Accessibility links

Дуадақ аулаған ханзада мен Мирзияевтің күйеу балалары


Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтің күйеу балалары мен Дубай ханзадасы Хамдан бин Мұхаммед әл-Мактум. Ahmad Jaber Al Harbi атты қолданушының Instagram-парақшасында жарияланған сурет.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтің күйеу балалары мен Дубай ханзадасы Хамдан бин Мұхаммед әл-Мактум. Ahmad Jaber Al Harbi атты қолданушының Instagram-парақшасында жарияланған сурет.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтің күйеу балалары Ойбек Турсунов пен Отабек Умаров елге ителгімен дуадақ аулауға келген Дубайдың тақ мұрагері ханзадасы Хамдан бин Мұхаммед әл-Мактумды қонақ қылып күтті деп хабарлайды Азаттықтың Өзбек қызметі - Озодлик радиосы. Бұған дейін Қазақстан үкіметі де араб шейхтарына жойылуға шақ қалған құсты аулауға рұқсат берген.

Дубайдың тақ мұрагері ханзада Хамдан бин Мұхаммед әл-Мактум Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасына Өзбекстанға сапары жайлы бірнеше сурет жариялады. Ал ханзаданың құрметіне ұйымдастырылған қонақасыда онымен және төңірегіндегі адамдармен бірге Мирзияевтің күйеу балалары дастархан басында отырған суретті ханзаданың туысы Instagram парақшасына жариялаған.

Фотоның астына "Керемет ас үшін көп рахмет" деп жазылған.

Ақпарат және бұқаралық коммуникация агенттігі директорының орынбасары болып істейтін Саида Мирзияеваның күйеуі Ойбек Турсунов президент қайын атасы Шавкат Мирзияевтің әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары қызмет атқарады. Мирзияевтің екінші күйеу баласы Отабек Умаров - президенттің қауіпсіздік қызметі жетекшісінің орынбасары. Оның зайыбы Шахноза Мирзияева былтыр мектепке дейінгі білім министрлігінің мектепке дейінгі білім мекемелерінің қызметін ұйымдастыру жөніндегі басқармасы бастығының орынбасары болып тағайындалған.

Мирзияевтің күйеу балаларының араб ханзадасымен бірге түскен суреті жарияланардан бірнеше күн бұрын өзбекстандық әлеуметтік желі қолданушылар "Өзбекстан әуе жолдары" ұшағының салонындағы ондаған ителгі түсірілген видеоны қызу талқылады.

Жергілікті ақпарат құралдары Дубайдың тақ мұрагері ханзада Хамдан бин Мұхаммед әл-Мактумның Өзбекстанның Науаи облысына ителгі салып, дуадақ аулауға келгенін хабарлады.

Өзбекстанның экология және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі мемлекеттік комитетінің аты-жөнін атамауды өтінген қызметкері Озодлик радиосына "араб шейхтеріне ел аумағында саятшылық құруға арнайы рұқсат берілгенін" хабарлады. Бірақ ол шетелдік қонақтардың нақты қанша ақша төлегенін айта алмады. Науаи облысы мен Қарақалпақстанның экология және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі мемлекеттік комитеті Озодлик тілшісіне Өзбекстанда "белгілі көлемдегі ақшаға дуадақ атуға рұқсат берілетінін" растады.

ҚАЗАҚСТАНДА ҚЫЗЫЛ КІТАПҚА ЕНГЕН ДУАДАҚТЫ АУЛАУ

Озодлик радиосының хабарлауынша, Өзбекстанда Халықаралық табиғат қорғау одағының Қызыл кітабына енген дуадақты аулауға рұқсат алған адам әр құсқа алты мың АҚШ доллары көлемінде ақша төлеуі тиіс. Қазақстанда, үкімет қаулысына сәйкес, бұдан кемінде үш есе аз ақша төлейді.

Биыл қазан айында Қазақстан билігі Біріккен Араб Әмірліктері мен Қатардың төрт шейхіне ел аумағындағы қорықтарда ителгімен дарақ жек дуадақ аулауға ресми рұқсат берді. Бұл туралы қаулыға премьер-министр Асқар Мамин қол қойған.

Оған сәйкес, шейхтер Қазақстан аумағында аулаған әр құсқа ел бюджетіне 260 айлық есептік көрсеткіш (656 600 теңге немесе 1700 доллар) көлемінде ақша төлеуі тиіс.

Қазақстандық әлеуметтік желі қолданушылар үкіметтің араб шейхтеріне онсыз да жойылуға шақ қалған құстарды аулауға рұқсат беруін сынға алып жатқанда, Қазақстанның экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі "қорықтық аймақ қорыққа жатпайтындықтан оның аумағында шаруашылық қызмет жүргізуге, соның ішінде аң аулауға рұқсат берілетінін" мәлімдеді. Үкімет араб шейхтеріне сирек кездесетін құсты аулауға рұқсат Қазақстан мен Біріккен Араб әмірліктері арасында дуадақтарды сақтау жөнінде жасалған келісімге сәйкес берілетінін хабарлады. Үкімет осы келісім аясында дуадақ санын қайта көбейтетін орталық салынғанын және жыл сайын онда өсірілген мың құс табиғи ортаға жіберілетінін айтады. Министрліктің түсіндіруінше, шейхтерге 276 құс аулауға рұқсат етілген. Бұл елдегі дуадақ санының 2,8 пайызына және жылда табиғатқа жіберілетін дуадақтардың 10 пайызына жуық көрсеткіш. Министрлік дерегінше, 2003-2018 жылдар аралығында Парсы шығанағы елдерінің жоғары лауазымды тұлғаларымен жасалған келісімдер бойынша қаржыландыру көлемі 61,3 миллион долларды құраған. Қазақстан бұл ақшаға киік тәрізді жойылуға шақ қалған жабайы жануарларды қорғап, олардың есебін жүргізеді. Бұған қоса "Охотзоопром" мемлекеттік кәсіпорыны инспекторларына қажет құрал-жабдық сатып алады дейді Экология министрлігі.

Өзбекстандық әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында елге араб шейхтерінің аң аулауға келуін сынайтын пікір байқалмайды.

Жануарларды сүйетін чех тілінің аудармашысы Петр Кубалек Озодлик тілшісіне Чехия мен Словакияда да дуадақтар барын, бірақ оларды аулауға заң бойынша тыйым салынғанын айтты.

- Дуадақтарды мемлекет қорғауына алған. Чехия мен Словакия тіпті, араб әмірлері бір дуадақ үшін миллион доллар берсе де, құстарды атуға рұқсат бермейді. Бұл елдерде дуадақ атқан адам тұтқындалады. Өзбекстан мен Қазақстан сияқты мемлекеттерде ақша үшін сирек кездесетін жануарлар мен құстарды аулауға рұқсат береді. Мұндай тәжірибе бұрын Африка елдерінде болған. Соның кесірінен Африкада сирек кездесетін жануарлар мен құстар құрып кетті, – дейді Петр Кубалек.

Қазақстан мен Өзбекстанда дуадақ Қызыл кітапқа енгізілген. Қазақстанда 1994 жылдан бері араб шейхтеріне дуадақ аулауға рұқсат беріледі.

(Азаттықтың Өзбек қызметінің материалы негізінде дайындалды.)


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG