Accessibility links

Қырғызстан мен Қазақстандағы президент сайлауының айырмашылығы


Бішкектегі айлау учаскесіндегі дауыс беруге қатысушылар. Қырғызстан, 11 желтоқсан 2016 жыл. (Көрнекі сурет.)
Бішкектегі айлау учаскесіндегі дауыс беруге қатысушылар. Қырғызстан, 11 желтоқсан 2016 жыл. (Көрнекі сурет.)

Тамыздың 1-інде Қырғызстан президенттігіне кандидаттар ұсыну аяқталды. Осы кезге дейін президент сайлауына түсуге өтініш берген адам саны 50-ден асқан. Олар президенттікке шынайы кандидаттар ма, ал көрші елдерде "демократияның бұлайша салтанат құруы" неліктен екіталай?

Қырғызстан президенті қызметіне өз кандидатурасын ұсынғандар арасында қарымды саяси тұлғалармен қатар зейнеткер бизнесмендер, жұмыссыздар және тіпті қазір түрмеде отырған оппозициялық саясаткер Өмүрбек Текебаев тәрізді адамдар бар. Қырғызстанда президент қызметіне ықтимал үміткерлердің бірінің соты дәл осы күндері өтіп жатыр. Текебаевқа "коррупция" бабы бойынша айып тағылған.

Халықаралық сарапшылардың көбінің пікірі Қырғызстан Орталық Азиядағы "демократия аралы" дегенге саяды. Көрші елдерден ерекшелігі сол, қырғыздар егемендік алғаннан кейінгі жылдары "халық билігін" ғана сақтап қалмай, сайлау қағаз жүзінде емес, шын мәнінде өтетін демократиялық елдер картасынан орын алды. Қазір сарапшылар бұған әсер еткен негізгі факторлардың бірі – бұған дейін Конституцияға сәйкес, өкілеттік мерзімі аяқталғаннан кейін қызметінен кететінін жариялаған қазіргі президент Алмазбек Атамбаевтың әрекеттері деп біледі. Қырғызстанның негізгі заңында "Президент алты жылдық бір мерзімге сайланады" деп жазылған.

"ҚЫРҒЫЗСТАН – ДЕМОКРАТИЯ АРАЛЫ"

Ұлыбританиядағы Эксетер университетінің саясаттану докторы, постсоветтік елдер жөніндегі сарапшы Дэвид Льюис бұрын "Орталық Азиядағы бір де бір ел мұндай тартысты сайлау өткізіп көрген жоқ" дейді.

- Алдағы сайлаудың нәтижесін болжау қиын. Қырғызстандағы сайлаулар әрдайым қилы топтар арасындағы тартыспен ерекшеленетін. Экономикалық топтарға тәуелді түрлі әлеуметтік және саяси бірлестіктер елдің әр аймағында бар. Сайлауда жеңгендер саяси ықпалға ғана ие болмай, ел экономикасын да уысында ұстай алатынын жұрттың бәрі біледі. Сондықтан президенттікке кандидатураларын неліктен мұнша саяси тұлға ұсынып жатқаны түсінікті, - деп Дэвид Льюис.

Доктор Льюистің топшылауынша, билік басынан "сенімді" адамын көргісі келетін үшінші елдер тарапынан да "өз кандидаттарын тықпалау" әрекеттері болуы мүмкін. Мысалы, "Ресей мүддесіне" қатысты комментариінде ол мұндай "интригалардың" сәтті болуы екіталай дейді.

Қырғызстан парламенті сайлауына дауыс беріп тұрғын әйел. (Көрнекі сурет.)
Қырғызстан парламенті сайлауына дауыс беріп тұрғын әйел. (Көрнекі сурет.)

- Әрине, Ресей билігі бейілді адамның президент болғанын қалайды. Меніңше, мұндай сипаттаманы қазір сайлауға түсіп жатқан кандидаттардың көбіне беруге болады. Сондықтан сайлаудан кейін Қырғызстанның сыртқы саясатында көп өзгеріс бола қояды деп күтпес едім. Бірақ, меніңше, алдыңғы сайлаулармен салыстырғанда, бұл жолы [Ресейдің] рөлі болмашы болатын тәрізді. Қандай саясат ұстану тиімді екенін халық түсінетін секілді, - деп тұжырады саясаттану саласындағы халықаралық сарапшы Дэвид Льюис.

"Ұсынылғандар" саны тым көп екеніне қатысты ойларын айтқан журналистер мен сарапшылардың пайымдауынша, кей кандидаттар әшейін "көзге түсіп қалғысы" келеді.

- Шынымды айтсам, бұған таңданбаймын. Тарихқа көз жүгіртсек, Қырғызстандағы саяси партиялар бір-бірімен ешқашан тату болған емес. Бұған қоса, олар әлдебір ортақ идея негізінде емес, әлдебір тұлғаның төңірегінде топтасқан. Әрине, бұған партия ішіндегі бақай есеп те әсер етті. Саясаткерлер өз кандидатурасын жеңу үшін емес, саяси ұпай жинау үшін ұсынуы да мүмкін ғой. Сондықтан бұл жерде талай ойынды байқауға болады, - дейді Дэвид Льюис.

Қырғызстанның сайлау және референдум өткізу жөніндегі орталық комиссиясының дерегінше, президенттік сайлауға түсуге жиыны 59 адамнан өтініш түскен.

Қазақстан президенттігіне кандидат Тұрғын Сыздықов (оң жақта) және Қазақстан коммунистік халықтық партиясынан парламент мәжілісінің депутаты Владислав Косарев. Астана, 26 наурыз 2015 жыл.
Қазақстан президенттігіне кандидат Тұрғын Сыздықов (оң жақта) және Қазақстан коммунистік халықтық партиясынан парламент мәжілісінің депутаты Владислав Косарев. Астана, 26 наурыз 2015 жыл.

Азаттық Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты, Қазақстан коммунистік халықтық партиясы жетекшісі Владислав Косаревтен Қырғызстанда өтетін президент сайлауына қатысты комментарий сұраған еді. Депутат көрші елде бірнеше революциядан кейін өз-өзін ұсынған кандидаттардың жеңіске жету мүмкіндігі болмашы деп санайды. Саясаткердің пікірінше, Қырғызстанда сайлаушылар "партиялардың саяси амбицияларынан жоғары қоятын саяси көзқарастарын бағалауды" үйренген.

- Қалай болғанда да, [Қырғызстанда] парламентке жекелей өткісі келетіндерді емес, саяси партиялардың өз адамдарын өткізетін өз электораты бар, - дейді Косарев.

ӨЗ-ӨЗІҢДІ ҰСЫНА АЛМАЙСЫҢ

Ал Қазақстанда президенттікке кандидаттарға қойылатын талаптар биылдан бастап күшейтілді. Мысалы, үміткер "мемлекеттік немесе сайланбалы қызметте кемі бес жыл жұмыс істеген тәжірибесі бар, президент міндеттерін атқаруға кедергі болатын сырқаттары жоқтығын растай алатындай" болуы тиіс. Енді президенттікке өз-өзін ұсынуға да тыйым салынған. Бұдан былай саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар ғана өз кандидаттарын ұсына алады.

Қазақстанның әділет министрі Марат Бекетаев.
Қазақстанның әділет министрі Марат Бекетаев.

Мамырдың соңында әлгі заң жобасын әзірлеген әділет министрлігінің басшысы Марат Бекетаев "өзге елдердің тәжірибесі ескерілді" деп мәлімдеген болатын. Ол Дарт Вейдердің "Жұлдызды соғыс" фильміндегі кейіпкердің сырт келбетіне ұқсайтын қиялдан туған кейіпкер президенттікке үміткер болған Украинаны мысалға келтірген.

- Жұрт сайлау кезінде әлгі норманы өзін ұсыну үшін пайдаланған оқиғалар көп… Бірақ мұның шынайы ұмтылыс емес екенін жұрттың бәрі түсінетін. Бұл өзін-өзі жарнамалау немесе өзге әлдебір мақсаттарда жасалатын, - дейді Марат Бекетаев.

- Үйленген кезде өзіңді ұсыну орынды. Ал ел басқарғысы келген адам әлдебір саяси партияның өкілі болуы тиіс, - дейді депутат Косарев.

Депутаттың пікірінше, "егер адам аяқ астынан президент болғысы келсе, мұнысы адамгершілікке жатпайтын қылық әрі президент қызметін құрметтемеу".

Саясаткер Уәлихан Қайсаров (оң жақта) президент сайлауына түсетіні туралы мәлімдеме жасап отыр. Астана, 2 сәуір 2015 жыл.
Саясаткер Уәлихан Қайсаров (оң жақта) президент сайлауына түсетіні туралы мәлімдеме жасап отыр. Астана, 2 сәуір 2015 жыл.

