Accessibility links

Ташкентте жалғасатын "Кабул процесі"


Ауғанстандағы бейбітішілік пен қауіпсіздік мәселесі бойынша "Кабул процесінің" екінші жиыны. Кабул, 28 ақпан 2018 жыл
Ауғанстандағы бейбітішілік пен қауіпсіздік мәселесі бойынша "Кабул процесінің" екінші жиыны. Кабул, 28 ақпан 2018 жыл

Ауғанстандағы бітім мәселесі бойынша өткен "Кабул процесі" аясындағы екінші жиында "Талибан" қозғалысын саяси партия ретінде мойындау мәселесі көтерілді. Наурыздың соңына қарай Ташкентте Ауғанстандағы бітім жайлы халықаралық конференция өтпек.

Ақпанның 28-інде Ауғанстан астанасында "Кабул процесінің" екінші конференциясы өтті. Оған 25 ел мен халықаралық ұйымдардың делегациясы қатысып, жиын соңында "Кабул декларациясына" қол қойды.

"ТАЛИБАН" – САЯСИ ПАРТИЯ?

Жиында Ауғанстан президенті Мұхаммад Ашраф Ғани ұлттық бірлік жолындағы ұсыныстарын жариялады. Ресми Кабул егер тәліптер қарулы әрекеттерін тоқтататын болса, оны қандай да бір қосымша шартсыз саяси партия ретінде мойындайтындығын мәлімдеді. Президент Ғани "Талибан" бітімге келсе, тұтқындағы тәліптерді босатып, оларға паспорт беріп және бұрын осы қозғалысқа қарсы жарияланған санкцияларды тоқтатуға болатынын айтты. Ол "Талибанмен" келісім жасалса, ел конституциясын қайта қарауға дайын екенін де мәлімдеді. Ауғанстан президентінің ұсынысына Америка, Ұлыбритания, Пәкістан және БҰҰ қолдау білдірді.

Бұл ұсыныстар Ауғанстандағы көп жылдан бері татулық пен бітімге ұмтылыстың нәтиже бермеген жағдайында айтылып отыр. Оның үстіне "Талибан" араласқан қарулы қақтығыстардың да жиілеп кеткені тағы бар. Тәліптер қазір Ауғанстанның жартысына жуық аймақты бақылауында ұстап отыр.

Ауғанстан президенті Ашраф Ғани (ортада), оның зайыбы Рула Ғани (сол жақта) және Индонезия вице-президенті Мұхаммад Жусуф Калла бейбітшілік пен қауіпсіздік мәселелері жөніндегі жиында. Кабул, 28 ақпан 2018 жыл
Ауғанстан президенті Ашраф Ғани (ортада), оның зайыбы Рула Ғани (сол жақта) және Индонезия вице-президенті Мұхаммад Жусуф Калла бейбітшілік пен қауіпсіздік мәселелері жөніндегі жиында. Кабул, 28 ақпан 2018 жыл

Аталған "Кабул процесі" конференциясына шақырылған "Талибан" өкілдері президент Ғанидің ұсынысына нақты жауап берген жоқ. Бірақ олардың бірі баспасөз өкілдеріне ұйымның жоғарғы басшылығы Кабулдың ұсынысын талқылап жатқанын айтты. Алайда "Талибанға " қарасты сайттардың бірінде жарияланған мәлімдемеде президент Ашраф Ғанидың сөзінде жаңалықтар бар екендігі, бірақ "елде шетелдік әскер тұрғанда келіссөзден пайда болмайтыны" айтылады.

ЖАҚСЫЛЫҚ НЫШАНЫ ЖӘНЕ ЕСКІ ТАЛАП

Ал Ауғанстан бітімі жоғарғы кеңесі "Талибанның" жаңа ұсынысты кері қағып, жоққа шығармағанын жақсылыққа балап отыр. Аталған кеңес төрағасының орынбасары Хабиба Сәраби Азаттықтың Ауған қызметіне берген сұхбатында тәліптердің бітім мәселесін жоққа шығармауының өзін "алаңдаушылық тудырмайды" деген. Ел президенті Мұхаммад Ашраф Ғани "Кабул процесі" жиынынан кейін де орталық биліктің тәліптермен келіссөзді үйлестіретіндігін айтқан.

Алайда тәліптердің негізгі талабы әзір өзгере қоймағаны байқалады. Олар ресми Кабулдан елден шетелдік әскерді шығаруды талап етеді. Мұның алдында да "Талибан" бірнеше мәрте Кабулдағы орталық үкіметті қауқарсыз деп танитындығынын айтып, Америкамен тікелей келіссөз өткізуге мүдделілік танытқан.

Өткен жылы Америка да Ауғанстан бойынша жаңа стратегиясын жариялаған. АҚШ жаңа стратегия бойынша ауған жеріне қосымша әскери күш аттандыратындығын және сол әскерді терроризммен күрес үшін шектеусіз мерзімге қалдыратындығын, ал бітім мәселесін Ауғанстанның ішкі мәселесі деп қарастыратынын білдірген. Осындай жағдайда тәліптердің негізі талабы орындалмайтыны анық.

ТӘЛІПТЕР ТҰҢҒЫШ ЕМЕС

Ауғанстан билігінің өз оппозициясын мәмілеге шақырып, сол келіссөздер нәтижесінде елге оралған қарулы оппозиция өкілдері бұрын да болған. Бір кезде қуғындалып, Ауғанстанға көрші елдерді паналап кеткен оппозиция жетекшілерінің бірі, "Ислам партиясының" (Хезб-е ислами) жетекшісі, елде "Кабул жендеті" аталып кеткен Гүлбеддин Хекматияр шамамен 20 жылдан кейін ресми билікпен бейбіт бітімге қол қойып, былтыр Кабулға оралған.

Оқи отырыңыз: Хекматиярдың Кабулға оралуы

Кезінде ол да өзінің билікпен бітімге келу шарттарының бірі ретінде елдегі шетелдік әскердің шығарылуы керектігін айтатын. Алайда іс барысында басқаша жағдай орын алып, Хекматияр "соғыстан қалжыраған елдің жағдайын ойлап" бітімге келген. Гүлбеддин Хекматиярды бұрынғы президент Хамид Карзай кезінде де елге шақырғандар болған.

Гүлбеддин Хекматияр жиында сөйлеп тұр. Ауғанстан, 10 желтоқсан 2017 жыл
Гүлбеддин Хекматияр жиында сөйлеп тұр. Ауғанстан, 10 желтоқсан 2017 жыл

Бұрынғы президент Карзай да, қазіргі президент Ғани және елге оралған Хекматияр да пуштун. "Талибан" қозғалысы да әуел бастан пуштундар ортасында дүниеге келіп, қалыптасқаны белгілі. Мәселені осы жағынан қарастырғанда тәліптер де Ғани үндеуін далаға тастамайтындай көрінеді. Алайда "Талибанның" өз ішінде бір-біріне қарсы топтар бар екенін ескергенде, тәліптердің бірауыздан Кабул ұсынысын қабылдай салуы екіталай. Қабылдай қалған күннің өзінде "Талибанмен" келіссөз бүгін-ертеңмен шешілмей, ұзаққа созылуы мүмкін.

Тағы бір қырынан қарағанда, Кабул тәліптерді, анығын айтқанда олардың белгілі бір топтарын ғана мойындау арқылы "Талибанның" өз ортасына түскен жіктің ұлғая түсуіне себеп болуы ықтимал.

КАБУЛДАН КЕЙІН - ТАШКЕНТ

28 ақпанда Ауғанстан астанасында өткен "Кабул процесі" жиынына Орталық Азия елдері өкілдері де қатысып, президент Ғани саясатын қолдайтындығын білдірді. Аймақ елдері үшін назар аудартатын тағы бір мәселе – Ауғанстандағы бітім бойынша кезекті халықаралық жиын осы айдың соңында Ташкентте өткізілмекші.

"Талибан" қозғалысы жасағының мүшелері. Герат уәлаяты, Ауғанстан, 27 мамыр 2016 жыл
"Талибан" қозғалысы жасағының мүшелері. Герат уәлаяты, Ауғанстан, 27 мамыр 2016 жыл

БАҚ-та 26-27 наурызда Өзбекстанда өтетін халықаралық конференцияға қатысты АҚШ президенті Дональд Трамптың Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзияевке арнаған жолдауы да жарияланды. Онда АҚШ басшысы Өзбекстан президентінің Ауғанстандағы бейбіт бітім мәселесін аймақтық тұрғыдан қарастыру бастамасын қолдаған. Жолдауда Ташкент конференциясын "Кабул процесімен" үйлестіру үшін мұқият жұмыс жасалуы керектігі айтылған.

Еске сала кетсек, "Кабул процесі" 2010 жылы басталды. Осы үрдіс елдегі жағдай үшін жауапкершілікті, жалпы билікті біртіндеп Ауғанстан үкіметіне өткізіп беруді көздейді. "Кабул процесінің" алғашқы конференциясы 2017 жылы Ауғанстан астанасында өткізілді. Ал қарулы оппозиция "Талибан" қозғалысы мен ресми билік арасындағы келіссөз 2015 жылы бір басталып, артынша тоқтап қалған.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

XS
SM
MD
LG