Accessibility links

Ұлдары «Сирияға кеткен» ананың көз жасы


Тәжікстан тұрғыны Сабзамох Миралиева.
Тәжікстан тұрғыны Сабзамох Миралиева.

Тәжікстан тұрғыны Сабзамох Миралиеваның үлкен баласы Сирияда жоғалып кеткен, ал кіші ұлын билік Сирияға кетіп бара жатқанда ұстаған.

Тәжікстанның Хатлон облысы Шамсиддин Шохин ауданындағы Ходжагалтон қышлағының 52 жастағы тұрғыны Сабзамох Миралиева өміріндегі ең ауыр кезеңді басынан өткеріп жатыр. Сабзамохтың үлкен баласы Сирияда жоғалып кеткен, ал кіші ұлын билік Сирияға бара жатқан жолда қолға түсірген. Сабзамох пен күйеуі Шамсимадтың өсіріп жеткізген екі баласы да исламшылдар арбауына түсіп қалған.

Балалары Сирияға кетіп қалған немесе Таяу Шығысқа бара жатқан жолда ұсталған әрі бұған әлі сенбейтін өзге ондаған әйел тәрізді Сабзамох Миралиева да мұның бәрі түсі емес, өңі екеніне, басына мұндай ауыртпалық түскеніне сенгісі келмейді.

Сирияға аттанғандардың аналарының әңгімелері бір-бірінен аумайды. Сабзамох Миралиевадан кейінгі екі жылда болған оқиғалар жайлы айтып беруін сұрағанымызда, ол жылап жіберді.

«Несін айтайын, өмірім бұрын жұрттан ғана естіген ертегіге айналып кетті ғой. Бір-бірімен тетелес екі балам бар еді – Амрияздон 1990 жылы, ал Алимардон 1992 жылы туды. Барым да, нарым да екеуі болатын, қазір өмірімнің мәні қалмады» дейді ол.

Сабзамох Миралиева.
Сабзамох Миралиева.

Сабзамох Миралиеваның үлкен баласы Амрияздон Назаров 2008 жылы мектеп бітіріп, Тәжікстан қаржы университетінің ақылы бөліміне оқуға түскен. Оқуына төлейтін қаржы табу үшін Ресейге кетіп, маусымдық жұмысқа жалданып, ақшамен оралып жүрген. Бірақ кейін сырттай бөлімге ауысып, біржола еңбек мигрантына айналған.

Ол 2014 жылдың басында әке-шешесіне хабарласып, «жұмыс істеу үшін Германияға кетіп бара жатқанын» айтқан. Бірақ 2014 жылдың 10 қыркүйегінде Сабзамохтың үйіне ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері келіп, «балаңыз Амрияздон Сирияда жүргені анықталды» деп хабарлаған.

Амрияздон Назаров.
Амрияздон Назаров.

Сабзамохтың айтуынша, ұлы 2015 жылдың желтоқсанына дейін телефон соғып тұрған, бірақ сол кезден бастап хабарласуды тоқтатқан. Ал Куляб университетін бітірген екінші ұлы Алимардон Назаров 2015 жылдың маусымында Истаравшанда ұсталған. Биліктің мәлімдеуінше, ол исламшылдарға қосылу үшін Сирияға кетпек болған. Былтыр желтоқсанда Соғда облыстық соты Алимардон Назаровты «Жалдану» бабы бойынша айыптап, 10 жылға соттаған.

Сабзамохтың «тағдырдың жазғанына не шара» деген сөзі үкім сияқты естіледі. Сабзамох кіші ұлының жазықсыз екеніне, ал үлкен ұлының Германияда жүргеніне кәміл сенеді әрі жұрттың бәрі сенсе екен деп ойлайды. Тәжікстанның экономикалық қиындықтан құтылғысы келген жүздеген азаматтары сияқты Сабзамохтың үлкен баласы да «Ислам мемлекеті» экстремистік тобы үгітшілерінің арбауына түсіп қалған тәрізді.

Алимардон Соғда облысындағы түрмелердің бірінде жазасын өтеп жатыр.
Алимардон Соғда облысындағы түрмелердің бірінде жазасын өтеп жатыр.

Ирак немесе Сирияда олардың қаншасы қаза тауып немесе хабарсыз кеткені белгісіз.

Сабзамохтың ері Шамсимад Назаров «ұлдарымның тағдыры жайлы көп ойланамын, екеуі мына жолға неге түсті, өмірлерін неге қор етті, әке-шешесін жұрттың сөзіне қалдырып әрі жападан жалғыз неге тастап кетті?» дейді. «Жаратқан ием адам баласын түзу жолға салса екен» дейді жерге кетпенін күшпен қадаған ол.

Шамсимад Назаров.
Шамсимад Назаров.

Ағайынды жігіттердің әке-шешесі – жұмыссыз әрі зейнетақы алмайды. Үлкен баласы Сирияға кетіп, ал кіші ұлдары Таяу Шығысқа бара жатқан жолда ұсталғаннан кейін екеуі мемлекеттік органдарды жағалап, әлдебір әлеуметтік жәрдемақы сұраудан қаймығатын сияқты. Екеуі жұрттың сұраулы көздеріне қараудан қашады, тіпті көршілерінің үйіне де кірмейді.

Шамсимад көктемде тау-тасты кезіп емдік шөптер жинап, сатады, ал қыста ауылдастарының ұсақ-түйек шаруасына жалданады. Ерлі-зайыптылардың алма, алмұрт өсетін шағын құнарлы жері бар.

Мақала кейіпкерлері Сабзамох пен Шамсимад енді ақша жинап, Соғда облысындағы колониялардың бірінде жазасын өтеп жатқан баласы Алимардон Назаровпен кездесуге аттанбақ.

(Азаттықтың Тәжік қызметінің мақаласы негізінде әзірленді.)

XS
SM
MD
LG