Accessibility links

"Ала-Арчада" Атамбаевқа үй салған


Алмазбек Атамбаевтың Қырғызстан президенті болып тұрған кездегі суреті. Бішкек, 6 қазан 2017 жыл
Алмазбек Атамбаевтың Қырғызстан президенті болып тұрған кездегі суреті. Бішкек, 6 қазан 2017 жыл

Қырғызстан президенті мен үкіметінің іс басқармасы "Ала-Арча" мемлекеттік резиденциясы аумағынан экс-президент Алмазбек Атамбаевтың тұруына арналған жаңа саяжай салынғанын растады.

Қырғызстан президенті мен үкіметінің іс басқармасының баспасөз хатшысы Айша Чуштукованың Азаттықтың Қырғыз қызметіне хабарлауынша, "Қырғыз Республикасы президентінің қызметіне кепілдік туралы" заңға сәйкес, "Ала-Арча" резиденциясы аумағындағы мемлекеттік саяжайлардың бірі экс-президентке өмір бойы пайдалануына беріледі.

- Резиденция аумағында бос мемлекеттік саяжай болмағандықтан, заңның бұл ережесін орындау үшін жаңа ғимарат тұрғызу туралы шешім қабылданған. №17 мемлекеттік саяжай құрылысына республикалық бюджеттен қаржы бөлінген жоқ. Іс жүзінде нысанның құны барлық ішкі-сыртқы коммуникациясын, абаттандыру мен гаражын қосқанда 89,3 миллион сомға түседі. Құрылыс-құрастыру жұмыстарына 77,8 миллион сомды Алмазбек Атамбаев демеуші ретінде өз қаржысынан бөлді. Қазір ол отбасымен осы саяжайда тұрып жатыр, - деді Айша Чуштукова.

Шенеунік саяжай құрылысына экс-президент берген сомадан өзге қаржының қайдан алынғанын ашып айтпады. Бұған дейін интернетте "Ала-Арча" мемлекеттік резиденциясы территориясында 2017 жылы Алмазбек Атамбаевқа арнап үй салынғаны туралы ақпараттар тараған. Бірақ бұл мәліметке байланысты ресми орындар тарапынан түсініктеме берілмеген.

Президент пен үкіметтің іс басқармасы өкілдерінің айтуынша, мемлекеттік резиденциясындағы өзге нысандар тәрізді Алмазбек Атамбаевтың саяжайы да жекешелендіруге жатпайтын мемлекет меншігі саналады. Нысанның жалпы көлемі 301,8 шаршы метрді құрайды.

Бұған қоса №17 мемлекеттік саяжай көлемі жағынан Қырғызстанның қазіргі президенті Сооронбай Жээнбеков тұрып жатқан "Ордо" үйінен анағұрлым шағын дейді шенеуніктер.

Қырғызстан парламентіндегі "Ата Мекен" фракциясының депутаты Каныбек Иманалиев Конституцияда мемлекет есебінен экс-президентті өмір бойы жеке автокөлік, күзет және көмекшімен қамтамасыз ету көрсетілгенімен, тұрғын жай туралы ештеңе жазылмағанын айтады.

Каныбек Иманалиев
Каныбек Иманалиев

- Құжаттарымен таныспай тұрып ол саяжай туралы бәлендей бірдеңе айту қиын. Келісімшарттар кімдердің арасында жасалғаны, ол заңға қаншалықты сәйкес келетіні туралы ештеңе білмейміз ғой. Бірақ, менің ойымша, жаңылыспасам, Конституцияда тұрғын жай туралы ештеңе жазылмаған болуы керек. Мемлекет бюджетінің шама-шарқына қарай өмір сүруіміз керек дегім келеді. Біріншіден, резиденцияда тек 3-4 жетекші ғана тұруға болады деп ойлаймын. Ал бізде қалай? Қазір "Ала-Арча" резиденциясында жоғары лауазымдылардың көбі, Бішкек мэрі, тіпті Қорғаныс істері жөніндегі мемлекеттік комитет жетекшісі де тұрып жатыр. Вице-премьерлер де сонда тұрады. Қырғызстан тәрізді шағын ел үшін бұл көп деп ойлаймын, - дейді депутат.

Каныбек Иманалиевтің сөзінше, мемлекеттік биліктегі шенеуніктерге берілетін жеңілдіктер заңға сәйкес болуы қажет. Сонымен бірге ол "Жогорку Кеңеш және президент аппараты үшін жеке-жеке іс басқармасын ұстау – ысырапшылық" деп санайды.

Әлеуметтік желілерде қырғызстандық қолданушылар "президент пен үкіметттің іс басқармасы бұл ақпаратты неге жасырып келді" деген сұрақ қойып жатыр.

Бұрынғы президент аппаратының басшысы Эмилбек Каптагаев Азаттыққа білдірген пікірінде, "Ала-Арча" мемлекеттік резиденциясы аумағынан экс-президентке саяжай салудың еш сөкеттігі жоқ деп санайтынын айтты.

Эмилбек Каптагаев
Эмилбек Каптагаев

- Мемлекеттік резиденцияда бұл экс-президенттің жаңа үйі деп бірдеңе салып жатқанын білетінмін. Сірә, сол үй салынып біткен тәрізді. Жалпы мемлекеттік резиденциядағының барлығы өткен ғасырдың 60-жылдары бір типте салынған, жылу ұстамайтын, салқын, ескі ғимараттар. Сол себепті жаңа ғимарат салу туралы шешім қабылданған болуы ықтимал. Негізі ол жерде жөндеуді қажет ететін нәрсе көп, әрине, бірақ оған мемлекетте ақша жоқ. Сондықтан ол жерде өзі тұратын болғандықтан өз қаржысын берген болар. Өз басым бұл мәселеде ешқандай үлкен проблема немесе жанжал себебін көріп тұрған жоқпын, - дейді ол.

Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев өткен жылы қарашаның 24-і күні биліктегі өкілеттігі аяқталған соң мемлекет басшылығынан кеткен. Ол президент болып тұрған кезде, 2016 жылы Бішкектің іргесіндегі Кой-Таш ауылында жаңа үй салып жатқаны мәлім болған еді. Бірақ, құрылыс салынып жатқан жер телімін, долбар бойынша, 2008 жылы экс-президент Құрманбек Бакиевтің отбасы заңсыз жекешелендіріп алып, 2010 жылғы сәуірдегі революциядан кейін ол қайтадан мемлекет иелігіне өткен. Аталған жер телімін Бішкектің қазіргі мэрі Албек Ибрагимов зайыбының атына сатып алып, ол әйел кейін жерді Алмазбек Атамбаевқа қайта сатқан болуы мүмкін деген жорамал да айтылған.

2016 жылғы желтоқсанның 1-і күні өткен баспасөз мәслихатында Алмазбек Атамбаев Кой-Таш ауылындағы көлемі 9 гектардан асатын жер телімін Бішкек мэрі Албек Ибрагимовтен "толық заңды түрде сатып алғанын" растаған.

- Мен бай адаммын. Тонаушы емеспін. Кез-келген басқа адам тәрізді өзіме үй салуға құқығым бар. Бұл жер телімін сатып алған кезде Албекке: "Кейін өкініп жүрмеуің үшін, қанша сұрасаң соншаға аламын" деп айтқанмын, - деп мәлімдеген Алмазбек Атамбаев.

ВИДЕО: Алмазбек Атамбаевтың сөзі (1 желтоқсан 2016 жыл):

Сол жолғы сөзінде Атамбаев өзі Кой-Таш ауылында оқығандықтан сол жерде үй тұрғызуды ұйғарғанын айтқан еді.

Оған дейін оппозициялық "Ата Мекен" партиясының жетекшісі Омурбек Текебаев президент Алмазбек Атамбаевты Кой-Таш ауылындағы "Дастан" зауытына тиесілі жерге үй салып жатыр деп айыптаған болатын.

(Азаттықтың Қырғыз қызметінің материалынан аударылды)

XS
SM
MD
LG