Accessibility links

Аласапыран жағдайда өткен сайлау


Сайлау учаскесінің қасында кезекте тұрған адамдар. Кундуз уәлаяты, Ауғанстан, 20 қазан 2018 жыл.
Сайлау учаскесінің қасында кезекте тұрған адамдар. Кундуз уәлаяты, Ауғанстан, 20 қазан 2018 жыл.

Ауғанстанда қазанның 20-ы күні парламент сайлауы аласапыран жағдайда өтті. Елдің әр түкпірінен техникалық ақаулар мен шараны ұйымдастыруда проблемалар туындағаны, оған қоса шабуылдар жасалғаны туралы хабарлар түсті.

Ауғанстанда парламент сайлауы өткен қазанның 20-сы күні сайлау учаскелері мен үкімет күштеріне қарсы жасалған шабуылдар салдарынан кемінде 25 адам қаза тапқан. Бұл туралы Азаттықтың Ауған қызметі хабарлады.

Мемлекет астанасы Кабул қаласындағы сайлау учаскелерінде болған бірнеше жарылыстан кемінде үш адам өліп, 30-дан астамы жараланғаны туралы медициналық қызмет өкілдері хабарлады. Елдің орталығындағы Гор уәлаятында 11 полиция қызметкері қаза тапқан, солтүстіктегі Тәжікстанмен шекаралас Кундуз уәлаятында үш адам мерт болған.

Ауғанстан президенті Ашраф Ғани парламент сайлауына дауыс беру үшін сайлау учаскесіне келді. Кабул, 20 қазан 2018 жыл.
Ауғанстан президенті Ашраф Ғани парламент сайлауына дауыс беру үшін сайлау учаскесіне келді. Кабул, 20 қазан 2018 жыл.

Шабуылдарға қарамастан Ауғанстан президенті Ашраф Ғани "жас пен кәрі, ер мен әйел - барша ауғандықтарды" дауыс беру құқықтарын пайдалануға шақырды.

Елде сайлаушы ретінде 9 миллион адам тіркелген, олар сайлауға түскен екі жарым мыңға жуық кандидаттың арасынан 249 адамды парламент мүшелігіне сайлайды. Үкіметке қарсы "Талибан" қозғалысы мен "Ислам мемлекеті" экстремистік тобының осы аймақта соғысып жүрген өкілдері тұрғындарды сайлауға бойкот жариялауға шақырған.

Сайлау учаскесінің алдында тұрған сайлаушылар мен қауіпсіздік қызметкері. Кундуз уәлаяты, Ауғанстан, 20 қазан 2018 жыл.
Сайлау учаскесінің алдында тұрған сайлаушылар мен қауіпсіздік қызметкері. Кундуз уәлаяты, Ауғанстан, 20 қазан 2018 жыл.

Тәуелсіз сайлау комиссиясының хабарлауынша, кей сайлау учаскелерінде техникалық және ұйымдастыру проблемаларына байланысты қазанның 20-сы күні сайлаушылардың дауыс бере алмауына байланысты дауыс беру тағы бір күнге созылады. ал сайлаудың алдын ала қорытындысы келесі айда белгілі болмақ.


САЙЛАУ УЧАСКЕСІНДЕГІ КЕЗЕК ПЕН АҚАУЛАР

Ауғанстандағы биылғы сайлауға дауыс беруге тоғыз миллионға дейін сайлаушы тіркелген. Сарапшылар бұл сайлау биліктің ел аумағында қауіпсіздікке кепіл бола аларына сын болатынын айтады. Ауғанстан ішкі істер министрлігі сайлаушылар мен сайлау учаскелерін күзетуге қауіпсіздік қызметінен қосымша 20 мың адам шығаратынын жариялады. Сайлау күні тәртіпті қадағалауға бөлінген жалпы адам саны 70 мыңға жетті.

Хост уәлаятында сайлау учаскесіне дауыс беруге келген адамдар. Ауғанстан, 20 қазан 2018 жыл.
Хост уәлаятында сайлау учаскесіне дауыс беруге келген адамдар. Ауғанстан, 20 қазан 2018 жыл.

Кей аймақтарда сайлаушылар дауыс беруге қатыса алмағандықтан сайлау тағы бір күнге ұзартылды. Жергілікті тұрғындар сайлау учаскелерінің уақытында ашылмағаны, оларға қызмет көрсететін ешкімнің және қажетті құжаттардың болмағаны, биометрикалық мәліметтерді оқуға арналған гаджеттердің техникалық ақау салдарынан жұмыс істемей қалғаны туралы шағымдар айтқан.

Елдің батысындағы Герат уәлаятының тұрғыны Азаттықтың Ауған қызметіне "үш мыңнан астам ер және екі мыңға жуық әйелдің көшеде сайлау уческесінің қасында не істерлерін білмей тұрғанын, сайлау комиссиясының өкілдері сайлаушылар тізімі әлі келмегенін айтқанын" хабарлаған.

Парламент сайлауына дауыс беріп жатқан қарт сайлаушы. Жаузжан уәлаяты, Ауғанстан, 20 қазан 2018 жыл.
Парламент сайлауына дауыс беріп жатқан қарт сайлаушы. Жаузжан уәлаяты, Ауғанстан, 20 қазан 2018 жыл.

Атқарушы үкімет басшысы Абдулла Абдулланың орынбасары Мохаммад Мохакик төрт сағат кезекте тұрғанын айтқан. Оның сөзінше, мұндай жағдайда сайлау учаскесінде сарылып күткісі келмеген сайлаушылар дауыс бермей кетіп қалулары мүмкін.

Тәуелсіз сайлау комиссиясының басшысы Абдул Бади Саяд сайлау қызметкерлері мен құжаттар кешігіп жеткен сайлау учаскелерінде дауыс беру қазанның 21-і күні жалғасатыны туралы хабарлаған.

САЙЛАУ КҮНІ ЖАСАЛҒАН ШАБУЫЛДАР

Қазанның 20-сы күні ел астанасы Кабул қаласындағы сайлау учаскелері орналасқан ауданда бірнеше жарылыс болды. Кемінде үш адам қаза тауып, 30-дан астамы жараланды. Бұл күні басқа аймақтарда да шабуылдар жасалғаны туралы хабарлар түсті.

Кабул полициясы өкілінің Азаттыққа хабарлауынша, астанадағы сайлау учаскесі қасына қойылған қолдан жасалған жарылғыш затты залалсыздандырмақ болған полицияның екі қызметкері мен екі қарапайым тұрғын зардап шеккен. Кабул полициясының тағы бір қызметкері арнайы қызмет өкілінің автокөлігіне мина қойылғаны туралы хабарлаған. Көлікте болған жарылыстан ешкім зардап шекпеген.

Сайлау учаскесіне дауыс беру үшін келген әйелдер. Кабул, Ауғанстан, 20 қазан 2018 жыл.
Сайлау учаскесіне дауыс беру үшін келген әйелдер. Кабул, Ауғанстан, 20 қазан 2018 жыл.

Жергілікті биліктің хабарлауынша, Фара уәлаятында тұрғын үйлер орналасқан ауданға снаряд түсіп, екі адам жараланған. Елдің шығысындағы Кунар уәлаятында белгісіз біреулер сайлау учаскесіне оқ атып, салдарынан екі адамды жаралаған. Ауғанстан ішкі істер министрлігінің өкілі Насрат Рахими Кабул мен тағы бірнеше аймақта бірнеше қауіптің "жойылғаны" туралы айтқан.

Үкіметке қарсы "Талибан" қозғалысының өкілдері қазанның 20-сы күні тағы да сес көрсетіп, тұрғындарды "жалған әрі ойын шараға" қатыспай, "өз бастары аман қалуын" ойлауға шақырған.

ҮШ ЖЫЛ ДАЙЫНДЫҚ

Ауғанстанда әу баста 2015 жылға жоспарланған бұл саяси шара сайлау реформасына байланысты айтыс-тартыс пен 2014 жылдың соңында НАТО күштері елдегі қауіпсіздік үшін жауапкершілікті ауған күштеріне өткізіп бергеннен кейінгі тұрақсыз жағдайға байланысты кейінге шегеріліп келген болатын.

Сайлау қарсаңында Кандагар уәлаятында арнайы қызметтің ықпалды жетекшісі шабуылдан қаза тапты. Бұл оқиға 34 аймағының 20-сында содырлар қарсылық танытып жатқан елде сайлаудың қауіпсіз өтетінін қамтамасыз етуге үкіметтің қауқары жететіндігіне күмән туғызды. Үш адамның өмірін қиған шабуылдан кейін Кандагар уәлаятында парламент сайлауын бір аптаға кешігіп өткізу туралы шешім қабылданды. Шабуылдан қатты жараланған аймақ басшысының жағдайы өте ауыр деп хабарланды.

Ауғанстандық сайлаушы, Кабул, 20 қазан 2018 жыл.
Ауғанстандық сайлаушы, Кабул, 20 қазан 2018 жыл.

"Талибан" қозғалысы мен "Ислам мемлекеті" экстремистік тобының содырлары сайлауға түскен кандидаттарды, сайлауалды жиындар мен арнайы қызметтер басшыларын нысанаға алып, шабуылдар ұйымдастырды: жанкештілер мен мотоцикльдерді жарды, жиналған жұртқа өтіп бара жатқан көліктен оқ атты.

Соңғы үш аптаның ішінде парламент сайлауына түскен екі кандидат пен 34 бейбіт тұрғын мерт болған. Сегіз кандидатты содырлар саяси науқан басталар алдында өлтірген. Екі кандидатта ұрлап әкеткен, олардың тағдыры әлі күнге белгісіз. Елде "Талибан" бақылайтын 10 ауданда сайлау мүлде өткен жоқ.

Парламент сайлауына дауыс беріп жатқан әйел. Бамиян уәлаяты, Ауғанстан, 20 қазан 2018 жыл.
Парламент сайлауына дауыс беріп жатқан әйел. Бамиян уәлаяты, Ауғанстан, 20 қазан 2018 жыл.

Газни уәлаятында түрлі этникалық топтардың өкілдерін сайлау учаскелері бойынша бірдей бөлуге қатысты туындаған келіспеушілік кесірінен бұл аймақта дауыс беру белгісіз мерзімге кейінге қалған.

Ауғанстан сайлаушылары биылғы сайлауға түскен екі жарым мыңға жуық кандидаттың ішінен 249 адамды парламент мүшелігіне сайлайды. Кандидаттардың арасында 47 әйел бар. Жүздеген азамат – жас кәсіпкерлер, журналистер мен ұстаздар алғаш рет белсенді саяси күреске қосылып, сайлауға түсті. Әйткенмен, бақылаушылардың пікірінше, ешбір оппозициялық партия парламентте елдің қазіргі президенті Ашраф Ғани мен атқарушы биліктің жетекшісі Абдулла Абдулланың ұлттық келісім үкіметіне бәсекелес болуға қажетті орынға қол жеткізе алмайды. Сайлауға түскен кандидаттардың көбі ешбір саяси партия не бірлестікке мүше емес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG