Accessibility links

Ресей-Грузия соғысынан кейінгі Кавказ


Грузия-Ресей соғысынан қираған Оңтүстік Осетияның қираған қаласы Цхинвалиде екі әйел құшақтасып тұр. Тамыз, 2008 жыл.
Грузия-Ресей соғысынан қираған Оңтүстік Осетияның қираған қаласы Цхинвалиде екі әйел құшақтасып тұр. Тамыз, 2008 жыл.

Ресей Оңтүстік Кавказға үстемдігін жүргізіп отырғалы бес жыл өтті. Алайда бұл аймақ әлі тұрақсыз.

Қазір Әзербайжан қаруланып жатыр. Ал Арменияның Ресейден көңілі қалды. Соңғы жылдарға қарағанда қазір Таулы Қарабахта соғыс шығу қаупі күшейген.
Әзербайжан аумағындағы сепаратистік анклавта бұл күнде армяндардың ықпалы басым. Соғыс арнайы келісімдермен тоқтатылғанымен, соңғы айларда бұл өлкеде бірнеше қақтығыс болды.

2008 жылдың тамызындағы Грузия мен Ресей арасындағы бір апталық қақтығыстан бері бес жыл өтсе де, Оңтүстік Кавказ аймағының қаншалықты тұрақсыз екенін бүгінгі Қарабахқа қарап білуге болады.

ДОҚ КӨРСЕТУ

2008 жылы Грузия мен Ресей арасында Оңтүстік Осетия үшін бес күндік соғыс болды. Бұл соғыста Ресей жеңді. Есесіне Ресейдің осы бір тұрақсыз аймақтағы беделіне зиян келді.

Еуропа Кеңесінің халықаралық қатынастар бойынша бас маманы Стефан Мейстер:

- Бұл соғыс басқа постсоветтік елдерге Ресейдің өз мүддесін қорғау үшін қару қолданудан тайсалмайтынын байқатты. Бірақ бұл оқиға Ресейдің ықпалды ел деген беделіне дақ түсірді, - дейді.

Оңтүстік Осетия астанасы Цхинвалиде отырған Ресей әскері. 7 тамыз 2008 жыл.
Оңтүстік Осетия астанасы Цхинвалиде отырған Ресей әскері. 7 тамыз 2008 жыл.
Шындығында Ресейдің Кавказдағы ең жақын одақтасы саналатын Армения соңғы жылдары Ресейдің әрекеттеріне күдікпен қарайтын болды. Ресеймен бұл елдің арасында газға байланысты келіспеушіліктер көбейді. Кремльдің Ереванды Еуразиялық Одаққа күштеп кіргізбек ойы білінгеннен бері Армения Ресейден тіксініп қалды.

Ал осы айда Ресей президенті Владимир Путин арнайы барғалы жатқан Әзербайжан көптен бері Мәскеумен қарым-қатынасқа өте сақ қарайды. Әзербайжан Ресей ықпалына түспеу үшін энергетикалық қуатын барынша тиімді пайдаланып жатыр.

Бұл аймақта Ресейге наразы Грузия да бар. Премьер-министр Бидзина Иванишвили билікке келгелі Тбилиси мен Мәскеудің арасы біршама жақсарды. Бірақ бұрынғы салқындық толық сейілген жоқ.

«СОЛ БАЯҒЫ ИМПЕРИЯ»

Әзербайжан президентінің сыртқы саясат бойынша бұрынғы кеңесшісі Вафа Гулузаде «Ресейдің 2008 жылы Грузияға басып кіруі Кавказ елдерінің барлығына сақтану қажет екенін ескертті» дейді.

- Ресей мен Грузияның соғысы Ресейдің тәуелсіз Грузияға жасаған агрессиясы болғандығына дау жоқ. Бұл - Совет Одағы құлағалы бері Кавказ аймағында болған өте қауіпті әрекет. Осы соғыс Ресейдің аймақтағы ұсақ ұлттар мен барлық адамдарға қауіпті, сол баяғы империя күйінде қалғанын дәлелдеді, - дейді ол.
Соғыс Ресейдің аймақтағы ұсақ ұлттар мен барлық адамдарға қауіпті, баяғы империя күйінде қалғанын дәлелдеді.

2008 жылғы соғыстан соң Ресей Қарабахта екі елді жарастырушы арағайындық міндетін атқармақ болған. Бірақ президент Дмитрий Медведев бастаған бұл әрекеттен ештеңе шықпады. 2012 жылы Владимир Путин Кремльге оралған соң Ресей жауласушы екі тарапқа қару жеткізуші рөлін қайта атқара бастады.

КАВКАЗДАҒЫ ІШКІ ЖАҒДАЙ

Мәскеуге деген сенімсіздік Кавказда күшеймесе, азайған жоқ. Бірақ осы аталған үш ел өзара қарым-қатынастарын да жақсарта алмай отыр. Әзербайжан мен Армения керісінше жаулықты күшейтіп келеді.

Әзербайжан мен Грузия энергетика саласында тәуелсіздіктерін біршама нығайтты. Грузия Әзербайжан өндірген мұнайды Ресейге кіріптар болмай, айналма жолмен экспорттауға жәрдем беріп отыр. Ал Баку Тбилисидің Мәскеуге энергетикалық тұрғыда тәуелді болмауына көмектесіп келеді.

