Accessibility links

ОА мен Ресей содырлары әлеуметтік желіден неге көрінбей кетті?


Әлеуметтік желіде өзін "тәжік Абдулла" деп таныстырған ИМ содырының суреті.
Әлеуметтік желіде өзін "тәжік Абдулла" деп таныстырған ИМ содырының суреті.

Сирия мен Иракта «Ислам мемлекеті» (ИМ), «Әл-Қаида» және «Талибан» сияқты содырлар ұйымдары қатарында соғысып жүрген Ресей және ОА елдері азаматтары «Одноклассники» мен «ВКонтакте» желілерінен көрінбей кетті.

Бірнеше ай бұрын бұл сайттар содырлардың үгіт-насихаты мен іс-әрекеті жайлы деректерге толы болатын. Қазір олардың көбіне тыйым салынған, кейбірі жабылған, енді бір аккаунттар «үнсіз» тұр.

Содырлар қайда кеткен? «ВКонтакте» сияқты желілерде олардың парақшаларын үнемі өшіріп тастайтын және «құқық қорғау органдары қатарға жаңадан қосылғандарды бақылауды күшейтеді» деген қауіп те содырлар белсенділігін азайтса керек.

Кейбір содырлар қауіпсіздік мақсатында аккаунттарын өздері жоюы да мүмкін. Екіншіден, олардың қатарының әлеуметтік желіде сиреуіне қаза тауып жатулары да әсер етуі ықтимал. Одан бөлек, содырлардың жаңадан шыққан және біршама қауіпсіз Telegram мессенджер қызметіне ауысқаны байқалады.

TELEGRAM-ҒА АУЫСУ

Соңғы айларда «Ислам мемлекеті» (ИМ) содырлар ұйымы өзінің үгіт-насихаты мен жаңа мүшелер тарту жолындағы әрекеттерінің бір бөлігін Telegram хабар алмасу қосымшасына көшірді.

Жақында ИМ, «Талибан», «Әл-Қаида» мен соларға қарайтын қарулы террористік топтардың ресейлік және орталықазиялық содырлары да Telegram аккаунттарын ашты.

Қазір Telegram қосымшасында ИМ содырларының орыс тіліндегі кем дегенде төрт ресми немесе бейресми жаңалықтар аккаунты бар. Олар – IS News, ShamToday, Furat Media және Voenkorr. Осы аптада Twitter бетінде IS News ИМ-нің орыс тіліндегі Telegram парақшасы ретінде таныстырылды.

Сириядағы орталықазиялық содырлар Хамдағы соғыс алдында жетекшілерінің уағызын тыңдап отыр. Әлеуметтік желіден алынған.
Сириядағы орталықазиялық содырлар Хамдағы соғыс алдында жетекшілерінің уағызын тыңдап отыр. Әлеуметтік желіден алынған.

ShamToday аккаунты қыркүйектің 23-і күні ашылды, қазір небәрі 21 мүшесі бар. Furat Media кез келген хабарды тарата береді, өте жаңа bot (компьютерлік бағдарлама – ред.) тәрізді.

Furat жаздан бері ИМ-нің орыс тілді насихат арнасы міндетін атқарып келеді, оған Facebook және Twitter желілері бірнеше рет тыйым салды, «ВКонтакте» сайтында да көп тұрақтай алмады.

Постсоветтік елдердің азаматтарынан құрылған содырлардың басқа топтары да кейінгі уақыттары Telegram мессенджерін қолдануға тырысып жатыр. «Әл-Қаиданың» сириялық филиалына қосылған «Таухид уәл Жиход» атты өзбек «жиһадшылары» тобы да Telegram-да аккаунт ашып, қолданушыларға хабар тарата бастады. Талибанға қарайтын «Имам Бұхари жамағаты» тобы да жеке аккаунтын ашты.

Ресей және Орталық Азия (ОА) елдерінен шыққан содырлардың насихат жасауға Telegram қосымшасын таңдауының бірнеше себебі бар. Ең бастысы – қауіпсіздік. Telegram екі тараптың «құпия чаттар» жасауына мүмкіндік береді, солайша содыр уағызына қызығушылық танытқан жаңа адамдармен немесе донормен (демеушімен – ред.) құпия сөйлесе алады.

«Әл-Қаиданың» сириялық филиалы «әл-Нусра майданы» тобының насихатшысы және ұйым атынан ақпарат жариялаушы Әбу Рофик осы аптада «топ қатарына қосылғысы келетіндер Telegram арқылы байланыса алады» деген хабар таратты. «ВКонтактедегі» аккаунттары жабылған содырларға да Telegram тартымды болып тұр.

Хабар алмасу қызметі Telegram чаттары мен топ чаттарын өшіру туралы өтініштерді орындай алмаймыз, «қатысушылардың жеке аумағына тиіспейміз» дейді. Демек, Әбу Рофик тәрізді үгітшілердің жеке аккаунттарына тыйым салынбайды, бірақ Telegram «террорлық bot -тар» туралы (мысалы ИМ-ге қатысты) шағымдар алған кезде көпшілікке жарияланатын парақтарды жабу туралы шағымдарды қарастыратынын айтады.

ӘСКЕРИЛЕРДІҢ КӨПТЕП ОПАТ БОЛУЫ

«ВКонтакте» және «Одноклассники» әлеуметтік желілеріндегі содырлар белсенділігі бәсеңдеуінің бір себебі соңғы айларда олардың арасында адам шығынының көбеюі болуы да мүмкін.

Азаттықтың Тәжік қызметінің жазуынша, тәжік содырлары арасында әлеуметтік желідегі насихат саябырсып қалған. Ал осы аптада тәжік содырлары әлеуметтік желіден мүлде көрінбей кетті. Тәжік билігінің пікірінше, оған экстремистік топтардағы тәжіктердің көптеп қаза тапқаны және қазіргі ортасынан көңілі қалып, елге оралуға тырысқан содырлардың көбейгені себеп болған. Құқық қорғау органдарына жақын дереккөз осындай болжам айтады. Ал аты-жөнін жасыруды сұраған тағы бір дереккөз Сирия мен Иракта 300 тәжіктің опат болғанын, тек 200 адам қалғанын айтады.

Оның айтуынша, Сирияға кеткен адамдардың 20-дан астам ата-аналары Түркиямен шекарада жүрген балаларын қайтаруды сұраған. Бұл сандарды нақтылап анықтау қиын. Тәжікстан ішкі істер министрлігі Сирияға «жалпы саны 500 адам кетті» деген ақпарат таратқан еді. ИМ қаза тапқан содырларының санын жарияламайды, сондықтан қай ұлттан қанша адам өлгенін анықтау мүмкін емес.

ИМ-мен соғысып жатқан Ирак жасақтары. Байжи, 19 қазан 2015 жыл.
ИМ-мен соғысып жатқан Ирак жасақтары. Байжи, 19 қазан 2015 жыл.

Бірақ соңғы айда ИМ жасағы, соның ішінде орыс тілді және Орталық Азия елдері азаматтарының Ирактағы Байжи қаласына шабуылы кезінде көптеп қаза тапқаны белгілі.

Жаз бойы және күздің басында орыс тілді әлеуметтік желілерде жарияланған «қазанамаларға» қарап, ИМ қатарына жаңадан қосылғандардың көбі Байжи соғысында «зеңбіректерге жем болғанын» байқаймыз.

Сириядағы ИМ-ге қатысы жоқ дереккөздер «Байжи шабуылын шешен командирі Умар Шишани басқарды» дейді, тәжірибесіз содырларды соғысқа айдаған сол тәрізді.

Ирак өткен айда «ИМ жасағын Байжиден шығардық, сол кезде 365 адамның мәйіті жерленген 19 моланы таптық» деген ақпарат таратқан еді. Бірақ опат болғандардың онда қашан жерленгені белгісіз.

Кейбір ИМ содырлары «ВКонтакте» немесе «Одноклассники» жазбаларын «Ресей немесе АҚШ әуе шабуылына ұшырап қалмайық, ұялы телефон нөмірі арқылы жүрген жерлерімізді біліп қалмасын» деп әдейі өшіруі мүмкін.

Умар Шишани сияқты (бірнеше айдан бері суретке түспеді) ИМ командирлері содырларға аккаунттарын өшіру туралы бұйрық беруі мүмкін. Сәуір айында шешендерден құралған «Әл-Ақса» бригадасындағы ИМ содыры «ВКонтакте» желісінде тұрған жерін көрсету қызметін өшіруді ұмытып кетіп, Ракка провинциясының Мугла Кабир жаттығу лагерінде отырғанын көрсетіп қойған еді.

Йоанна Паражчуктің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG