11 қазанда өтетін президент сайлауы қарсаңында Тәжікстан басшысы Эмомали Рахмонның ел аймақтарына сапарлауы жиіледі. Ол пандемия кезіндегі сапарының бірінде жергілікті тұрғындардың үйіне аялдап, дастарханнан дәм татуы жұрт назарын аудартқан. Оның тіпті қазан-ошақ басында консерві жабуға араласқан кезіндегі суреті де тарады. Орталық Азияда билікте ұзақ отырған президенттің бірі Рахмонның жекелеген тұрғындардың үйіне қонақ болуы – сирек оқиға.
РАХМОНҒА АРНАЛҒАН ӨЛЕҢ ҺӘМ ЖҰМСАҚ КРЕСЛО
Президент Эмомали Рахмон 22 шілде күні Гиссар және Рудаки аудандарын аралаған жұмыс сапарында екі диқанның (оның бірі – дәрігер) үйіне аялдайды. Бұл туралы мемлекеттік телеарна хабарлап, президенттің баспасөз қызметі видео таратқан. Президент Гиссар қаласында 14 сотық жерден екі-үш мәрте өнім алады деп хабарланған, мамандығы дәрігер Талабшо Давлатовтың үйінде болып, отбасының бау-бақша өнімдерінен жасаған консерв қоймасын аралап көреді. Эмомали Рахмон сол үйдің дастарханынан дәм татып, бала-шағасын да сөзге тартады. Кадр сыртында ақ халатты әйел адамдар да байқалып қалғанымен, видеода олар туралы мәлімет жоқ.
Дастархан басында мектеп оқушысы президентке арнап өлең оқиды. Өлеңде тәжік президенті "ұлт әкесі" ретінде дәріптеліп, "мейірбан", "қаһарман" және "тәжіктердің мақтанышы" деп сипатталады. Бұдан кейін үй иесі президентке атасынан келе жатқан көне өлең жинағын тарту етсе, соңынан Рахмон да Давлатовтар жанұясына тұрмыстық техника, өзге авторлармен қатар өзінің де кітаптарын сыйлаған.
Осы сапардағы тағы бір видеода Эмомали Рахмон Рудаки ауданында Фалакон ауылындағы диқан Мұхаммадамин Усмоновтың үйіне аялдайды. Рудаки ауданындағы үй ауласындағы кездесуде Рахмон жұмсақ креслода отыр және оған арналған дастарханда жеміс-жидек пен нан өнімдері үйіліп, молынан қойылған. Рахмонның Усмоновтар дастарханындағы дәмнен ауыз тиіп, шай, әлде сусын ішіп отырғаны байқалады.
Екі видеода да президентті қонақ қылып күткен отбасы мүшелерінің барлығы қолын кеудесінен түсірмей, мейманға құрмет көрсеткен күйде түсірілген. Тәжікстан президенті оларға алдағы қыстың қатты болатынын айтып, азық-түлік қорын молынан жинау жайлы кеңес беріп отыр. Ол дастархан басындағы әйелдерді де сөзге тартып, көбіне ұлттық тағамдар және нан рецептері туралы айтады.
ДИҚАННЫҢ ҚОНАҒЫ ТІЛШІНІ АККРЕДИТАЦИЯДАН АЖЫРАТТЫ
Осы видеоны пайдаланып, "Настоящее время" телеарнасы да видеосюжет әзірлеген еді. Бірақ "Тәжікстан президенті ел ішіне қонаққа қалай барды?" деген тақырыппен жарияланған видеодан кейін Тәжікстан сыртқы істер министрлігі оның авторы Ануширван Ариповтың аккредитациясын ұзартудан бас тартты.
"Настоящее время" телеарнасының президент Рахмон жайлы видеосы (орысша):
Журналистің сыртқы істер министрлігіне тіркелген мерзімі 1 тамызда аяқталған. Азаттықтың Тәжік қызметіне берген ресми хабарламасында Тәжікстан сыртқы істер министрлігі сайлау науқанымен байланыстырылған бұл видеосюжетті біржақты деп бағалайтынын білдірген.
