Accessibility links

ОМОН басшысының қайда кеткені әлі жұмбақ


Тәжікстанда 2015 жылы сәуір айында жоғалып кеткен ОМОН командирі Гулмурод Халимов.
Тәжікстанда 2015 жылы сәуір айында жоғалып кеткен ОМОН командирі Гулмурод Халимов.

Тәжікстанда ұшты-күйлі жоғалған ОМОН командирінің қайда екені белгісіз қалып отыр. Соңғы уақытта баспасөзде «жалған төлқұжатпен Түркияда ұсталған ол еліне қайтарылған» деген сөз шықты.

Тәжікстан ішкі істер министрлігіне қарайтын милицияның ерекше мақсаттағы топ (ОМОН) басшысының із-түзсіз жоғалып кетуі жұмбақ күйінде қалып отыр. Түркия баспасөзі «Сирияға өтпек болған тәжік командирі жалған құжаттармен қолға түсіп, Тәжікстанға экстрадицияланды» деп хабарлады. Бірақ, Душанбе оның елге қайтқанын жоққа шығарып отыр. Әйткенмен, ОМОН командирінің «Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік тобымен байланысы бар-жоғын тексеріп жатқандарын мойындайды.

ХАБАРСЫЗ КЕТУ

Тәжікстандағы өте ықпалды қарулы арнайы топ – ОМОН командирі Гулмурод Халимов өткен айда жоғалып кеткен. Сәуірдің 23-і күні әйеліне «жұмыс бабымен үш күнге кетіп барамын» деп кеткен полковниктен содан бері хабар болмаған.

«Халимов тәжік жігіттерін ИМ қатарына қосылуға үгіттеп, солардан арнайы топ құрып, ИМ-ге қосылуға аттанды» деген сыбыстар да тарады. Оған қоса, осы аптада Түркия баспасөз құралдары «тәжікстандық полковник жалған құжатпен Сирияға өтпек болған жерінен қолға түсіп, экстрадиция жасалды» деп жазды.

Тәжікстан бас прокуроры Юсуф Рахмонов.
Тәжікстан бас прокуроры Юсуф Рахмонов.

Тәжікстан бас прокуроры Юсуф Рахмонов мамырдың 20-сы күні журналистерге Гулмурод Халимовке қатысты «ақпаратты тексереміз» деп мәлімдеді. Ал елдің ішкі істер министрі Рамазан Рахимзодо тергеу жұмыстары жүріп жатқанын, оның нәтижесін апта соңында жариялайтынын айтты. Бірақ ол «Халимов тұтқындалып, елге қайтарылған» деген деректі растамады.

«Халимов ИМ тобына қосылмақ болған ба?» деген журналистердің сұрағына министр Рахимзодо «бұл жайында кейін сөйлесеміз» деп жауап берген. Халимовтың інісі Назир осы айдың басында Азаттықтың Тәжік қызметіне үйден кеткеннен бері ешкімге хабарласпаған, сегіз баланың әкесі, 40 жастағы Гулмурод Халимовтің тағдырына «отбасының қатты алаңдап отырғанын» айтқан еді. Назир Халимовтың айтуынша, бауырының ұялы байланыс телефоны өшіп тұр, әлеуметтік желідегі парақшасы жаңармаған. Үйден кеткенде ол әйеліне 200 АҚШ доллары шамасында ақша берген, әдетте іссапарға кетерде үй-ішіне одан көбірек қаржы қалдырады екен.

ИМ ТОБЫМЕН БАЙЛАНЫС ЖАЙЛЫ ДОЛБАР

Тәжікстан ақпарат құралдары аталмаған дереккөздерге сілтеме жасап, Гулмурод Халимовтың Душанбеден мамырдың 1-і күні оншақты ер адаммен бірге аттанғаны туралы хабарлаған. Келесі күні оларды Мәскеудің Шереметьево әуежайында көріпті-мыс деген ақпарат тарады.

Гулмурод Халимовтың туыстары «полковник ИМ тобына қосылу үшін Сирияға кетті» деген сөзді үзілді-кесілді қабылдамайды. Олар «Халимов әлеуметтік желіден ИМ тобының идеологиясы мен әскери әлеуеті жайлы ақпарат жинаған» деген деректі де «мағынасыз бос сөзге» жатқызады.

Тәжікстандағы ықпалды қарулы арнайы топ – ОМОН командирі Гулмурод Халимовтың қайда екені жұмбақ күйінде қалып отыр.
Тәжікстандағы ықпалды қарулы арнайы топ – ОМОН командирі Гулмурод Халимовтың қайда екені жұмбақ күйінде қалып отыр.

Тәжік баспасөзі аты-жөнін атамаған әлдекімдердің сөзіне сүйеніп, Гулмурод Халимовтың соңғы айларда «ИМ белсенділерінің іс-әрекетіне қызығушылық танытқаны» жайлы хабарлады. «Азия-Плюс» жаңалықтар агенттігі Халимовтың аты-жөнін атамаған «досының» сөзін келтіріп, «ол әсіредіншілдердің фанатына айналып, достары мен таныстары арасында террорлық топтың идеясын насихаттаған» деген ақпарат таратты.

Бірақ Халимовтың інісі ағасын жеке кәсіппен айналысып, құс фермасы мен фитнес-орталық ашқалы жүрген шаруақор адам ретінде сипаттайды. Мамандығы заңгер Гулмурод Халимов 2012 жылы ОМОН басшысы болып тағайындалған.

Мақаланы ағылшыннан аударған – Динара Әлімжан.

XS
SM
MD
LG