Кей саясаткерлер депутат Косаревтің пікірін құптамайды. Мысалы, Уәлихан Қайсаров бұған дейін өткен президент сайлауларында өз кандидатурасын бірнеше мәрте ұсынған, бірақ сайлау комиссиясы оны "талапқа сай емес" деп тапқан.

- Президенттікке кандидат тәуелсіз адам болуы тиіс. Ал партиядан ұсынылса, ол партияның айтқанын орындайтын болады. Қоғамдық бірлестік те солай. Бірақ онда тіпті зор қауіп бар. Әлдебір экстремистік, террористік немесе діни ұйымдар билікке келуге тырысуы мүмкін. Мұндай жағдайда олардың қолына осындай "көзір" карталар түсіп кетуі мүмкін, - дейді Уәлихан Қайсаров.

"ҚОРЫҚҚАНҒА ҚОС КӨРІНЕР"

Саясаткер Әміржан Қосанов заң шығарушылардың әрекетін "қазіргі биліктің қорқынышы" деп атайды. Жалпыұлттық социал-демокартиялық партия төрағасының бұрынғы орынбасары "өзін өзі ұсынуға" қатысты әлгі шектеуді ел басшылығының "әділ" сайлау өткізуден жүрексінуіне балайды. Саясаткер қазіргі билік жылдар бойы "болашақ президент сайлауларында өзін таныта алатын бәсекеге қабілетті үміткерлер шоғырын" сол күйі қалыптастыра алмады деп санайды. Саясаткердің айтуынша, заң шығару арқылы шектеу келешек сайлауларды "легитимді емес" деп айтуға негіз болмақ.

Саясаткер Әміржан Қосанов.
Саясаткер Әміржан Қосанов.

- Азаматтық қоғамнан ұсынылуы ықтимал адамдар "Мұрагер" операциясын іске асыру жоспарына кедергі жасауы мүмкін екенін билік біліп отыр, сондықтан әлгіндей тыйым, ветолардың бәрін алдын ала даярлап қойды. Бұған қоса, ол болашақ мұрагердің бағдарламасының негізіне айнала алатын жаңа идеялар тудыра алмады, ал "елбасының ісін ары қарай жалғастырамын" деген қарапайым ұранмен алысқа ұзамайсың. Кей жағынан Қырғызстан бізге өнеге болуы тиіс – көршілердің қазіргі президенті біздегідей конституцияны өзгертіп, өкілеттік мерзімін ұзартқан жоқ, - дейді Қосанов.

Қазақстанда соңғы президент сайлауы 2015 жылы өткен. Қазақстандықтарға үш кандидаттың бірін таңдау ұсынылған еді – Нұрсұлтан Назарбаевтан бөлек, президенттікке кандидат ретінде тағы екі адам – көпшілікке белгісіз Тұрғын Сыздықов пен Әбілғазы Құсайынов (өз-өзін ұсынушы ретінде) тіркелген болатын.

Қазақстан президенті сайлауының үгіт жарнамасы. Астана, 8 сәуір 2015 жыл.
Қазақстан президенті сайлауының үгіт жарнамасы. Астана, 8 сәуір 2015 жыл.

Ол кезде Нұрсұлтан Назарбаев жұрт болжағандай әрі кезекті мәрте рекордтық жеңіске жетті – Қазақстан орталық сайлау комиссиясы дерегінше, сайлаушылардың 98 пайызға жуығы оны қолдап дауыс берген. Сыздықов - 1,6 пайыз дауыс алды, ал Құсайыновты жақтап дауыс бергендер саны бір пайызға да жетпеді.

Сайлау процесіне мониторинг жүргізген Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) бақылаушылары Қазақстан президентін мерзімінен бұрын сайлауда ой-пікір білдіру еркіндігі шектелді және шынайы таңдау болмады деп мәлімдеген. Бұған қоса, олар дауыс беру және дауыс санау кезіндегі заң бұзушылықтар мен бюллетеньдерді топтап тастау фактілері жайлы мәлімдеген.

Ерте президент сайлауындағы Нұрсұлтан Назарбаевтың жеңісін Батыс басылымдарының көбі алдын ала болжанған және "қағаз жүзіндегі жеңіс" деп атады. New York Times газеті дауыс беру кезіндегі басты интрига - кімнің жеңетіні емес, не үшін ерте сайлау өтті деген сұрақ болды деп жазған еді.

XS
SM
MD
LG