Тәжікстан сыртқы істер министрлігінің президентті немесе оның отбасын сынайтын материалдардан кейін Азаттық радиосы Тәжік қызметі журналистерін тіркеуден бас тартуы немесе аккредитациясын тоқтатып тастауы бір бұл емес. Министрлік қазір Азаттықтың бірнеше қызметкерін аккредитациядан өткізбей отыр.
Ал Рахмонның ел ішін аралап, диқандардың бау-бақшасына барып, жеміс-жидек теріп жүрген басқа да видеосы әлі тарап жатыр. Сондай видеолардың бірінде президенттің ұлы – Душанбе мэрі һәм парламенттің жоғары палатасының төрағасы Рустам Рахмонмен бірге егіс алқабында жүргені түсірілген.
Тәжікстандық сарапшы Музаффар Олимов президент Рахмонның биылғы елді аралап, қарапайым адамдарға қонақ болуын күзде болатын президент сайлауымен байланыстырады. Оның үстіне, пандемия жағдайында елдегі ахуалдың қалыпты екенін көрсету үшін де Рахмон диқандарға аялдауы мүмкін.
– Әдетте жергілікті басшылар президентке өз аймағындағы жағдайды жағымды етіп көрсетуге тырысады. Жергілікті биліктің президентті кездейсоқ адамдардың үйіне апармайтыны да белгілі. Сондықтан президенттің таңдаулы диқандарға қонақ болуы нақты ахуалды көрсете алмайды. Шынтуайтына келгенде, індет кезінде елде жұмыссыздық пен оған ілесе келген басқа да мүшкіл мәселе өте көп. Жұмсарта айтқанда, күнкөрістің өзі қиындап кетті, – дейді Олимов Азаттыққа.
Күзде өтетін президент сайлауына Эмомали Рахмонның өзі түсе ме, әлде ұлы Рустам кандидат бола ма – бұл туралы айту әзірге ерте. Биыл наурыздағы парламент сайлауында бала Рахмон депутат болып сайланғаннан кейін де оның жоғары палата төрағасы болу-болмауы жайлы көп сөз болған.
Эмомали Рахмон 1992 жылдан бастап жоғары билікте отыр, 1994 жылдан бері президент. 2015 жылы ол өзіне арнап "бейбітшілік пен ұлттық бірліктің негізін қалаушы – ұлт көшбасшысы" мәртебесін бекіттіріп алған.
Тәжікстанда президент сайлауының қашан өтетіні белгілі болды. 6 тамызда өткен Тәжікстан парламенті палаталарының біріккен жиынында президент сайлауы 11 қазанға белгіленді. Бұған дейін президент сайлауы 2013 жылы өткен. Тәжікстан тәуелсіздік алғалы ЕҚЫҰ осы елде өткен бірде-бір сайлауды еркін, демократиялық және халықаралық стандарттарға сәйкес деп мойындамаған.
МИРЗИЯЕВ ЖАҢА ПӘТЕР ИЕЛЕРІНІҢ МЕЙМАНЫ
Қазір Орталық Азияда ел ішіне жиі сапарлайтын және қарапайым адамдарға жиі қонақ болатын президент – Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзияев. Ол коронавирус пандемиясына қарамастан елді аралап жүр. Мирзияевтің де сондай сапар кезінде жұртпен кездесуі, жергілікті тұрғындардың дастарханынан дәм татуы туралы хабарланып, видеосы тарап жатады. Мирзияев аялдаған үйлерде президентке арнайы жұмсақ кресло қойылмайды, ол дәм татқан дастархандар да қайысып тұрмайтыны байқалады. Жаңалықтарда президенттің кімнің отбасына аялдап, дәм татқаны ғана айтылады. Әдетте Өзбекстан президенті жаңадан пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жаңа тұрғындарына аялдайды.
Мирзияев президенттікке келгелі қолға алған жобалардың бірі ескі махаллалардың орнына заманауи типтегі тұрғын үй ауданын жаңадан тұрғызу болатын. Өзбекстан президентінің бастамасымен ел астанасында салынып жатқан "Ташкент-Сити" жобасының құны 1,3 миллиард АҚШ долларын шамалайды. Сондықтан да Мирзияев Ташкент ішіндегі болсын, аймақтарға сапарында болсын, көбіне жаңа көпқабатты үйлерден пәтер алған жанұяларға қонақ болып тұрады. Кейде ауылдарда ол диқандар отбасына да мейман бола салады.
Өзбекстандағы жаңа тұрғын үйлер салу жобасы да 2017-2021 жылдар аралығын қамтиды. Сондықтан президент Мирзияевтің жекелеген дастарханнан дәм татуы алда да жалғаса беруі мүмкін.
Өзін жаңа Өзбекстанның архитекторы ретінде көрсетуге тырысатын Мирзияев соңғы рет биыл мамыр айында Ташкенттегі Сіргелі ауданын аралаған кезінде, бұрын ұзақ уақыт пәтер жалдады деген Жорабаевтардың отбасынан дәм татқан.
ҮЙДЕН ШЫҚПАЙТЫН ПРЕЗИДЕНТ
Қазақстанның қазіргі басшысы, президент болып сайланғанына бір жылдан асқан Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапарларында әзірге мұндай оқиға кездеспейді. Көбіне қабылдау өткізетін Тоқаев – онсыз да ел ішіне аз сапарлайтын басшы.
Тоқаев елде карантин режимі басталғаннан бері де астанадағы бірнеше нысанды аралап, Ақмола облысындағы егіс науқанымен танысып, Мәскеуге бір барып, Алматыға сапарлады. Қалған уақытта ол министрлерді және әртүрлі дәрежедегі басшыларды қабылдап, өзге елдер басшыларымен телефон арқылы сөйлесіп, жиындарды онлайн режимде өткізіп келеді.
Қырғызстанның қазіргі президенті Сооронбай Жээнбеков өзінен бұрынғы президенттер сияқты әдетте Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерінің үйіне қонаққа барады. Түркіменстан басшысы Гурбангулы Бердімұхаммедовтің де ел ішіндегі сапарларында сирек те болса жергілікті тұрғындар үйіне аялдағаны туралы хабарланған.
"КЕМШІЛІКТІ БҮРКЕМЕЛЕУГЕ" АРНАЛҒАН САЯСИ ТЕХНОЛОГИЯ
Өзбекстан мәселесі бойынша тәуелсіз сарапшы Камолиддин Раббимов Орталық Азия президенттерінің ішкі сапар кезінде жекелеген адамдарға қонақ болуын олардың имиджін оңдау жолындағы саяси технология деп бағалайды.
– Өзбекстан қоғамында коррупциямен толыққанды күрес жүргізуге сұраныс болғанымен, іс барысында ондай күрес жоқ. Каримов кезіндегі кадрлардың көбі әлі билікте отыр. Қоғам Мирзияевтен жаңа кадр саясатын күткенімен, ақталмады. Сондай жағдайда Мирзияевтің баспанаға мұқтаж адамдарға бюджеттен пәтер бөлуі биліктің рейтингін өсіреді. Бұл екінші жақтан коррупциямен күрестегі кемшілікті бүркемелеп қалады. Қоғамдық сананың да деңгейі әртүрлі. Сондықтан кейбір адамдар үшін президент кейбір нәрсені дұрыс істегендей көрінуі мүмкін, – дейді Раббимов Азаттыққа.
Сарапшының пайымдауынша, салыстырмалы түрде жоғары билікке жаңадан келген Өзбекстан президентінің мызғымас қоры әлі жеткілікті.
– Бірақ Қазақстан мен Тәжікстанда қоғам билік трансформациясын күтіп отыр. Сондықтан да бұл елдерде де билік осындай қонаққа бару сынды жұмсақ күш арқылы өзінің легитимдік динамикасын сақтап қалғысы келеді, – дейді ол.
Сарапшының сөзінше, президенттердің бұл әрекетін әлеуметтік желіде сынаушылар да баршылық.
– Алайда сын қаншалықты салмақты, қаншалықты негізделген, қаншалықты динамикаға ие – көп нәрсенің өзгеру-өзгермеуі осыған байланысты шешіледі. Сын биліктің легитимдігін анықтайды, – дейді Камолиддин Раббимов Азаттыққа.
Мақаладағы пікір Азаттық радиосының көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін.
ПІКІРЛЕР