Грузияның қорғаныс министрі Иралкий Аласания (сол жақта) мен Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев. Баку, 19 наурыз 2013 жыл.
Грузияның қорғаныс министрі Иралкий Аласания (сол жақта) мен Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев. Баку, 19 наурыз 2013 жыл.
2008 жылғы соғыстағы Ресейдің қол жеткізген ең басты жетістігі - аймақтан НАТО мен АҚШ әскерін тықсырып шығарды. Бұл Грузияның НАТО-ға мүшелікке кіруін қиындатып жіберді.

- Сол соғыстан бері Ақ үй Кавказды бөлек аймақ ретінде емес, «АҚШ пен Ресей арасындағы көп мәселенің бірі» ретінде қарастыратын болды, - дейді Еревандағы аймақты зерттеу орталығының директоры әрі сарапшы Ричард Гирагосян.

ЕУРОПА ОДАҒЫНЫҢ ЫҚПАЛЫ

Бұл жанжал Еуропа Одағының (ЕО) осы аймақтағы ықпалын күшейтті. Мәселен, 2008 жылғы соғысты тоқтатуға көп еңбек сіңірген ЕО болды. Соғыстан кейінгі жылдары Грузия-Абхазия-Оңтүстік Осетия шекарасын белгілеу кезінде ЕО маңызды роль атқарды.

Одан да маңыздысы - 2009 жылы Беларусь, Молдова, Украина және Кавказдағы үш ел - Армения, Әзербайжан және Грузиямен қарым-қатынастарын нығайту үшін ЕО «Шығыстағы әріптестік» деп аталатын бағдарламасын іске қосты.

Сарапшы Гирагосянның айтуынша, «бұл бағдарлама ЕО-ның шеткі аймақтарын тұрақтандыру үшін жасалған». ЕО-ның епті саяатының арқасында бұл бағдарлама сәтімен іске асып жатыр.

Цхинвали қаласындағы қираған танк. Оңтүстік Осетия, 14 тамыз 2008 жыл.
Цхинвали қаласындағы қираған танк. Оңтүстік Осетия, 14 тамыз 2008 жыл.
- Бұл саяси қадамның жүзеге асуына аталмыш елдердің ЕО-мен жақындасуға деген ықыластары да әсер етті. Осылайша ЕО «Шығыстағы әріптестік» бағдарламасының аясында екі мәселеде жоғары беделге ие болды. Біріншісі – Еуропа бұл елдерді өз құндылықтарына қызықтыра білді. Екіншісі - аймақтағы алты елге де экономикалық мүмкіндіктер ұсынды, - дейді Ричард Гирагосян.

Еуропа кеңесінің маманы Стефан Мейстер «Шығыстағы әріптестік» бағдарламасы Грузия мен Армениядағы заңдарды реформалау және демократияны нығайтуға елеулі үлес қосты» дейді. Оның айтуынша, ЕО мониторингі 2012 жылы Грузиядағы парламент сайлауының әділ өтуіне септігін тигізген.

Бірақ ол «Шығыстағы әріптестік» бағдарламасы аймақтағы қауіпсіздік мәселесін қамтымайтынын, сондықтан Қарабахтағы жағдайды тұрақтандыруға ЕО мүмкіндігі шектеулі екенін» айтты.

- ЕО бұл аймақта өзгерістер жасағысы келсе, көршілермен арадағы саясатын қауіпсіздік мәселесімен көбірек ұштастыруы керек. Себебі қауіпсіздік мәселесі - осы аймақтағы өзгеріс пен демократияның басты кепілі, - дейді ол.

Бірақ ол саясатты Мәскеудің қитығына тимей жүргізуге бола ма? Президент Путин билікке қайта келгелі «Еуразиялық Одақ» жобасын Мәскеудің сыртқы саясатының негізгі бағыты етіп белгіледі. Мәскеу содан бері ЕО-мен әріптес болғысы келген елдерге тізесін батырып келеді. Әсіресе Украина, Молдова және Арменияны ЕО-мен тығыз байланыс жасамауға мәжбүрлеп отыр.

ТӘУЕЛСІЗДІК ЖОЛЫНДАҒЫ ТӘУЕКЕЛ

Грузин философы Заза Шатиришвилидің пікірінше, 2008 жылғы Ресеймен соғыс Грузияның тәуелсіздік жолындағы маңызды қадамы болған. Бұл соғыс Кавказдағы үш елдің де тәуелсіздігінің нығаюына оң әсер етеді.

КӨРІҢІЗ: Грузия-Ресей қақтығысына - 5 жыл

- Белгілі бір мағынада бұл соғысты Ресейдің Косоводағы жеңілісі үшін, соңғы 15-20 жылдағы сәтсіздіктері үшін алған кегі деп те айтуға болады. Бірақ біз үшін бұл соғыс империяға қарсы 25 жылдық күресіміздің ең маңызды қадамы болды. Алайда әлі де жеме-жемге келгенде бұл соқпақтың қайда апаратынын ешкім білмейді. Тарихи күрестің нәтижесін кесіп-пішіп айта алмаймыз, - дейді философ.

Роберт Коалсонның мақаласын ағылшын тілінен аударған - Сағынай Кәрім.
XS
SM
MD
LG