Accessibility links

Үйленетіндерге неке келісім-шартын міндеттеуді ұсынады


Тәжікстандық жас жұбайлар дәстүр бойынша некеге отыру жоралғысын жасап тұр. (Көрнекі сурет.)
Тәжікстандық жас жұбайлар дәстүр бойынша некеге отыру жоралғысын жасап тұр. (Көрнекі сурет.)

Тәжікстанда үйленетін жұптарды неке келісім-шартына отыруды міндеттейтін заң жобасы қаралып жатыр. Ол елде жыл өткен сайын көбейіп отырған ажырасудан зардап шегетін әйелдерді қорғауға бағытталған.

Тәжікстанда неке туралы заңға жаңадан үйленетін жұптарды неке келісім-шартына отыруды міндеттейтін өзгеріс енгізу ұсынылды. Парламент қарауындағы заң жобасын қолдаушылар мұны елде көбейіп отырған ажырасуды тоқтатудың бір амалы деп қарастырады. "Тәжік халқы ондай шарт жасауға дайын емес" деп санайтындар да аз емес.

АЖЫРАСУ ЗАРДАБЫН ӘЙЕЛ ТАРТАДЫ

Халқының басым бөлігін мұсылмандар құрайтын, үкіметі зайырлы саналатын Тәжікстанда мемлекеттік әйелдер комитеті ұсынған заң жобасының негізгі мақсаты – ажырасудан соң әйелді қаржылық тұрғыдан қамтамасыз ету. Сонымен бірге ерлердің де құқығы сақталады дейді жоба авторлары.

Тәжікстан мемлекеттік статистика комитетінің дерегі бойынша 2016 жылы елде 9 мың жұп ажырасқан, бұл 2015 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 4,4 пайызға көп. Көп жағдайда ажырасудан кейін ауыртпашылық әйелге түседі, олар баспанасыз, табыссыз қалады. Тәжікстанда жас жұбайлар негізінен жігіттің ата-анасымен бірге тұрады, егер келіннің түскен жері ауқатты болса күйеу жігіттің ата-анасы сыйға тартқан және соның атына тіркелген жеке үйде тұрады.

Тәжікстанда отбасына жаңа түскен келінді үйге әкеле жатыр. (Көрнекі сурет.)
Тәжікстанда отбасына жаңа түскен келінді үйге әкеле жатыр. (Көрнекі сурет.)

Отбасы істері жөніндегі сот әдетте ажырасқан ер адамды балаларына алимент пен жәрдемақы төлеуге міндеттейді, бірақ ондай төлемге ешкім кепілдік бере алмайды. Көбі Ресейде және басқа елдерде еңбек мигранты ретінде жұмыс істейтін тәжік жігіттері қанша ақша табатынын көрсетпейтіндіктен сот олардың нақты кірісін есептей алмайды.

Тәжікстанда неке келісім-шартына отыруға міндеттеу алғаш рет 2010 жылы жезөкшелікпен күрес ретінде көтерілген. 2015 жылы 23 жастағы әйелді бұрынғы қайын атасы баспана үшін бауыздап өлтіргенде бұл мәселе тағы қозғалған. Басқа барар жері жоқ әйел ажырасып кетсе де бұрынғы күйеуінің Кулябтағы үйінде тұрған. Отбасы соты әйел мен оның екі баласын бұрынғы үйде қалдырғанына қатты ашуланған қайын атасы ақыр соңында әйелді өлтірген.

Тәжікстан 2011 жылы тәжіктер мен шетел азаматтары үйленсе неке келісім-шартына отыруы керек деген заң қабылдады. Заңда ерлі-зайыптылар ажырасқан күнде балаларының және тәжік азаматының тұрғын үйге құқығы көрсетілген.

Тәжік жастары үйленер алдында неке келісім-шартына өте сирек отырады: соңғы жылдары ондай 3-4 оқиға ғана тіркелген, оның өзінде неке келісім-шартын екінші рет тұрмысқа шыққан әйелдер жасасқан. Әйелдер алғашқы некеден ажырасқаннан кейін қаржыдан қиындық көргендерін айтқан.

Неке келісім-шартына отыру идеясы әйелдер құқығын қорғауды көздесе де, күйеу жігіттер қапаланбағаны жөн дейді жоба авторлары. Парламент депутаты және мемлекеттік әйелдер комитетінің бұрынғы жетекшісі Харинисо Юсуфи Азаттық радиосына сұхбатында "неке келісім-шартында күйеуінің де, әйелінің де мүддесі қамтылған" деп сендіреді.

Парламенттегі отбасын қорғау комитеті неке келісім-шартын билік жаза ма, әлде билік орнатқан қағидалар аясында үйленуші жастар жаза ма деген мәселенің басы әлі ашық қалып отырғанын айтады.

"ЗАҢСЫЗ ҮЙЛЕНУШІЛЕР КӨБЕЙЕДІ"

Тәжікстан әділет министрі Рустам Шохмурод мұндай заңды іс жүзінде орындау қиын болады деп санайды. Қаңтардың 25-і күні журналистер алдында сөйлеген министр "осындай шектеуден кейін адамдар некені ресми түрде тіркеуден қашатын болады" деп ескертті.

Әдетте тәжік жастары неке қию үшін АХАЖ бөлімшесіне барады, оған қоса ислам дінінің талабына сай неке қию рәсімін орындайды. Бірақ кейбір жұптар ресми тіркелмей-ақ молдаға неке қидырумен шектеледі. Тәжікстан заңы бойынша молда қиған некенің ресми күші жоқ. Шаңырақ көтеретін жастар алдымен азаматтық неке куәлігін алуы керек, сонда полигамия мен балаларға үйленудің алдын алуға болады дейді билік өкілдері.

Жас жұбайлардың төсек-орын жасауын түгендеп қарап жатқан әйелдер. (Көрнекі сурет.)
Жас жұбайлардың төсек-орын жасауын түгендеп қарап жатқан әйелдер. (Көрнекі сурет.)

Неке келісім-шартына мәжбүрлі түрде отырғызу бейресми некенің көбеюіне әкеледі деп қауіптенген депутаттар оған қарсы тағы бір заң жобасын дайындап отыр. Дін істері жөніндегі мемлекеттік комитет дайындаған заң жобасы тек мемлекет тағайындаған мешіт имамдары ислам діні бойынша неке қия алады дейді. Қазіргі кезде кез келген молда немесе дін қайраткері азғантай төлемге неке қию рәсімін атқара береді, ол үшін неке туралы куәлікті талап етпейді.

Әлеуметтік мәселелер жөніндегі тәжік сарапшысы Жовид Жураев биліктің әйелдерді қолдауға арналған әрекетін құптайды. Ол "бастапқыда қиындықтар көп болатынына қарамастан неке келісім-шартына отыруға міндеттеу қажет" деп біледі.

- Әрине, неке келісім-шарты біздің дәстүріміз бен менталитетімізге жат. Бірақ оны қолданбасақ әйелдердің қазіргідей жағдайы ешқашан өзгермейді, - дейді Жураев.

Ол неке шартын жасауға мәжбүрлеу адамдарды отбасын сақтауға ынталандырады, ер адамдар ажырасқысы келсе қаржылық мәселе туатынын білгендіктен ойынан айниды деп санайды.

XS
SM
MD
LG