз жақын достарын алдауға «керемет икемділігі» болғанын және жарылыс ұйымдастыру жоспары жайлы оларға тіс жармағанын айтқан. Майерс алқабилерді колледж оқушылары әлі балалар екендігін, олардың «басқаша ойлайтындығын» ескеруге шақырған.

Бұған қоса Майерс АҚШ-та мұсылмандарға қатысты ағат пікірлер мен теріс ұғым барын да айтқан.

Бостондағы терактіні ұйымдастыруда басты күдікті ретінде танылған Джохар Царнаев.
Бостондағы терактіні ұйымдастыруда басты күдікті ретінде танылған Джохар Царнаев.

Сәрсенбі күні сот тыңдауында жүзден аса адам қатысты, олардың арасында Бостондағы жарылыс кезінде жараланғандардың туыстары да болды.

АҚШ тергеушілері Азамат Тәжаяқов пен тағы бір қазақстандық студент Диас Қадырбаев айғақ заттарды жойып, терактілерді тексеруге кедергі келтірген деп айыптап отыр. Тергеу мәліметінше, жарылыстан соң үш күннен кейін Джохар Царнаевтың Массачусетс университетінде танысқан достары Азамат Тәжаяқов пен Диас Қадырбаев оның пиротехника салынған рюкзагы мен ноутбугінен құтылған.

Диас Қадырбаевқа байланысты қыркүйекте басталатын сот процесі бөлек өтеді. Ол екеуі айыпты мойындамайды.

Айыптаушылардың пікірінше, 20 жастағы Джохар мен оның 26 жастағы ағасы Тамерлан Царнаевтар қолдан жасалған екі жарылғышты Бостон марафоны аяқталар маңға құрып қойған. Жарылыстан кейін үш күннен соң олар қаладан қашпақ болып, полициямен атыста Тамерлан оққа ұшқан. Джохар қазір қамауда отыр. Прокурорлар оған өлім жазасын сұрамақ.

2013 жылы 16 сәуірде Бостон марафонының мәресінде болған жарылыстар салдарынан үш адам қаза тауып, 260 адам жараланған еді.

XS
SM
MD
LG